Азиада–2018: Тоғызыншы орын, шынында да, сәтсіздік пе?

05.09.2018, 02:17

3

Индонезияның Жакарта және Палембаң қалаларында жазғы Азия ойындары аяқталды. Дәстүр бойынша Қытай спортшылары жалпыкомандалық есепте алда болды (132 алтын, 92 күміс, 65 қола – барлығы 289 медаль). Жапония мен Оңтүстік Корея үздік үштіктегі орындарынан айырылған жоқ.Қазақстан құрамасы 15 алтын, 17 күміс, 44 қола жүлде иеленіп, 76 жүлдемен тоғызыншы орыннан көрінді. Алдымызды Индонезия (31 алтын), Өзбекстан (21), Иран (17), Қытай Тайпейі (17) және Үндістан (15) орап кетті. Тоғызыншы орын… Бұл, шынында да, үлкен сәтсіздік пе? Қазақстан құрамасы алғаш рет 1994 жылы Хиросимада (Жапония) өткен Азиадаға қатысып, үздік төрттікке енді. Содан бергі бес Азиадада отандастарымыз екі рет қана (1998 және 2010 жылдары) бір саты төмендеді, яғни бесінші орынға сырғыды. 2014 жылы Инчхон Азиадасында дәстүрлі позициямызға қайта оралып, 28 алтынмен мерейіміз асқақтаған еді.Әуелі жақсы жағын айтсақ...Биыл Қазақстан спорттың 25 түрінен түрлі жүлдеге қол жеткізді. Осының ішінде төрт спорт түрі ғана олимпиялық санатқа кірмейді: джиу-джитсу (2 алтын), самбо (2 алтын), регби (1 қола) және өзбек күресі (1 қола). Демек, қоржынымыздағы 76 жүлденің алтауы ғана олимпиада бағдарламасынан тыс деген сөз. Мұндай тиімділік тұрғысынан алғанда, біздің жетістігіміз олқы емес.Қандай спорт түрлерінен жетістігіміз жақсарды?А) Велоспорт. Шайтанарбашы Алексей Луценко бұл сында елімізге екі алтын жүлде сыйлады. Ол топтық жарыста да, жеке жарыста да алдына жан салмады. Мұндай жетістікке Қазақстан Азия ойындарының тарихында жетіп көрген емес. Александр Винокуров 1994 жылы Хиросимада 1 алтын, 2 күміс алған-ды. Демек, «Вуэльта» сияқты айтулы аламанды да құрбандыққа шалып Жакартаға бет алғанда, Луценко межелеген жетістіктің бәріне де қол жеткізді деуге болады. Алексей 2014 жылғы Инчхон сынында жеке жарыста чемпион атанған еді. Демек, енді оның еншісінде Азия ойындарының үш алтын жүлдесі бар.Ә) Көркем гимнастика. Қазақстан осы спорт түрінде командалық сында да, жеке жарыста да бас жүлде иеленді. Алина Әділханова 2010 жылғы Алла Алябьеваның жетістігін қайталап, екі алтынға да өлшеусіз үлес қосты.Б) Семсерлесу. 2010 жылы бұл бағдарламада отандастарымыз 1 күміс, 2 қола алды, ал 2014 жылы 2 қоламен шектелді. Биылғы Азиадада Михаил Алексанин Қазақстанға ойындардың алғашқы алтын медалін сыйлап қана қоймай, 2002 жылдан бергі семсерлесудің бірінші бас жүлдесін иеленіп отыр. Соңғы рет 2002 жылы семсерлесуден Қазақстан төрттігі алтын алған еді.В) Триатлон. Бұл спорт түрі Азиада бағдарламасына 2006 жылы еніп, даңқты отандасымыз Дмитрий Гааг – алтын, Даниил Сапунов қола иеленген еді. 2010 жылы Гуанжоуда Гааг мәреге үшінші болып жетті. Содан бері айтулы сындарда суперспортшыларымыздың арасынан ешкімнің маңдайы жарқырамап еді. Биыл Аян Бейсенбаев күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жетістікке ерекше сүйсініп отырған жағдайымыз бар. Өйткені Аян 2014 жылы Инчхонда  тоғызыншы орында қалып қойған еді. Ал 2016 жылғы Азия чемпионатында ол үздік алтылықты түйіндеді. Демек, Бейсенбаев жарыс сайын өсіп келе жатыр деуімізге болады.Г) Жүзу. Әрине, 2014 жылғы Азия ойындарында үш алтын жеңіп алған Дмитрий Баландиннің биылғы қос қоласын (эстафетадағысын қоссақ, үш қола) олқысынсақ болар еді. Бірақ Жакартада жанымызды жылытқан бір оқиға болды: Қазақстан құрамасы 4х100 метрлік эстафетада тұңғыш рет жүлдегерлер қатарына енді. Бұған дейін жүзгіштеріміз командалық сында олжа салып көрген емес. 50 және 100 метрлік сындарда қола иеленгенде қуанбаған Баландин эстафетадан кейін көз жасына ерік берді. Ол команданың жетістігіне қатты қуанды. Демек, бұл қоланың біз үшін орны бөлек.Неден, неге шегіндік?      Биыл боксшыларымыз бен балуандарымыз жалғыз алтынға да қол жеткізе алмады. Бұл – Азиада тарихында біз бастан кешіріп көрмеген сәтсіздік. 2014 жылы Инчхонда жуан жұдырық жігіттеріміз алты алтын жеңіп алып еді, биыл екі күміспен шектелдік.      Мұның себебі неде? Бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың пікірі мынадай: «Кейбір кедергілер болмаса, біздің боксшылар жақсы өнер көрсете алар еді. Әр ел өз спортшысының мүддесін қорғайды. Сондықтан осы әрекеті үшін біреулерді кінәласақ дұрыс болмас. Біздің дайындығымыз жақсы өтті. Бірақ кейбір жағымсыз жағдай салдарынан құраманың Азия ойындарындағы нәтижесі тым төмен болды. Біздің боксшылардың бәрі нашар жұдырықтасты деуге болмайды. Кем дегенде бес жүлде жеңіп алуға мүмкіндігіміз болды. Үш боксшымыздың жеңісін көпе-көрінеу қарсыласқа берді, финалға шыққан екі боксшы да қарсыласынан еш кем болған жоқ. Дегенмен бәрібір сабыр сақтаймыз».     Бапкердің әр сөзіне түсініктеме бермек емеспіз, дегенмен мұнда «әр ел өз спортшысының мүддесін қорғайды» деген ой кілтсөз екені анық.Балуандарымыз әр Азиададан кемі бір алтын әкелетін еді, биыл төрт жыл бұрынғыдай 10 жүлдеге қол жеткізсе де, ешбірі чемпион атағын иелене алмады. Бұл да ойланатын жағдай. Дегенмен мына нәрсеге ой жүгіртіп көрейікші. Олимпиада қарсаңында бокспен және ауыр атлетикамен қатар, күреске де зор сенім артамыз да, балуандарымыз күміс я қола иеленсе, олимпиада чемпионынан кем ардақтамаймыз. Ал спорт статистиканы сүйеді. 1996 жылдан бері балуандарымыздың ешқайсысы (күрестің үш түрінен де) олимпиада алтынын жеңіп алған жоқ. Тіпті 2016 жылы ерлер арасында ешбір балуанымыз жүлдегер қатарына да енбеді. Ендеше, күрестен сонша ерлік күтетініміз бекер болар.Жеңіл атлетикадан 2014 жылғы үш алтынымыз биыл үш есе қысқарды: жалғыз Ольга Рыпакова ғана көк байрағымызды ең биікте желбіретті. М.Мацко (800 м) төрт жыл бұрынғы алтынын күміске айырбастады, О.Сафонова (100 м) тіпті жүлдегерлер сапынан тыс қалып, алтыншы орынмен шектелді.     Дзюдодан бұл жолы бір күмісіміз кем. Дидар Хамзаның (81 келі) алтын жүлдесі қатты қуантты. Жас спортшы Рио олимпиадасына соңғы сәтте ілініп еді, арада өткен екі жылда құрлықтың басты жарысында топ жаруға жарады. Инчхон ойындарының чемпионы Елдос Сметов биыл жарақат алып қалды.Бұдан бөлек, каноэшілеріміздің нәтижесі төмендеді (2014 жылы – 5, биыл 2 алтын), мергендеріміз жалғыз қоланы қанағат тұтты (төрт жыл бұрын – 2 алтын).   Ауыр атлеттеріміз барса, жүлдені қидай сыпыруы мүмкін еді деуге де қиын. Инчхонда Маргарита Елисеева ғана чемпион атанды, одан бергі төрт жылда зілтеміршілеріміз өз биігінен төмендемегенімен, 10 жылдық допинг дауының тұралатқанын естен шығармауымыз керек.                     Бізден озғандар шынымен мықты ма?     Сонымен, Қазақстан тоғызыншы орында. Үш алыптан кейін алдымызды ораған елдердің жетістігін саралай келсек, Өзбекстан құрамасының керемет жетістігін айтпай кетуге болмайды. Иә, олар 21 алтынның алтауын ұлттық күресінен алды (оны Азиада бағдарламасына енгізудің өзі ерлік). Жакартада өзбек ағайындар олимпиялық санаттағы тоғыз спорт түрінен алтынға қол жеткізді. Бізде – 8… Өзбектер бокс, күрес, каноэ есу, таэквондо, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, академиялық есу, дзюдо, теннис сияқты жоғары санатты спорт түрлерінен топ жарды.     Төртінші орын алған Индонезия құрамасының 31 алтын жүлдесінің 15-і – өздерінің ұлттық спорты саналатын пенжак силаттан. Бұдан бөлек, спорттық альпинизмнен – 3, бадминтоннан – 2, парапланеризмнен – 2, сепактакродан – 1, гидроциклден 1 алтын алды. Демек, олимпиялық спорт түрлерінен жарыс иелері 8 алтын ғана иеленді деген сөз.     Бесінші орындағы Өзбекстан жағдайын айттық, ал алтыншы орындағы Иран 20 алтынның 16-сын олимпиада бағдарламасы бойынша иеленді  («жалған» төрт алтын – кабаддиден, өзбек күресінен, спорт альпинизмінен). Тайпей 17 алтынның – 12-сін, Үндістан 15 алтынның 14-ін «шынайы» спорт түрлерінен жеңіп алды.      Демек, өзбек күресі, пенжак силат, кабадди, бадминтон сияқты бағдарламаларды былай ысырған күннің өзінде, Қазақстан биылғы додада ұзаса 8-орын алатын еді. Ендеше, қарсыластарымыздың өсе түскенін мойындауымыз керек. Өзбек боксшылары жеті алтынның бесеуін «құдіреттерінің» күшімен алды десек, 2014 жылғы өз жетістігімізге көлеңке түседі. Таразының екі басы барын ұмытпайық. 
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

13.05.2020, 11:46
Қайрат Тұрлыханов өмірден озды
11.05.2020, 18:13
Илья Ильин спорттық карьерасын аяқтады
26.04.2020, 14:43
Илья Илин қайырымдылық акциясына үлес қосты
25.04.2020, 14:01
Футболшылар маскамен ойнайды
24.04.2020, 13:11
Не қымбат: футбол ма, адам ба?
21.04.2020, 16:23
Жақсының жалғасы едіңіз аға

Аңдатпа


  • Коронавирус жұқтырған 4 адам қайтыс болды
    11:31
  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58