Әзербайжан Каспийдің тартылуына Ресейді айыптады

Әзербайжан Каспийдің тартылуына Ресейді айыптады. Экология вице-министрі Рауф Гаджиевтің айтуынша, соңғы бес жылда су шамамен 1 метрге азайған, ал соңғы 30 жылда 2,5 метрге дейін төмендеген.
Әзербайжан тарапы мұны Волга өзеніне Ресей тұрғызған бөгеттермен байланыстырады. Өйткені Каспийге құятын судың 80%-ын дәл осы өзен береді. Су азаюы мұнай тасымалына, порт жұмысына, кеме қатынасына және экожүйеге ауыр соққы болып отыр. Қазірдің өзінде Баку портында ірі кемелердің қозғалысы қиындап, мұнай тасымалы азайған. Жағалаудағы бекіре балығы мен итбалықтардың да көбею орындары қысқарып, олардың жойылу қаупі күшейген.
Баку бұл мәселені шешу үшін Ресеймен бірлескен жұмыс тобын құрып, қыркүйекте арнайы бағдарлама қабылдауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, кейінгі уақытта Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай салқындап кетті. Бұған ең алдымен Әзербайжан ұшағының апатқа ұшырауы түрткі болды. Осы оқиғадан соң екі тарап та бір-бірін ашық айыптай бастады.
Көп ұзамай екі елде бір-бірінің азаматтарын ұстау жағдайлары тіркеліп, мәселе саяси реңк ала түсті. Ресейде әзербайжандықтар тексеріске жиі іліге бастаса, Бакуде ресейліктерге қатысты шаралар қатаңдай түсті.
Ахуалды ушықтырған тағы бір оқиға – Әзербайжан билігінің ел астанасында орналасқан «Русский дом» мәдени орталығын жабу туралы шешімі болды. Бұл шешім Мәскеуде қатты сынға алынып, екі ел арасындағы сенім дағдарысын тереңдетті.