Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Азия чемпионы атанған қазақ спортшысы Медине қаласында қамауға алынды

Веселов
Фото: БАҚ

Пауэрлифтингтен Азия чемпионы, 19 жастағы Сергей Веселов Сауд Арабиясының Мәдина қаласында қамауға алынды. 

Спортшының әкесі берген мәліметке сүйенсек, Сергей 19 маусым күні Астанадан Ыстанбұлға демалысқа аттанған. Алғашқы аптада ол туыстарымен байланыста болған, алайда кейіннен хабарсыз кеткен. Іздеу салған әкесі ұлының Сауд Арабиясының Мәдина қаласында екенін анықтаған. Қазір оның тірі екені белгілі, бірақ нақты қай жерде отырғаны мен қандай баппен айыпталып жатқаны белгісіз.

Telegram-дағы “За нами уже выехали” арнасы хабарлағандай, Сергейдің Сауд Арабиясына қандай мақсатпен барғаны да анық емес. Тек белгілісі — қазір ол тергеу изоляторында.

«Консулмен сөйлестік. Ол қазір тергеу изоляторында отырғанын растады. Бірақ нақты не үшін ұсталғаны және қандай баппен айыпталып жатқаны жайлы ақпарат жоқ. Консул бізге “уақыт қажет” деді. Ұлым Сауд Арабиясында екенін өзі де растады», - дейді Сергейдің әкесі.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі де бұл жағдайды растады. Министрліктің хабарлауынша, Сергей Сауд Арабиясының құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған. Қазіргі таңда ешқандай ресми айып тағылған жоқ, жағдай нақтыланып жатыр.

Веселовтар отбасы ұлдарына адвокат пен кәсіби аудармашы жалдау үшін қаражат жинап жатыр. Олар қазақстандықтардан көмек пен қолдау сұрайды.

Айта кетейік, Сергей Веселов — Шығыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионатының жүлдегері. Жас болса да халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшының тағдыры қазір белгісіз күйде қалып отыр.