Әзербайжанда ФСБ-ның екі агенті Sputnik агенттігінің кеңсесінде ұсталды

Әзербайжанда Ресейдің ФСБ арнайы қызметінің екі агенті ұсталды.
Бұл туралы жергілікті Minval, Vesti.az және APA басылымдары хабарлады. Ақпаратқа сүйенсек, күдіктілер ресейлік “Россия сегодня” мемлекеттік медиатобына қарасты Sputnik ақпарат агенттігінің Әзербайжандағы бөлімшесінде “журналист” ретінде жұмыс істеген.

30 маусым күні таңертең Бакудегі “Sputnik. Әзербайжан” кеңсесінде құқық қорғау органдары тінту жүргізген. Бұл әрекетке нақты не себеп болғаны ресми айтылмады. Алайда Әзербайжан билігі осы жылдың ақпан айында-ақ “Sputnik. Әзербайжан” агенттігін тарату жөнінде шешім қабылдап, тек бір ғана ресейлік қызметкерге елде жұмыс істеуге рұқсат берген болатын.
Ресей тарабы жағдайға алаңдаушылық білдірді. РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова ұсталған ресейлік азаматтарға дипломаттардың жолатылмай жатқанын хабарлады. Әзербайжан билігі әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Мәскеудегі Sputnik агенттігі «РИА Новости» басылымына Бакудегі редакциясымен байланыс орната алмай жатқанын хабарлады. Өз кезегінде Әзербайжанның Ішкі істер министрлігі агенттік кеңсесінде жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері туралы қосымша ақпарат беруге уәде етті. РИА Новости агенттігінің мәліметінше, полиция Sputnik Әзербайжан кеңсесіне ондағы қызметкерлердің бәрін, соның ішінде жұмыс орнында болмағандарын да шақыртқан.
Бұл оқиға – Мәскеу мен Баку арасындағы соңғы кездері шиеленісіп келе жатқан қарым-қатынастың бір көрінісі. Айта кетсек, 27 маусымда Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасының мүшелеріне қарсы арнайы рейдтер жүргізілген. Әзербайжан тарапының айтуынша, сол рейд барысында екі азамат “қатыгездікпен өлтірілген”. Қазіргі таңда бұл айыптауға нақты дәлел келтірілмегенімен, ресми Баку Ресей құқық қорғау органдарын тікелей айыптап отыр.
Сонымен қатар 2024 жылдың желтоқсан айында Грозный қаласында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы атып түсірілгеннен кейін, Баку Мәскеуден ресми кешірім талап еткен. Алайда Кремль әзерге бұл талапқа жауап бермеген.