Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:41

Әзербайжанда оппозиция жетекшісі Әли Керімли тұтқындалды

Әли Керімли
Фото: oxu.az

Әзербайжандағы басты оппозициялық күш саналатын «Халық майданы» партиясының жетекшісі Әли Керімли билікті күшпен басып алуға дайындалды деп айыпталып, екі жарым ай мерзімге қамауға алынды.

 Саясаткерді 12 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Соттың шешімі

Бакудің Сабаил аудандық соты 1 желтоқсанда Әли Керімли мен партия басқару мүшесі Мамед Ибрахимді 2 ай 15 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды. Оларға «билікті күшпен тартып алу мақсатында алдын ала сөз байласу» айыбы тағылған.

Керімли 29 қарашада ұсталған. Әзірбайжан мемлекеттік БАҚ мәліметінше, тінту кезінде оның үйінен елдің бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Рамиз Мехтиевке тиесілі делінген кейбір хаттар табылған. Қазан айында 87 жастағы Мехтиевке «мемлекет төңкерісіне әрекет жасау» және «мемлекетке опасыздық» айыптары тағылып, ол төрт айға үй қамаққа жіберілген болатын.

Reuters агенттігі таратқан дерекке қарағанда, билік Әли Керімлини Мехтиев тарапынан қаржыландырылған деп айыптап отыр. Саясаткер бұл айыптарды жоққа шығарып, олардың саяси себептерге негізделгенін мәлімдеді.

Оппозиция жетекшісінің ұзақ жылғы қысымы

Керімли 2000 жылы партияның алғашқы төрағасы, Әзербайжанның бұрынғы президенті Әбүлфәз Елчибай қайтыс болғаннан кейін «Халық майданы» партиясының басшылығына келген. Содан бергі 20 жыл ішінде билік оған шетелге шығуға рұқсат бермей келді. 2015 жылы Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты Әли Керімлидің еркін жүріп-тұру құқығы бұзылғанын ресми түрде мойындады.

Әзербайжан құқық қорғаушылары Керімлидің қамауға алынуын репрессия толқынының жалғасы деп бағалап, саяси тұтқынды дереу босатуды талап етіп жатыр. «Әзербайжандағы саяси тұтқындардың еркіндігі үшін» альянсының есебінше, 2025 жылдың қазан айында елдегі саяси тұтқындар саны 392 адамға жеткен – бұл Илхам Әлиевтің 22 жылдық билігі кезеңіндегі ең жоғары деңгей.

Әзербайжанда билікті сынаған ондаған журналист, оппозициялық саясаткерлер мен қоғамдық белсенділер елден қашуға мәжбүр болған. Құқық қорғаушылар жағдайдың жылдан жылға нашарлап бара жатқанын айтады.

Тегтер: