Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:11, 04 Сәуір 2023

Азия чемпионаты Астанада өтеді

None
None

9-14 сәуір аралығында Астананың ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді.

Сары құрлықтың барлық мықтылары жиналатын жарыста Қазақстан балуандары жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастауды көздеп отыр.

Грек-рим күресі

Соңғы үш Азия чемпионатының нәтижелеріне зер салатын болсақ, спорттың бұл түрінде бәсекелестіктің өте күшті екенін аңғарамыз. Әңгімемізді грек-рим күресінен бастайық. 2020 жылы Нью-Делиде өткен жарыста Иран құрамасы жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Парсы елінің өкілдері 10 салмақ дәрежесінің тең жартысында топ жарды. Олар 5 алтыннан бөлек, 1 күміс пен 3 қоланы еншіледі. Ал Жапония, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Қазақстан және Үндістан балуандары бір-бір реттен дара шықты. Жерлестеріміздің арасынан Темірлан Шадукаев (77 келі) алдына жан салмаса, Ибрагим Магомадов (72 келі) күміс алды. Ал Қорлан Жақанша (55 келі), Азамат Құстыбаев (87 келі) және Мансұр Шадукаев (130 келі) қолаға қол созды.

2021 жылы Алматыда ұйымдастырылған Азия чемпионатында Иран тағы да топ жарды. Олар 4 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салды. Қазақстан екінші орынды қанағат тұтты. Біздің балуандар арасынан Айдос Сұлтанғали (60 келі) мен Сұлтан Әсетұлы (63 келі) қарсылас шыдатпады. Алмат Кебісбаев (67 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) екінші орын алса, Демеу Жадыраев (77 келі) пен Ерұлан Ысқақов (97 келі) үшінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ бас жүлде алғандар қатарында Жапонияның екі және Оңтүстік Корея мен Өзбекстанның бір-бір балуаны бар.

2022 жылы Ұланбатырда жалауы желбіреген жарыста Иран құрамасына өз көрсеткішін қайталау айтарлықтай қиын болды. Оларға қырғыздар мен қазақтар әжептәуір қарсылық көрсетті. Десек те жүлделер саны бойынша Парсы елінің пехлевандары озды. Олардың қоржыны 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен толықты. 3 алтыны мен 3 қоласы бар айырқалпақты ағайындарымыз екінші орын салса, үздік үштікті Қазақстан құрамасы түйіндеді. Бұл жарыста Мейіржан Шермаханбет (67 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) бас жүлдені қанжығаларына байласа, Аманғали Бекболатов (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (63 келі), Абылайхан Әмзеев (72 келі), Мақсат Ережепов (77 келі) және Диас Қален (82 келі) финалда ұтылды. Ернұр Фидахметов (60 келі) пен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) қола медальді иемденді. Осы орайда жерлестеріміз ұпай саны бойынша барлық бәсекелестерінен басым болғанын айта кеткен абзал.

Еркін күрес

Еркін күрестен өткен соңғы үш Азия чемпионаты Иран құрамасының жалпы есептегі жеңісімен аяқталды. 2020 жылы Үнді елінде олар 2 алтын, 2 күміс және 4 қоланы олжалады. Одан кейінгі сатыларға жапондар (2+1+4) мен қазақтар (2+0+4) жайғасты. Әсет Серікбаевтың шәкірттерінің арасынан Данияр Қайсанов (74 келі) пен Юсуп Батырмұрзаевтың (125 келі) бақ жұлдыздары жанды. Дәулет Ниязбеков (65 келі), Мейіржан Әшіров (70 келі), Илисхан Чилаев (92 келі) және Әлішер Ерғали (97 келі) қола медальді мойындарына ілді.

2021 жылы Алатау баурайында жалауы желбіреген жарыста Иран (3+3+2) мен Қазақстанның (3+2+0) Әнұраны үш реттен шырқалды. Бірақ күміс пен қола медальдардың кемдігінен біздің балуандар басты қарсыласынан қалып қойды. Үшінші орында – Үндістан (1+2+4). Өз жанкүйерлерінің көз алдында тамаша өнер көрсеткен Талғат Сырбаз (70 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі) және Олег Болтин (125 келі) бас жүлдені иеленді. Адлан Асқаров (61 келі) пен Әлішер Ерғали (97 келі) күміспен күптелді.

2022 жылғы байрақты бәсекеде ирандықтардың (6+1+1) алдына ешкім түсе алмады. Жапония (2+0+3) екінші сатыға жайғасты. Үшінші орын үшін тартыс Қазақстан (1+3+4) мен Үндістан (1+3+3) арасында өрбіді. Бұл бәсекеде бір қоланы артық жиған жерлестеріміз озды. Айтулы бәсекеде Азамат Дәулетбеков (86 келі) дара шықты. Рахат Қалжан (57 келі), Нұрқожа Қайпанов (74 келі) және Әлішер Ерғали (125 келі) – екінші, ал Ақбар Құрбанов (61 келі), Талғат Сырбаз (70 келі), Әділет Даулынбаев (92 келі) және Мәмед Ибрагимов (97 келі) – үшінші орындарды иеленді.

Әйелдер күресі

Әйелдер күресінен тек Азияда ғана емес, жер жаһанда Жапонияға тең келер команда жоқ екені баршаға мәлім. 2020 жылғы жарыста олар (5+3+0) жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарды Үндістан (3+2+2) мен Қазақстан (2+1+5) иемденді. 2021 жылы жапондар Алматыға келмеді. Фавориттердің жоқтығын пайдаланған үнді қыздары (4+1+2) көш бастады. Одан кейінгі сатыларға Моңғолия (2+4+1) мен Қазақстан (2+1+3) жайғасты.

Былтыр Ұланбатырда Мәдина (68 келі) мен Жәмила Бақбергеновалар (72 келі) алтыннан алқа тақты. Жұлдыз Ешімова (53 келі) мен Гүлмарал Еркебаева (76 келі) қола медальді қоржынға салды. Осы көрсеткіштің арқасында бұрымдыларымыз өз тарихында тұңғыш рет Азия чемпионатының жалпы есебінде екінші орынды иеленді. Ал бірінші орында – Жапония құрамасы (7+2+0). Күн шығыс елінің Рэмина Есимото (50 келі), Акара Фудзинами (53 келі), Уми Имаи (55 келі), Цугуми Сакурай (57 келі), Сара Натами (59 келі), Нонока Одзоки (62 келі) және Мива Морикава (65 келі) сынды арулары алтыннан алқа тақты.

Үздік үштікті қырғыздар (1+2+0) қорытындылады. Көрші елдің өкілдері арасында Айпері Медетқызы (76 кило) алдына жан салмаса, Айсұлу Тыныбекова (62 келі) мен Мейірім Жұманазарова (68 келі) екінші орынды иеленді.

Астанада кімдер күреседі?

Санаулы күндерден кейін шымылдығы түрілетін сары құрлықтың басты додасында Қазақстанның мына балуандары боз кілемге шығады:

Грек-рим күресі: Аманғали Бекболатов (55 келі), Ернұр Фидахметов (60 келі), Мұхамедәли Мамұрбек (63 келі), Алмат Кебіспаев (67 келі), Ибрагим Магомадов (72 келі), Демеу Жадыраев (77 келі), Диас Қален (82 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі).

Еркін күрес: Рахат Қалжан (57 келі), Нұрболат Әбдуәлиев (61 келі), Мұхтар Санжар (65 келі), Санжар Досжанов (67 келі), Дархан Есенғали (74 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Ризабек Айтмұхан (92 келі), Бекзат Үркімбай (97 келі) және Юсуп Батырмұрзаев (125 келі).

Әйелдер күресі: Эллада Махяддинова (50 келі), Алтын Шағаева (53 келі), Марина Седнева (55 келі), Нилуфар Раимова (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Ирина Кузнецова (62 келі), Әлбина Қайыргелдинова (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі), Жәмила Бақбергенова (72 келі) және Елмира Сыздықова (76 келі).

Тегтер: