Азық-түлік қауіпсіздігі. Үкімет өлтірмейді, қарызға батырады

Соңғы кездері ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың менеджерлік қабілеті жиі сынға қалып жүр.
Ол ең алғаш 2023 жылы министр болып тағайындалғанда «агро секторды барынша дамытам» деп уәде берген. 2024 жылы Смайылов үкіметі отставкаға кеткеніне қарамастан, Сапаров өз лауазымына қайта тағайындалған. Содан бері оның міндеті: азық-түлік қауіпсіздігін реттеу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, агро өнімдердің экспортын арттыру, жайылымдық жер мәселесін шешу, субсидияны әділетті бөлу, егістіктерді әртараптандыру, тозған агро техникаларды жаңарту, инвестиция тарту болған. Осылайша Сапаров басқарып отырған сала экономиканың локомативіне айналуы тиіс еді.
Алдағы үш жылдықта Бектенов үкіметінің ауыл шаруашылығына қатысты құрған жоспары ерен. Тек биылғы жылдың өзінде ғана агросектордағы инвестицияларға 1,5 трлн теңге бағытталған. Алайда қыруар қаражат бөлінсе де ауыл шаруашылығы министрлігі қарыздан шығар емес. Мәселен, биыл жыл басында министрліктің фермерлер алдындағы қарызы өсіп бара жатқаны жайлы ақпарат тарады. Шаруалардың министрліктен бөлінетін төлемдерді бірнеше жылдан бері ала алмай күтіп келе жатқаны белгілі болды. Бұған қатысты министр «күту парағында 194 млрд теңге тұр, ал минералды тыңайтқыштарға резервтен тағы 48 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылғы бюджетте аграршыларға 400 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бірақ төлемдер біртіндеп, жоспарға сай жүргізілуде» деп құтылды. Әйтсе де, қазір көптеген диқан, әсіресе астық өсірушілер, өздерін асыраудың өзі қиын болып кеткенін, кейбіреулері тіпті ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығын жойғысы келеді деп күдіктенетінін де айтып жүр.
Шығынға жұмыс істейтін корпорация
Ал жуырда ауыл шаруашылығы министрлігінің «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» жұмысын да жолға қоя алмай отырғаны белгілі болды. Қазір де аталмыш азық-түлік акционерлік қоғамы пайдадан гөрі шығынға жұмыс істей бастаған. Әу баста елдің ауыл шаруашылығы өндірушілерін жүйелі қолдайды, ішкі астық нарығын қорғаумен және тұрақтандырумен айналысады, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, астықты сақтауға, экспорттауға белсене қатысады деп құрылған корпорация қатарынан бірнеше жыл тек шығынға жұмыс істеп келген. 2024 жылы акционерлік қоғам 23,4 млрд теңге шығынға батыпты. 2020–2023 жылғы шығындарын қосып есептегенде аталмыш корпорацияның жалпы шығыны 89 млрд теңгені қамтыған. Еске салсақ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 2020 жылы жабылып қалған «ҚазАгро» холдингінен алынып, ауыл шаруашылығы министрлігінің еншісіне берілген. Содан бері корпорацияның жалғыз құрылтайшысы осы министрлік.
Министрлікке өте салысымен корпорация бірден шығынға ұшырай бастады және жыл сайын шығындары өсіп отырды. Мысалы, 2022 жылғы шығыны 15 млрд теңге болса, 2023 жылы 19 млрд теңге, 2024 жылы 23,4 млрд шығынға ұшыраған.Корпорацияның бір жылдық ақша қозғалысын сараптап көрсек, қызмет көрсетуден алған түсімі 49 млрд теңге болған. Бұдан соң корпорация фермерлерге алған астығы үшін 66 млрд теңге төлеген, сол астықты сақтау үшін 5 млрд теңге жұмсаған, 12,5 млрд теңгеге түрлі керек-жарақ, қызмет алған, 24 млрд теңгеге қарызы мен пайызын өтеген, жалақыға 2 млрд теңге шығындаған. Осылайша операциялық қызметінің өзінен 52 млрд теңге шығын келген.
Сала мамандары корпорацияның биыл да табыс көре алмайтынын айтады. Себебі басты акционер ретінде ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» бизнестік тиімділігіне, ғылыми негізде дамуына мүлдем бас ауыртпайды. Компанияның өзі де шығынға әбден еті үйреніп алған.
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің сөзіне сүйенсек, бұл корпорация «үкімет өлтірмейді» деген соқыр сенімді ұстанып алған. Маманның пайымдауынша, ұлттық корпорация еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл ойнайтын болғандықтан, ендігі сценарий былай түзіледі: үкімет «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» барлық шығынын өз резервінен жауып береді. Бірақ бұл бюджет дефициті жағдайында өте қауіпті үрдіс.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» негізгі міндетінің бірі – астық экспортын қолдау. Экономист-ғалымның ойынша, аталмыш корпорация осы негізгі міндетін дұрыс атқара алып отырған жоқ. Еліміздің астық саудасын қыздырып, әлемдік нарыққа шығуға бірқатар кедергілер бар.
«Мысалы, ірі астық өндірушілер өз мемлекетін қамтамасыз ете отырып, артылған көлемді Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға дейін жеткізеді. Ал біздің астықты әлемдік нарыққа шығару қиын. Себебі біз Ресей порттары арқылы сауда жасаған кезде ол порттар ресейлік астықтарға толып тұрады. Ресейдің астығы порттарға тиеліп біткенше, біздің астық өте алмайды. Бізде Транскаспий бағыты дамымағандықтан, ол арқылы бірнеше өткелдерден өту керек. Тиелген астықты Ақтаудан Бакуге, Бакуден Батумиге тасымалдауға тура келеді. Содан кейін ғана астық кемеге тиеледі. Бұл орасан шығын. Алдымен осыны реттеу қажет. Бұл – бір.
Екінші – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» инфляцияға қарсы әрекет етуі керек. Бұл корпорацияның қорында астық қана емес, ауыл шаруашылығы өнімдері де бар. Ол қатты бидай, сұлы, күнбағыс, рапс, қарақұмық, жұмсақ бидай, тағы басқа өнімдер. Аталған өнімдер ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін ұн тарту кәсіпорындарына, құс және мал шаруашылықтарына өткізу үшін пайдаланылады. Енді бір сұрақ: қазір елде инфляция деңгейі шарықтап тұр. Азық-түліктің бағасын үкімет тұрақтандырдық, бұғаттап отырмыз дегенімен, қарапайым халық инфляцияны қатты сезініп отыр. Корпорацияның шарапатын осындай қымбатшылық кезінде көрмегенде қашан көреміз?! Корпорация неліктен бағасы арзан кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп сатып алып, инфляция шарықтай бастағанда сол арзан өнімдерді нарыққа шығара қоймайды?! Ішкі нарықты қолдау деген осы. Қарапайым ғана осы схема бізде сауатты жұмыс істемейді. Өзімізде бар өнімді ұқсатып, отандық өнім өндірушілерге қолдау берудің орнына көрші елдерден арзан өнім тасып, форвардтық келісім жасауға шеберміз», – дейді экономист.
Біз маман айтқан осы және өзімізді қызықтырған басқа да сұрақтарды ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өзінен сұрағымыз келіп, министрдің атына Е-өтініш платформасы арқылы арнайы сауал жолдадық.
Мэлс Кенжеғұлов, кәсіпкер: Атауы өзгереді, құрылымы қалады
– Мен қайырымдылықпен де, астық шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналыстым. Қай саланы жетілдіру үшін де мемлекеттен қолдау қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі егін шаруашылығын, астық экспортын ұлғайтқысы келеді. Бірақ ол үшін алдымен ол астықты өсіру жолын дамыту керек қой. Егістікті тыңайту қажет. Оған егін егу керек, ол аралықта тозған техника сынып жатады. Оны жинау кезінде нақ күзгі маусымда ескі техникамен егін жинаудың зардабы бір бөлек. Нақ сол маусымдық кезеңде біздегі мұнай зауыттары жөндеуге жабылады. Бұдан жанар-жағармайдың, дизельді отынның бағасы аспандайды. Әупірімдеп жүріп ол астықты жинап аласың. Одан кейін оны өткізе алмай қор боласың. Оны сақтайтын астық элеваторлары жеткіліксіз. Ақыры өніміңді босқа шірітпеу үшін арзанға сатып, өзің пайда таппастан қаласың. 9 жылдық тәжірибемде көргенім – осы. Мен сияқтылар өте көп.
1995 жылдан бастап бізде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бар. Ол алдымен мемлекеттік корпорация болып құрылды. Одан кейін атауы ұлттық корпорация болып өзгерді. Бізде құрылымын, жұмыс істеу тәсілін өзгертпей, тек атауын ғана өзгертіп отырған талай корпорациялар, компаниялар бар. Бұдан еш пайда таппайтынымызды біле тұра, әлі сол тәжірибені ұстанып жүрміз. Мұндай үрдіс экономиканы дамытпайды, құрдымға кетіреді. Сондықтан бізге басқадан бұрын ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына құрылымдық өзгерістер енгізу керек. Әйтпесе, бізде тамаша жоспарлар құрылады, бірақ орындалмайды.
Өтірік көрсеткіш өрге бастырмайды
Ал қаржыгер Арман Мусиннің пайымына сүйенсек, Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» кең ауқымды тексеру жүргізуі керек. Өйткені бұл салада ауыл шаруашылығын дамытуды тежейтін фактілер жетерлік. Мәселен, Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 8,3 трлн теңгеге жетті деп дерек таратады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Бұл көлемнің ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 5 трлн теңге (60,2 пайыз), мал шаруашылығы өнімі 3,2 трлн теңге (39,6 пайыз) болған. Ал енді осылай бола тұра елде негізгі азық-түлікпен халықты қамтамасыз ету деңгейі әлі 80 пайызға жетпейді.
«Демек бұл арада статистиканы өсіріп айту, көрсеткішті көтермелеу орын алған. Бұдан соң бізде азық-түлік қорларын есепке алу, оны бақылаудың автоматтандырылған жүйесі әлі де енгізілмеген. Бұл қандай да бір өнімдердің бар-жоғының нақтылығына әсер етеді. Сосын жұмыс істемей тұрған ауыл шаруашылығы компанияларына млрд-тап субсидия берілетін фактілер декездеседі. Мысалы, жуырда жалпы сомасы 5 млрд теңгенің осындай 2 500 субъектіге берілгені анықталды. Ең сорақысы, 2023 жылы ауыл шаруашылығының ғылыммен қамтылу деңгейі ЖІӨ-нің небәрі 0,26 пайызын құрапты. Ғылыми зерттеу нәтижелерінің төмендігі әрбір саланы тежейді. Бұдан кейін жүргізілген аудит барысында 179 млн теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және 66,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Жоғары аудиторлық палата үкімет пен аудит объектілеріне анықталған заңбұзушылықтар мен мәселелерді жою үшін қажетті ұсыныстар мен тапсырмалар берді. Өз басым мұндай тексерулерді әр тоқсан сайын жүргізіп отыру керек деп есептеймін», – дейді қаржыгер маман.
Бұл салада соңғы бес жыл ішінде тек субсидиялау ережелеріне ғана 70 мәрте өзгеріс енгізіліпті. Соның өзінде біз субсидияның табиғатын да анықтай алмадық. Субсидия шығынды өтеу ақшасы ма? Әлде ынталандыру тетігі ме? Шығынды өтеу болса оған неге салық салынады? Оны әзірге министрліктегілердің өзі де нақты айта алмайды. Белгілісі – бұл салада да арнайы монополистердің пайда бола бастағаны. Субсидияны алып басқа мақсатқа – көлік, үй алуға жұмсағандардың болуы. Ал ол аралықта қаржыға қолы жетпеген шаруалар техниканы, егістікке қажетті тыңайтқыштарды да несиеге алып жүр.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ