Әзербайжан Ресейден екі азаматтың өліміне байланысты тергеу талап етті

Баку Мәскеуден «күш қолданғаны» үшін жауап беруді сұрап отыр.
2025 жылғы 27 маусымда Ресей қауіпсіздік күштері Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың тұратын және жұмыс істейтін орындарында ауқымды рейд жүргізді. Операция барысында 50-ден астам адам ұсталды, ал ағайынды Зияддин мен Хұсейін Сафаров қаза тапты.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына ресми наразылық білдіріп, бұл оқиғаны «қабылдауға болмайтын зорлық-зомбылық» деп атады. Министрлік Мәскеуден оқиғаны мұқият және әділ тергеуді, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Ресейдің ресми түсіндіруінше, рейд бұрын жасалған қылмыстарды тергеу аясында жүргізілген. Оны Свердлов облысы бойынша Тергеу комитетінің бөлімшесі жүргізді. Ресей ІІМ «тергеу мүддесі үшін» операцияның егжей-тегжейін ашпаған.
E1.ru порталының дерегінше, басты эпизод 2001 жылы мамырда Юнис Пашаевтің өлімімен байланысты. Ол «Каспий» кафесінің жанында пышақталып өлтірілген. Қылмыс жасалды деген күдікпен дәл осы кафенің иелері — ағайынды Сафаровтар аталған. Пашаев көз жұмбай тұрып, олардың есімдерін атаған. Алайда сол кезде Сафаровтарды жауапқа тарту мүмкін болмаған. 24 жыл өткен соң, ағайындылар бұл істі жабылды деп санаған.
Сафаровтар отбасының таныстарының айтуынша, ұсталған сәтте ағайындылар өздерін нашар сезінгенін айтқан. Кейін олар ауруханаға жатқызылған. «Айтуларынша, бірінің жүрегі сыр беріп, оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Екіншісінде де дәл сондай жағдай. Қазір мәйіттерге сараптама жасалып жатыр, нәтижесін күтеміз», — деді туыстарының бірі.
Марқұмдардың інісі, журналист Сайфаддин Хусейнили ағайындылардың азаптау салдарынан қайтыс болғанын айтады.
«Олар бұл жағдайды қылмыстық кикілжің ретінде көрсетуге тырысуда. Жүрек талмасынан қайтыс болды деген жалған ақпарат таратылып жатыр. Ресей түрлі сылтаумен мәйіттерді беруді кешіктіруде», — деді ол.
28 маусым күні Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарының өліміне байланысты алаңдаушылық білдіріп, Ресейден дереу әділ тергеу жүргізуді және кінәлілерді жазалауды талап етті. Сол күні Баку қаласындағы Ресей елшілігінің уақытша сенімді өкілі Пётр Волоков министрлікке шақырылып, ресми наразылық нотасы тапсырылды. Әзербайжан тарапының мәлімдеуінше, рейд кезінде «екі әзербайжандық қатігездікпен өлтірілген, бірнеше адам ауыр жарақат алған, тағы тоғыз адам тұтқындалған».
Айта кету керек, Сафаровтарға тиесілі даулы «Каспий» кафесі қылмыстық әлемде атышулы орындардың бірі саналады. Бұл мекеме бұрын да қылмыстық істерге байланысты бірнеше рет жаңалықтарда аталған. Мәселен, қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топ иерархиясында жоғары тұрғаны үшін сотталып жатқан Марсель Гасанов осы жерде ұсталған. Сонымен қатар, кафе аумағында бірнеше рет атыстар болған. Сот орындаушылары нысанды жабуға бірнеше рет әрекет жасағанымен, ол қайта ашылып отырған.