Әзербайжан кинотеатрлары орыс тіліндегі фильмдерді көрсетуді шектей бастады

Әзербайжанда кинотеатрлардағы орыс тіліндегі фильмдер үлесі күрт қысқарды. Егер бұған дейін мұндай көрсетілімдердің көлемі 70 пайызға дейін жетсе, қазір ол 30 пайызға дейін азайған.
Бұл туралы Minval басылымы хабарлады.
Түрік тілі басымдыққа шықты
Жаңа кестеге сәйкес, 13 фильмнің тек төртеуі ғана орыс тілінде көрсетілсе, қалғаны түрік тілінде көрсетілген. Бұған дейін жағдай керісінше болған еді. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім қисынды, себебі Әзербайжан халқының басым көпшілігі орыс тілін білмейді, ал түрік тілін жақсы түсінеді. Сондықтан түрік тіліндегі сеанстар кинотеатрларға көрермен санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Әзербайжанда орыс тілі мемлекеттік немесе өңірлік деңгейде ресми мәртебеге ие емес. Елде 10 миллионнан астам халық тұрады, олардың қаншасы орыс тілінде сөйлейтіні нақты белгісіз. Президент Ильхам Әлиев 2024 жылғы тамызда елде орыс тілінде білім беретін 324 мектеп бар екенін, онда 160 мыңға жуық оқушы оқитынын айтқан. Сондай-ақ тағы 800 мыңнан астам бала орыс тілін шет тілі ретінде меңгеріп жүр.
Баку мен Мәскеу арасындағы шиеленіс
Кинотеатрлардың бұл шешімі Әзербайжан мен Ресей арасындағы қатынастардың нашарлауымен байланысты.
-
2024 жылдың желтоқсанында Грозный үстінде Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы атып түсіріліп, Қазақстан аумағында құлаған. Апаттан 38 адам қаза тапты. Әлиев Ресейден кінәні мойындауды талап етті. Алайда Мәскеу тергеу аяқталмағанын айтып, қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Бұл Әлиевтің қатқыл реакциясына түрткі болып, ол халықаралық сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
-
2025 жылдың жазында Екатеринбургте 10-нан астам әзербайжандық азамат бұрынғы қылмыстарға байланысты ұсталған. Олардың екеуі – Зияддин және Хусейн Сафаровтар қаза тапты. Әлиев ресейлік құқық қорғау органдарын оларды қинап өлтірді деп айыптап, кейін өлімін «жүрек талмасынан болды» деп жалған түсіндірді деп сынға алды.
Бұған жауап ретінде Баку ресейліктерді ұстауды бастап, Мәскеумен бірқатар бағыттағы ынтымақтастықты тоқтатты. Осыдан кейін Кремль пропагандашы Владимир Соловьевтің аузымен Әзербайжанға «жаңа арнайы әскери операция» ұйымдастырумен қоқан-лоқы жасады. Әлиев болса, елдің соғысқа дайын екенін мәлімдеп, Әзербайжанның КСРО құрамындағы тарихын «оккупация» деп атады.
Әзербайжан кинотеатрларындағы бұл өзгеріс Баку мен Мәскеу арасындағы саяси шиеленістің мәдени салаға да әсер ете бастағанын көрсетеді.