Азық-түліктің қымбаттауының да себебі бар
Еліміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасы биыл да едәуір өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы желтоқсандағы азық-түлік бағасы жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда, 10,8 пайызға көтеріліпті.
Әсіресе, Алматыдағы көк базарда баға шарықтап тұр.
Бұл жөнінде Мырзахан Қабасов есімді оқырманымыз былтырдан бері азық-түлік бағасына көңілі толмайтынын айтады.
— Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 8 миллиард теңге бөлініп, сиыр еті – 2050 теңге болады деген сөзі жоққа шыққаны ма? Орамжапырақ – 90 теңгеден, картоп – 120 теңгеден аспайды деген ақпаратты оқыдым. Бірақ өзгеріс жоқ. Олай болса, ол ақшаны несіне бөлді? Орамжапырақтары жұдырықтай ғана, картоптары грек жаңғағының көлеміндей, сәбізі саусақтай. Арзан деп отырғаны сол болар. Осындай көзбояушылықтар көп, – дейді.
Оқырманымыздың сөзінен кейін базарлардағы бағаларды нақтылау мақсатында азық-түлік бағаларын салыстырып көрдік. Көк базардың ішіндегі азық-түліктің бағалары ойнап тұрғанын байқадық. Мәселен, Көк базардың үстінгі қабатында картоп, сәбіз – 500, орамжапырақ – 350, пияз – 200 болса, төменгі бөлігінде картоп, сәбіз – 250, орамжапырақ – 300, пияз – 150 теңгеден сатылуда. Нан 150-250 теңге аралығында болса, жұмыртқа бағасы – 65-70 теңгені құрайды. Ал ет өнімдеріне келсек, сиыр еті – 2800, жылқы еті – 3000, қой еті 2400, тауық еті 1100 теңгеден сатылуда. Бірақ сауда орнында ет алып жүрген адамдардың қарасы бірен-саран. Мұның себебін сатушы Айсұлу Сырғабекқызы былай деп түсіндіріп берді.
«Мәселен, еттің сапасына қарай арзан, қымбат деп, бөліп сатамыз. Арзан етті әкеліп сатсақ, оны алған ел бір алғаннан кейін оны екінші рет алмайды. Өзіміз сиыр етін көтерме бағамен 2400 теңгеге аламыз да үстінен 400 теңге қосып сатамыз. Бірақ бұл ақша сауда орнымыздың жалдау ақысын ақтамайды. Бұл барлық базардағы саудагерлердің басындағы жағдай. Көпшілік жақсы етті алғысы келеді. Бірақ олардың бағасы қымбат болғандықтан, халықтың қалтасы көтере бермейді. Сол себепті, халықта ақша, бізде сауда жоқ» дейді.
Ал өзінің аты-жөнін айтқысы келмеген жылқы етін сатушы «Қазыны – 4500 теңге деп айтқанымызбен, халықтың қалтасына қарап, 4200 одан қалды – 3800 теңгеге сатамыз. Көтерме баға түспей тұр. Көтерме баға түссе, бізде арзанға сатар едік. Әрі саудамызда болар еді. Қазір ешқандай сауда жоқ, жалға алған орнымыздың ақшасын ақтай алмай отырмыз. Сағынтаевтың ақша бөлдік деген жаңалығынан бейхабармыз», — дейді.
Аңғарғанымыз сатушының да, халықтың да өз базынасы бар. Сол себепті, Сағынтаев айтқан картопқа көтерме бағаны – 260 теңгеден 125 теңгеге дейін, сәбізге – 450 теңгеден 200 теңгеге дейін төмендетуге ықпал еттік деп, халықты ашықтан ашық алдай салғаны ма, әлде Сағынтаевты сауда орындарының иелері алдап жүр ме? деген ойда қалдық. Бұлай ойлауымызға пікір беруден қашып, қорқақтаған саудагерлер дәлел. Өйткені, көк базармен қатар, Алматыдағы ең ірі азық-түлік «Оптовка» сауда базарындағы сатушылардың көбісі пікір берсе де, аты-жөнін айтпауды өтінді. Тіпті, «пікірімді жазбаңдаршы, ертеңгі күні базардан қуып шығады. Жеп отырған нанымыздан айырыламыз», деп өтінгендер де болды. Аты-жөнін айтпауды өтінген сатушының бірі «Қымбатшылық барлық жерде болып жатыр. Жалға алған орнымыз да қымбат. Етті көтерме бағамен сатып аламыз. Бірақ үстінен азғантай тиын-тебен қосып сатамыз. Соның өзінде қазір сауда жоқ», — дейді.
«Оптовка» базарындағы азық-түлік бағаларына келсек, сиыр еті – 2800-2900 тг, жылқы еті – 3000-3700, қой еті – 2200-2400 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал картоп – 220-250, сәбіз – 250, пияз –150, орамжапырақ – 350 теңге. Нан 120-180 теңгеден болса, жұмыртқа сапасына қарай 1 түйірі – 45 теңгеден 65 теңгеге дейін сатылуда. Сұйық майдың 5 литрі 3800 теңгеге дейін қымбаттаған.
Сонымен қатар, «Тоймарт» сауда нысанындағы азық-түлік бағалары да көңіл көншітпейді. Себебі, онда картоп –295-299 теңгеден, тетрапакеттегі сүт бағасы – 300 теңгеден жоғары, сұйық майдың 1 литрі жеңілдетілген бағамен – 695 теңгеден басталады екен. Жұмыртқа жеңілдікпен – 39 теңгеден, макарондардың бағасы 200 теңгеден жоғары.
Бағдат Бөкеева есімді тұрғын азық-түлік бағасы былтырғыға қарағанда, 2 есе қымбаттағанын айтады. Сондай-ақ «Қазір еттен бастап бәрі қымбаттап жатыр. Картопты – 230-250 теңгенің айналасында алып жүрмін. «Алтын орда» базарынан алайын десем, таразыдан көп жейді. Сүт те, нан да қымбат. Көңіл толатындай, ештеңе жоқ», десе, Дария Есболова есімді тұрғын «қымбаттаған баға «түсті, түсті» деп хабарлап жатқанымен, әлі баға түскен жоқ. Шындап келгенде, барлық баға сапасына сай емес» екенін айтып, қынжылды.
Ал аты-жөнін айтудан қорыққан сатушы қыз тексерістің барлығын шекарадан бастау керек екенін айтады. Өйткені «Бізге келетін тауарлардың 98 пайызы шетелден келеді. Біздегі отандық өнімдерге келсек, барлығы Ресейге кетіп жатыр. Өз өнімімізді – Ресейге беріп, Қытайдың, Тәшкенттің тауарларын сатып аламыз. Мәселен, осыған дейін – 20-30 теңгеден сатылып келген қарбыздың былтыр ең төменгі бағасы – 50 теңгеден түспеді. Ресей – 55 теңгеден вагон-вагон қылып сатып алып кетті. Сол сияқты қызанақты –Түрікмениядан, қияр мен шөп-шалаңды – Тәшкенттен, Қытайдан, Түркиядан – қызыл бұрыш, Ираннан – баклажанды алып жатырмыз. Ал шекарадағылар тауар тасушыларды ақшамен кіргізеді. Қазақстанда жемқор да, көзбояушылық та көп. Қай жерді тексеретін болса да, ешқандай ескертусіз, қарапайым киіммен сатып алушы ретінде тексерсін. Әйтпесе, шындыққа көздері жетпейді. Тексеріс кезінде бізге «еттің бағасын – 2050 теңгеден, картопты – 200 теңге» деп айтыңдар деді. Әйтпесе, базардан шығып кетесіңдер деп қорқытады. Біздің ешқандай кінәміз жоқ. Жалдау ақымызды төлеуіміз керек. Шекараға төлейміз. Тағы сол сияқты одан да басқа шығындарымыз көп. Кейде алған тауарларымыз шіріп, өтпей де қалып жатады. Тексерістің барлығын шекарадан бастау керек. Өйткені әр жәшігімізге – 40 мың теңгеге дейін төлеп жатамыз. Былық көп. Қарапайым халықты қысқанды қашан қояды бұл билік? Мысалға, отшашуды сатуға тыйым салып жатады. Бірақ сол отшашу шетелден бізге қалай келіп жатыр? Ешкім отшашуды «шекарадан қалай өтті» деп, себебіне үңілмей, айналып келіп, қарапайым халықты қыса береді. Бұл да сол сияқты. Шындықты білудің бір-ақ жолы – еш ескертусіз келіп тексеру», — дейді. Дегенмен де өз пікірін айтып алып, артынша, ешқайда жарияламаңыздаршы деп өтінді. Міне, біздегі елдің жағдайы осындай. Саудагерлердің қорқып қалғанынан базарлар мен ірі азық-түлік сауда орындарының басшыларының да астыртын былықтарын аңғарып қалдық. Ал азық-түлік бағасын реттеуді әкімдік жіті қадағалап, тексеруді қолға алса, жағдай біршама реттелетін шығар деген үміт бар.