БАӘ Ресейге ГРУ генералына жасалған қастандыққа күдіктіні экстрадициялады
Ресейдің құқық қорғау органдары генерал-лейтенант Владимир Алексеевке жасалған қастандыққа қатысы бар үш адамның есімін атады.
Негізгі күдікті Біріккен Араб Әмірліктерінен Ресейге экстрадицияланды.
Тергеу комитетінің мәліметінше, қылмысты орындады деген күдік Ресей азаматы, 1960 жылы туған Любомир Корбаға тағылып отыр. Қастандықтан кейін бірнеше сағат өткен соң ол БАӘ-ге ұшып кеткен, сол жерде ұсталып, кейін Ресейге жеткізілген.
«Корбаның өткен жылдың желтоқсан айының соңында Украина арнайы қызметтерінің тапсырмасымен Мәскеуге келіп, террористік акт жасауға дайындалғаны анықталды», — делінген Тергеу комитетінің хабарламасында.
Сонымен қатар Мәскеу облысы аумағында күдіктінің сыбайласы Виктор Васиннің де ұсталғаны хабарланды. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Ал үшінші күдікті, ресейлік күштік құрылымдардың мәліметінше, Украина аумағына кеткен.
«Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ ұйымдастырушыларды табу мақсатында тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр», — деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, 6 ақпан, жұма күні Мәскеуде Ресей Қарулы күштері Бас штабының Бас барлау басқармасы (ГРУ) бастығының бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Владимир Алексеевке оқ атылған. Генерал ауруханаға жеткізілді.
Ал 2025 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде автокөлік жарылысы салдарынан Бас штабтың жедел дайындық басқармасының басшысы, генерал-лейтенант Фанил Сарваров қаза тапқан болатын.