Ажырасуды жарнамалап, пайда тапқысы келетіндер бар
Заман өзгеріп, қоғам дамыған сайын адамзаттың кей құбылыстарға көзқарасы өзгеріп, жалпы қоғамдық құндылықтардың кейбірі түп-тамырынан ажырай бастады.
Таяқтың екі ұшы болатыны сынды бұл бір жағынан оң өзгерістер мен игіліктерге бастап әкелсе, екінші жағынан теріс ықпалын да көрсетіп жатыр. Мысалы, соңғы жылдары қоғамдағы отбасы институтының құлдырап, ажырасу процесі де жылдан жылға көбейгені осының айқын белгісі. Аумалы-төкпелі заманда отбасылық құндылықтар түгіл, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жаннан қымбат санаған қасиеттер әдірам қалып, қоғам санасы уланғаны уытты да ащы шындық. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, көкек ана көбейіп, бұл мәселе қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналды. Азған қоғамның басты белгісі де – осы, ажырасуға бейім отбасы, тағдыры тәлкекке түскен бала. Әр отбасы шағын мемлекет десек, қоғамдағы ізгіліктің барлығы әр шаңырақтағы өзгерістен басталады. Сәйкесінше, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына да ел ішіндегі ажырасу санының артуы да әсер етері анық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы он жылда жарты миллионнан астам отбасы ажырасу үшін арыз берген. Бұл жағдайға әркім әртүрлі түсінік береді. Демограф Шынар Төлешова айтуынша, 2012-2022 жылдары аралығында 1,5 млн жұп некеге тұрып, 567 931 отбасының ажырасу фактісі тіркелген екен. Статистика ажырасу факторын некенің ұзақтығы бойынша қарастырады дейді маман.
«Тағы бір қызық статистиканы атап өтсем, некенің ұзақтығына байланысты бір жылға дейінгі және бірнеше жылға созылған некенің ажырауы деп бірнешеге жіктеуге болады. Осы тұста 2022 жылы бір жылға дейінгі некенің 6,3%-ы ажырасса, ұзақтығы бір жылды қамтитын 10,3% отбасы некесін бұзған. Ал некенің ұзақтығы екі жылды құрайтын 8,5% отбасы, ұзақтығы үш жылды құрайтын жалпы неке санының 8,4%-ы ажырасуға бел байлаған. Тіркелген некелердің он төрт жылға дейін 80-90%-ы ажырасып кететіні рас. Он төрт жылдан ары қарай, әдетте, неке сақталып қалады. Бұл жай мардымсыз қарап, қоя салатын статистика емес. Елде некенің ажырауы көптеген әлеуметтік және экономикалық мәселелерді ушықтырады. Ажырасуды, отбасындағы зорлық-зомбылықты азайту мақсатында біз жастарды үйленбес бұрын отбасы құрудың даярлық курстарын ашу қолға алынып жатыр. Жар таңдау, зорлық-зомбылық, отбасындағы міндеттер, баланы жоспарлау мен дүниеге әкелу, тәрбиелеу сынды тақырыптарда дәрістер мен кеңестер беретін курстар бүгінгі қоғамда артық етпесі анық. Себебі бұлар ешқашан өзектілігін жоймайтын тақырыптар», – дейді маман.
Ажырасудың жиілеп бара жатқаны қарапайым қоғаммен бірге құзырлы органдарды да алаңдата бастаған. Мысалы, мәдениет министрлігі жанынан құрылған Қоғамдық даму институты бүгінгі күні отбасы тақырыбында зерттеулер жүргізіп, отбасы құндылықтарын нығайту, отбасылық жағдайда жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу бойынша орталық және жергілікті деңгейде кешенді жұмыс жүргізумен айналысады. Ажырасу тек біздің елімізді ғана емес, күллі адамзатқа ортақ, жаһандық проблеманың бірі болып тұр. Біз балалар психологынан ажырасу және процестің бала психологиясына қалай әсер ететінін сұрап көрдік. Психолог Гүлшарбат Аманжол ажырасудың салдары ауыр екенін, әсіресе ерлі-зайыптылардың екіге бөлінуінен әдетте зардапты жазықсыз балалар шегетінін алға тартты. Оның үстіне, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ажырасқан отбасылардың 83 пайызында балалар бар екен.
«Әдетте, бала әке мен шешенің екі жаққа кетіп, ажырасуын ауыр қабылдайды. Және бұл заңды құбылыс. Себебі бала осы күнге дейін өмір сүрген бір тұтас кеңістігі мен әлемі екіге жарылғандай әсер алады. Әке-шешесі ажырасқан соң, псориаз, бронх демікпесі сынды ауруға шалдығатын балаларды жиі кездестіруге болады. Бұның түп-төркінінде түйіні шешілмеген эмоционалды конфликт жатыр. Ата-анасының ажырасатынын естіген баланың бойында үрей, жағдайға сенгісі келмеу, қорқыныш, болашағына деген сенімсіздік, ашу-ыза, ажырасуға себепкер ата-анасының біреуін кінәлау немесе өз-өзін кінәлау секілді түрлі сезімдер арпалысы жүреді. Байқасаңыз, ата-аналары жанжалдасқанда көптеген балалар татуластырушы рөлін ойнауға тырысады. Ал ажырасу осы талпыныстарының нәтижесіз екендігін дәлелдейді. Еңбегі еш кеткен бала өзін қажетсіз сезініп, созылмалы стреске ұшырауы мүмкін. Баланы ештеңе түсінбейді деп ойлау үлкен қателік. Өкінішке қарай, көбінесе ата-ана баласын артық уайымнан қорғау үшін ажырасу фактісін соңғы кезеңге дейін жасырады. Баланы аяп немесе оның шешімін елемей, маңызды шешімді ең соңында айту – шын мәнінде қате тұжырым. Сондықтан үлкендердің тоқтамы жайлы балаға ашық айту керек. Алайда оның қалаған кезде әкесімен де, анасымен де кездесе алатынын, олармен қалағанынша уақыт өткізетіндігін, барлығы бұрынғыша, тек ата-анасы екеуі енді бірге тұрмайтындығын түсіндіру ауадай қажет», – дейді маман.
Елімізде ажырасқан отбасылар мен балаларға көмек беретін ұйымдар мен бірлестіктер бар. Мысалы, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға әлеуметтік, заңдық, психологиялық көмек көрсету үшін құрылған ұйым – «Жанұя» орталығының басты мақсаты – физикалық, психологиялық, сексуалдық, буллинг және басқа да зорлық-зомбылық түрлері, суицидке бейімділігі бар балаларды сондай-ақ отбасындағы жағымсыз психологиялық климатқа ұшыраған балаларды анықтауға бағытталған. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әр тарап бойынша отбасы саясаты қарқынды жұмыс істеуде. Десек те, ажырасу процесін азайту үшін қоғам мен мемлекетке сенім артып қана отыра беруге болмайтыны анық. Ең алдымен отбасы құндылығын барынша дәріптеп, адам құндылықтары негізделіп орнаған уақытта ғана отбасы құруды насихаттау керек. Қажеттіліктен немесе қысымнан емес, саналы түрде дайын болған шағында отбасы құрған жөн. Сонда бала да, ата-ана да жапа шекпейтіні анық. Ал әлеуметтанушы Жұлдыз Сембина ажырасудың негізгі себептерін атап өтіп, әлеуметтік желілерде ажырасуды культке айналдырып, жарнама жасап жүргендер де бар екенін алға тартты.
«Қаржылық тұрақсыздық, жас жұбайлардың отбасын құруға деген психологиялық (моральдық) дайындықтың болмауы. Тағы бір қазіргі уақыттағы аса маңызды факторлардың бірі отбасы мүшелерінің арасында белең алған ойынқұмарлық. Қазіргі уақытта осы фактордың салдарынан ажырасулар саны үдеп жатқанын байқап отырмыз. Бұл фактормен мемлекеттік деңгейде күресу керекпіз. Ойынқұмарлық фактісімен байқалған азаматтарға ешқандай несие берілмеуі тиіс. Осы жағдай мемлекеттік тұрғыда реттелуі керек. Біздің елімізде биылғы жылы заң қабылданды, алайда бұл заң бойынша ерлі-зайыптылардың келісімі тек несие сомасы 1000 АЕК асқан жағдайда ғана қажет. Меніңше, бұл дұрыс емес, себебі дәл қазіргі уақытта ойынқұмарлардың 50-100 мыңнан бірнеше жерден алынған несиесі бар. Олардың басын құрағанда қомақты сома шығады. Сондықтан отбасылық бюджет ортақ болғандықтан кез келген соманы берерде екі жақты келісім қажет. Ал отбасында зорлық-зомбылық орын алған жағдайда отбасын сақтап қалу қиын. Себебі бұл жерде агрессордың іс-әрекетінен отбасының барлық мүшесі, әсіресе балалар зардап шегеді, отбасы ойрандалады. Заман дамыған сайын сөзсіз құндылықтар трансформацияланады. Әрбір дәуірдің өз құндылығы бар. Қазіргі уақытта өз айналаңдағылардың сөзіне құлақ асқаннан гөрі, өзін сарапшымын деп таныстыратын, коуч, нумеролог сияқтылардың сөзін тыңдайтындар көп. Өз өміріне қатысты барлық шешімдерді басқа адамдардың ықпалымен қабылдап, жауапкершілікті сезінбейді. Тағы да бір айта кететін фактор бар, менің ойымша, оның үлесі орасан болмаса да қандай да бір ықпалы бар. Ол әлеуметтік желілердегі ажырасуды жарнамалап жүрген адамдар. Ол қалай дейсіз ғой, ол былай: бәрінің қоғамға тарататын месседжі мынадай: «Мен ажырасқанша «бейшара» едім, ажырасқан соң өмірім жарқ-жұрқ еткен өмірге айналды, себебі мен бұрынғыдай тәуелді емеспін, тәуелсізбін. Өзімді енді ғана толыққанды сезіне бастадым деп басталады. Бір сөзбен айтқанда, әсіресе әйелдер қауымы «феникс» құсына айналып, қайраттанып, дамып кетеді». Бұл жерде әйел ретінде менде түсінемін, жалғыз басты адам баласын бағу керек, күшті болу керек, қайратты болу керек. Бірақ дәл осы позицияны көріп отырған жас азамат бұны сөзбе-сөз түсініп, отбасылық кез келген сынақ кезінде ең дұрыс шешім ажырасу деп шешетініне күмән жоқ. Дәл осы күшті-қайратты толыққанды отбасы болып тұрған уақытта пайдалануға не кедергі екенін түсінбеймін. Ажырасу жасы деген нақты бір көрсеткіш жоқ деп ойлаймын. Себебі қазіргі уақытта жас отбасылар да, ұзақ уақыт бірге болған отбасылар да ажырасып жатыр», – дейді маман.
Сәруар Бақберген