Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:45, 31 Наурыз 2022

Азғын туралы кино абырой әпермейді

None
None

31-наурыздан бастап, Қазақстанның барлық кинотеатрларында Николай Жұмағалиев туралы көркемфильм көрсетіле бастайды.

Сүйінші сұрайтын-ақ жаңалық. Бірақ Николай Жұмағалиев деген кім? Жастар біле қоймас, орта жастағыларға жақсы таныс: Жұмағалиев – бүкіл Кеңес одағын аяғынан тік тұрғызған адам жегіш. Егер қазақтың атын асқақтататын, Қазақстанның беделін көтеретін тұлға туралы картина болса, бөркімізді аспанға атып, қуанар едік. Ал бүкіл әлемге «Боратпен» масқара болғанымыз аздай, енді Жұмағалиевті түсірсек, шетел біз туралы не дейді? Қазақстан – қой емес, адам жейтін азғындардың отаны демей ме?! Дейді...

Фильмнің басты рөлін отандық танымал актер Асқар Ілиясов пен Канн фестивалінде үздік актриса жүлдесін иеленген Самал Есләмова ойнапты. Шығармашылық топ фильмді кореялық режиссерлермен бірлесіп, түсіргендерін айтып, мақтанған. Туындының сценарисі әрі режиссері Руслан Пак – «Паразитты» түсірген, «Оскар» сыйлығын алған кореялық режиссердің тәлімгері көрінеді.

Мейлі, кім түсірсе, ол түсірсін, бірақ Қазақстанның атынан шыққан көркем картина болғандықтан, оған көркемдік кеңес жауапты болу керек еді. Көркемдік кеңес деген не? Мемлекеттің атына кір келтіретін, ұлтқа күйе жағатын дүниеге сүзгі салатын кеңес. Бұрын шығармашылық топтың барлық түріне көркемдік кеңес жауап беріп, талапқа толымдысын ғана өткізіп, басқасын кері қайтарып отыратын. Сондай талаптың нәтижесінде, көрерменді ешқашан жалықтырмайтын шедевр туындылар жарыққа шықты. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдері сол көркемдік кеңестің сүзгісінен өтіп, аңызға айналған атақты туындылар.   

Жұмағалиев туралы фильмде әйелдерді өлтіріп, қанын ішіп, етін жеген атышулы азғынның қалай құрықталғаны көрсетілетін көрінеді. Бюджеті де қомақты – 500 мың доллар. Қазынаның соншама қаржысына қайдағы бір азғынды түсіру – «еститін үкімет» емес, еститін мемлекеттің ісі емес екені анық.

«Жас Алаштың» тұрақты оқырманы, ардагер журналист Ораз Жүнісбекұлы редакциямызға хабарласып, халықтың қаржысына түсірілген картина туралы өз ойын былай жеткізді: «Мұндай фильм бізге абырой әпермейді. Қазақ жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ірі империялар, атақты хандықтар құрған, ұланғайыр далада алпауыт мемлекет жасаған ұлы халық. Ал осындай ұлы елдің киесін қайдағы бір адам жегіш азғынның атымен байланыстыру барып тұрған қателік. Бұл жай ғана қетелік емес, бұл қасақана жасалған дүние. Мұны кинотанушылар көркем туынды деп ақтауы мүмкін. Бірақ қандай туынды болсын, ол Қазақстанның атынан шығып тұрғандықтан, бұл біздің өнер, біздің өнім болып саналады. Сондықтан азғынды дәріптейтін кинокартина Қазақстанға жақсы атақ бермейді. Бұл атымызға сын, бетімізге шіркеу».

Тегтер: