БАӘ соты сегіз өзбекстандықты өмір бойына бас бостандығынан айырды
Біріккен Араб Әмірліктерінің соты Дубай қаласында болған жаппай төбелеске байланысты сегіз Өзбекстан азаматын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Тағы бір азамат 25 жылға сотталды. Бұл туралы Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ахрор Бурханов мәлімдеді.
Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта Өзбекстанның тиісті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері істің барлық мән-жайын жан-жақты зерделеу және ел азаматтарының құқықтарын қорғау мақсатында қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Оқиға 2025 жылдың сәуір айында Дубай қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған. Онда Өзбекстан азаматтарының қатысуымен жаппай төбелес тіркелген.
БАӘ құқық қорғау органдарының дерегінше, қақтығыс салдарынан екі өзбекстандық азамат қаза тапқан. Оның бірі оқиға орнында пышақ жарақатынан көз жұмса, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, комаға түскеннен кейін қайтыс болған.
Кейінірек Дубай прокуратурасы жанжал бұрыннан бір-бірін танитын екі топ арасында болғанын және оның жеке бас араздығына байланысты туындағанын нақтылады. Тергеу барысында оқиғаға қатысушылар бейнебақылау камераларының жазбалары мен куәгерлердің айғақтары арқылы анықталып, басқа эмираттағы қонақүйлердің бірінде ұсталған. Іс одан әрі қарау үшін прокуратураға жолданған.
2025 жылғы 25 сәуірде Өзбекстан дипломаттары Дубайдың Қылмыстық іздестіру департаменті басшылығымен кездесу өткізген. Сол кезде бұл іс бойынша 15 Өзбекстан азаматы ұсталғаны және тергеу амалдары жүріп жатқаны хабарланған болатын.
Өткен жылы БАӘ билігі шетелде Өзбекстан азаматтарының қатысуымен жасалатын құқықбұзушылықтардың көбеюі екі ел арасындағы қолданыстағы визасыз режимге кері әсер етуі мүмкін екенін де ескерткен.