Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:55

Әзербайжан мен Армения соғысты аяқтады – Әлиев

Әлиев
Фото: из открытых источников

Әзербайжан мен Армения соғыс кезеңін аяқтау туралы ортақ шешім қабылдады.

 Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясындағы панельдік пікірталаста мәлімдеді. Бұл жөнінде Report агенттігі хабарлады.

Әлиевтің айтуынша, соғыстың жалғасуы өте ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.

«Меніңше, бәрі өз қолымызда. Барлығы күн тәртібіне, болашаққа деген көзқарасқа, стратегиялық пайымға байланысты. Армениямен бейбітшілік тақырыбына және оған дейінгі 30 жылдық қақтығысқа оралсақ, біз мемлекет әрі ұлт ретінде аса ауыр кезеңді бастан өткердік. Аумақтардың жоғалуы, бір миллионға жуық босқын мен қоныс аударған азаматтар. Бірақ біз үміттен айырылмадық, әділеттілікті, халықаралық құқықты және егемендігімізді қалпына келтіруге деген батылдық пен табандылықты жоғалтпадық», - деді ол.

Президент Әзербайжанға әділеттілікті қалпына келтіру үшін 30 жыл уақыт қажет болғанын атап өтті.

Оның сөзінше, осы уақыт аралығында халықаралық институттардың ұстанымы айтарлықтай өзгермеген, ал Әзербайжанның өзі өзгерген.

«Біреулер келіп, мәселелерімізді шешіп береді деген сенімнен бас тарттық. Халықаралық делдалдыққа артқан барлық үмітіміз күйреді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі армян әскерін біздің аумақтан шығару туралы төрт резолюция қабылдады, бірақ олардың барлығы қағаз жүзінде қалды. ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар көптеген құжат қабылдады, алайда жағдайды өз қолымызға алмайынша, олардың ешқайсысы орындалмады. Әділеттілікті, халықаралық құқықты, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қалпына келтірдік, содан кейін ғана бейбітшілікке қол жеткіздік», - деді Әлиев.

Сонымен қатар, ол қақтығысты уақытында тоқтату аса жауапты әрі маңызды шешім болғанын атап өтті.

«Мен сіздермен және аудиториямен ашық сөйлегім келеді. Біз соғысты жалғастыра алатын едік, бірақ бұл шексіз соғыстарға, одан да көп қасірет пен жаңа құрбандарға әкелетін еді. Онда соғыс ешқашан аяқталмас еді. Оны біреу тоқтатуы керек болды. Біз тоқтау туралы шешім қабылдадық. Иә, бұл Армения мен Әзербайжан басшылығының ортақ шешімі, бейбітшілік мүмкіндіктерін пайдалану», - деді Ильхам Әлиев.