Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев Украинға көмек ретінде 2 миллион доллар бөлді

Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев өз резервтік қорынан 2 миллион доллар бөлуді көздейтін жарлыққа қол қойды. Бұл қаражат Украинаға гуманитарлық көмек ретінде электр жабдықтарын сатып алып жеткізуге бағытталмақ.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қаржыны бөлу туралы шешім екі ел арасындағы 2000 жылғы «Достық, ынтымақтастық және серіктестік» туралы келісім мен 2022 жылғы бірлескен декларациялар негізінде қабылданған. Қаражат 2025 жылғы мемлекеттік бюджетке енгізілген президенттің резервтік қорынан қарастырылып, оның мақсатты жұмсалуын Әзербайжан Қаржы министрлігі қамтамасыз етеді, ал Үкімет Кабинеті техникалық орындалу мәселелерін үйлестіреді.
Бұл қадам 10 тамызда Ильхам Алиев пен Владимир Зеленскийдің телефон арқылы сөйлесуінен кейін жүзеге асты. Әңгіме барысында тараптар Ресейдің SOCAR мұнай базасы мен газ компрессор станциясына бағытталған шабуылдарын айыптап, энергетика саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Украина жағы Әзербайжанға осындай тұрақты гуманитарлық қолдау үшін алғысын білдірді. Жоғарғы Рада төрағасының орынбасары Олена Кондратюк әлеуметтік желідегі жазбасында: «Біз Әзербайжанға Украинаны гуманитарлық қолдауымен тұрақты түрде қамтамасыз етіп келе жатқаны үшін ризамыз» деп атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, бұл көмек Украина энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге және екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам саналады.