Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Бабалар сөзін тірілткен...

 Сейіт Қасқабасов
Фото: ашық дереккөз

Ол ежелде діңі берік, мәуелі биік бәйтеректей көкке ұмсынған ұлтының рухани мұрасының желге ұшқан жапырақтай әбден тоз-тозы шыққан жүдеу, жадау шағында ғылымға келді.

Бұл тұста ертеде қайыңның безіндей туған халқының болмыс-бітімімен біте қайнасқан фольклорлық мұрасы отарлаушы ұлт тарапынан бұтарланып, бұрмаланып, көбісі қара көлеңке архивтерде шаң басып жатқан-ды. Ол ежелгі мұраны шаң-тозаңнан сілкіп арши бастады. Біртіндеп қазақтың халық прозасының негізін қалады. Ертегі, аңыз, мифтердің бойына қан жүгіртіп, жан бітірді. Фольклордың теориялық қалпын тиянақтады. Сөйте жүріп жолын жалғайтын шәкірт тәрбиеледі. Сұңғыла ізбасарларын тың, соны тақырыптарға салды. Өзі желдің өтінде тұрып, олардың еңбектерін шашау шығартпай қорғатты. Ол ұлтының ұшан-теңіз мұрасының басын қосып «Бабалар сөзінің» 100 томын құрастыруға ұйытқы болды. Мехнатты жұмысты абыроймен алып шықты. Еншілі ғұмырын тұтастай ұлт руханиятына арнады. Ақыры, міне, жарық дүниедегі дәм-тұзы таусылып, иілмеген, бүгілмеген, туа бітті мінезінен фәниден бақиға көшті. Соңына хаты өлмейтін ғалымның шын бейнесін қалдырды. Рухы пейіште шалқысын!

Ол көрнекті ғалым – Сейіт Қасқабасов.

Классикалық толқынның соңғы тұяғы

Қазақ әдебиет айдынындағы классикалық әдебиеттанушылардың ең соңғы тұяғы Сейіт Қасқабасов та қайтыс болыпты. Сонау ертеде М.Әуезов, Ж.Аймауытовтар бастап кеткен, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиевтер негізін қалаған классикалық әдебиеттанудың ең соңғы тұяғы өмірден озды. Осымен қазақ әдебиеттануының бір дәуірлік тарихы өзінің нүктесін қойды. Әдебиет айдынында кемелер кетіп, біз секілді қайықтар қалдық.

Сейіттің бойындағы ғылыми қасиет туа біткен. Оның ойлау жүйесі, жазу мәнері және теориялық қағидаттарды рет-ретімен талдауы 1960 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі елу жылдық әдебиеттанудағы үлкен үрдіс болатын. Ол кісі ғылыми терминдерді саты, сатысымен қоя білетін. Әдебиеттану ғылымын ең төменгі нүктеден бастаған адам сол саты арқылы біртіндеп жоғарылап отырып, оның ең биік деңгейіне көтерілетін. Оның жазғаны да, оқыған дәрістері де сондай тиянақты. Сонымен қатар С.Қасқабасовтың қазақ фольклорындағы проза, Абайдың шығармаларындағы прозалық үлгілер, «Ескендір» поэмасының жазылу тарихы мен текстологиясы туралы жазғандары үлкен үрдісті шығармалар.

Міне, осындай ғылым қайраткерін ақтық сапарға шығарып тұрғанымыз өкінішті. Енді кім? Бұрын, тіпті менің өзім кейінгі жиырма жылдағы барлық кітаптарымды С.Қасқабасовқа рецензияға бермей жарияламаушы едім. Оның әр пікірі, тіпті терістеген күннің өзінде маған басқаша бір ой салып, ғылыми бағыт-бағдар сілтейтін.

1987-1989 жылдардағы Алаш арыстарын ақтау кезіндегі іс-әрекет және сондағы жазылған анықтамалардың барлығын С.Қасқабасов марқұм жазып еді. Мұны біз өзара «ешкімге айтпаймыз» деп келіскен едік. Әсіресе Орталық комитетке нұсқаушы болып барғаннан кейін, Ө.Жәнібековтің кеңесшісі болғаннан кейін 1988 жылы 24 сәуірде сот жүзінде ақталған Алаш қайраткерлерін Ө.Жәнібеков екеуі іске айналдырды. Колбиннің алдына мәселе етіп қойып, қаулы шығаруға дейін жеткізді. Егерде сол кезде Колбиннің мәдениет, әдебиет жөніндегі кеңесшісі С.Қасқабасов пен заң жөніндегі кеңесшісі С.Қасымов болмағанда Алаш ардагерлерінің ақталуы кем дегенде 1,5-2 жылға созылар еді. Ал бұл халықты оятудағы, тәуелсіздік алудағы дайындыққа үлкен нұқсан келтіретін еді.

Сейіт Асқарұлы қазақ әдебиеті тарихындағы және оның теориялық үрдісіндегі классикалық толқынның соңғы тұяғы. Енді біз кемелер кеткенде артында қалған қайықтар қалтылдап өмір сүреміз, өкініштісі – осы. Бірақ Қасқабасов сияқты ғұламалар тамырын тереңге жайдырып кеткен әдебиеттану ғылымы көктейді, көгереді, ертеңгі күнге өз өнімін молынан қаулатып өсіреді деп ойлаймын.

Адам ретінде де жүрегі жылы, нақты сөйлейтін шыншыл, шындықтың өзін көңіліңді қалдырмай жеткізетін жан еді. Жатқан жері жайлы, топырағы торға, иманы жолдас болсын! Көрден қиямет-қайымға дейінгі көмескі өмірде Алла алдынан жарығын түсірсін!

Тұрсын Жұртбай

Қазақ фольклортануын халықаралық деңгейге көтерген ғалым

С.Қасқабасовтың қайтыс болуы – орны толмас үлкен қаза. Сейіт ағамыз қазақтың ғана емес, жалпы түркі халықтарының фольклорын зерттеуге үлес қосқан ғалым. Соңына үлкен мектеп қалдырған тұлға. Сондай-ақ ол кісі ғылым ісін үйлестірген, ұйымдастырған қайраткер. Қазақстан тәуелсіздік алған кезінде қазақ ғылымын Совет өкіметінен бөліп, Қазақстанның тәуелсіз ғылым қорғайтын комитетінің негізін салған, алғашқы Жоғары аттестациялық комиссияны басқарған кісі. Сонымен қатар қуғын-сүргін көрген Алаш зиялыларының құжаттарын дайындап, оларды ақтау ісіне үлкен үлес қосты.

Сейіт ағаны ең әуелі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым деп айтамыз. Кезінде қазақ фольклорының «Бабалар сөзі» деп аталатын жүз томы жарық көрді. Мұның көбісі бұған дейін архив қоймаларында шаң басып жатқан, жарыққа жеткендерінің өзі бұрмаланып, жұлмаланып шығарылған. Совет өкіметі кезінде біздің фольклорымыз, ертегі, дастан-жырларымыз қайшыға ілінген. Үкімет өздеріне жақпайтын тұстарын кесіп алып тастап отырған. Соның бәрін қайтадан қалпына келтіріп, текстологиялық жұмыс жасап, ғылыми түсініктемелерін жазып шығардық. Осы әлемде теңдесі жоқ мегажобаны атқарып, ұйымдастырған Сейіт аға. Осы жұмысқа кіріскенде «бізден жүз том фольклор шықпайды» деп бұған күмәнмен қарағандар да болды. Алайда осының бар ауыр салмағын М.Әуезов атындағы институттың ғалымдары және институт басшысы Сейіт аға көтеріп алды. Бүгінге дейін түркі және әлем халықтарында жүз том фольклоры бар тек қазақ халқы ғана.

Сейіт аға бізге «қазақ халқының мұрасы үш жерде сақталған. Оның біріншісі, ескі қорымдарды қазсаң, археологиялық мұраң шығады. Екіншісі, халқымыздың алтын сандық кеудесін қазып, көзі тірі ақсақал ата-апаларымыздан жазып алсаң, сонда қазына бар. Үшіншісі, қолжазба, архив, қоймада тұрған дүниелер. Осының бәрін жинау керек» дейтін.

С.Қасқабасов 1950 жылдары ғылымға келді. М.Әуезов батасын беріп, қазақ ертегісін зерттеуге бағыттаған. Кейіннен қазақтың қиял-ғажайып ертегісін этнографикалық қырынан, салт-дәстүрімізбен байланыстырып зерттеді. Содан соң Шығыс мұраларымен, араб, парсы әлемімен сабақтастырып зерделеді. Біздің мәдени мұрамыздың көбісінің шығыспен тамырласып тұрғанын сол кездің өзінде ғылыми тұрғыда айқындап берді. Құран Кәрімді Совет өкіметі кезінде ғылыми нысанға айналдырды. Ол жылдары Құран Кәрімді ғылыми айналымға кіргізбек түгілі, оның атын айтқандарды мәнсұқтайтын. Сондай-ақ Сейіт аға ауыз әдебиетіміздегі үлкен прозаны негіздеп, ертегі, аңыздарды жеке-жеке жанр етіп жасады. Мұны «халық прозасы» деп атады. Түркі елдерінің көбісінде Сейіт ағаның шәкірттері бар. Түркияда, Татарстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда бұл кісіні біледі, еңбектерімен жақсы таныс. Демек Сейіт аға қазақ фольклортануын халықаралық деңгейге көтерген ғалым.

Сейіт аға өзіндік көзқарас, пікір ұстанымында өте табанды қайраткер. Өзі бет алған жолынан бұрылып, айналасына жалтақтамайтын. Босмойын болып, былқ-сылқ етіп билікті жақтап, біреулердің жетегінде кетіп қалмайтын. Бұл кісі өте табанды, өз мұратына, ғылымға, ата-бабасына адал, батыр мінезді кісі еді. Жұмыс уақытында кабинетіне бара қалсаң бастапқыда түсі сұсты, бюрократ сияқты көрінеді. Өйткені өте тәртіптің, жауапкершіліктің адамы. Осы темірдей тәртібінің арқасында «Бабалар сөзінің» жүз томын дайындап шықты. Тіпті жігер күшін, денсаулығын да ғылымға арнады. Кабинетінде сұсты дедік, енді үйіне бара қалсаң мейірбан қазақтың қариясын көресіз. Тамара тәтем марқұм да дастарқанды көл-көсір етіп жасайтын, ас үстінде еркін отырып әзіл-қалжыңын араластырып, әңгімемізді айтатынбыз. Сосын кабинетіне барардың алдында домбыра тартады, өзіңе домбыра ұсынады. Арқаның жақсы әндерін айтатын. Сөйтіп көңілін көтергеннен кейін кабинетіне барып, шәкірттерімен жұмысын бастайтын. Шәкірттерінен кітап аямайтын. Сұраған кітабыңды қолыңды қақпай беріп, тізімдеп алып қалатын. Үнемі шәкірттерім үйренсін, болсын деп тілеп отыратын, үнемі шәкірттерінің жолын ашатын ұста адам еді. Мені ғылымға әкелген де Сейіт аға. Бүкіл кітаптарымды қадағалап шығартты. Арнайы тапсырма беріп, «фольклордағы түркі-монғол бірлігі» деген саланы маған жүктеді. Шәкірттерінің әр қайсысына әртүрлі тақырып берді. Мысалы, К.Матыжановқа басында балалар фольклорын берді, кейіннен отбасылық ғұрып фольклорын беріп, қорғатқызды. Шәмшәдин Керімге сал серілерден кандидаттық, қазақ жұмбағынан докторлық қорғаттырды. Сонда шәкірттеріне «табанды, қайсар болыңдар, орта жолдан тайқып кететін қазақтың жаман бір мінезі бар. Олай болмауы керек. Ғылымға келдің бе, соңына дейін күрес, тіпті соның жолында өзіңді құрбандыққа шалуға дайын бол» дейтін. Өзі өмірде сондайға барған кісі.

Өмірде аса қанағатшыл адам еді. Байлыққа, сыйлыққа, жылтырақ дүниелерге онша үйір болмады. Ол кісі халқым, ғылым, қазақ халқының рухани қазынасы деп өмірден өтті. Адам ретінде бақытты ғұмыр кешті. Немере, шөбере сүйді. Ұрпақтары ел қатарлы тіршілік етіп жатыр. Шәкірттеріне де, ұрпақтарына да көңілі толатын. Сондықтан арманы жоқ кісі деп айтсақ болады. Тек «қазақтың тәуелсіздігі мәнді, мәңгі болсын» деген арман-мұраты бар еді. Сейіт аға кеше ғана өмірден көшкен М.Мағауин, Ә.Таразидің досы еді, бірінен кейін бірі кетіп, ұлылар сиреп барады.

Ағамыздың алды иманды, арты қайырлы болсын. Рухы пейіште шалқысын!

Ақеділ Тойшан

ӘДЕБИЕТ ПЕН ҒЫЛЫМҒА АДАЛДЫҚ ТАНЫТТЫ

Көрнекті ғалым, сөз өнері, қазақ тарихы жөнінде жан-жақты зерттеулер жүргізген Сейіт ағамыз дүниеден көшіпті. Ол кісінің қазақ руханиятына қосқан үлесі сан салалы, арналы. Ағамызды тек фольклортанушы дей алмаймын, ауыз әдебиетімен қатар қазақ жазба әдебиеті туралы да іргелі еңбектер жазды. Қазақ театртану саласына да елеулі үлес қосты, Қазақ Совет энциклопедиясының авторларының бірі. Тек қазақ фольклоры емес, күллі түркі, ТМД халықтарының фольклорын зерттеуде өлшеусіз еңбек етті. Әсіресе халықтық прозаны зерттеуде әдебиеттануға тың көзқарас алып келді. Бұрын аңыз бен ертегіні ғана айтсақ, С.Қасқабасов қазақта миф бар екенін дәлелдеп берді. Бұрын миф ежелгі гректер мен Римде ғана бар деп есептеуші едік, ал Сейіт ағамыз әдебиеттану ғылымында миф қазақ халықтық прозасының ажырамас бөлшегі екенін дәлелдеді. Сондай-ақ Секең талай шәкірттің, бүгінде алды азулы әдебиеттанушыға айналған талай әдебиетшінің жолын ашып, батасын берген ұлы ұстаз еді. Мұны қазір бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде «Қасқабасовтың мектебінен» өтіп, ғалымның алдын көрген шәкірттері әдебиеттануда іргелі еңбектер жазып жүр. Осы орайда Евразия ұлттық университетіне сіңірген еңбегін ерекше атап өткен жөн болар. Әсіресе филология факультетінің кадрлық жағынан қалыптасуына көп қызмет етті. Университет ашылған жылдары ғылыми Шығыстану орталығының басшысы боп қызметке барды. Кейінгі жылдары қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Осы университет қалыптасқан кезден елеулі еңбек сіңіріп, дамуына үлес қосты. Кезінде Астанаға батпақ, маса деп ешкім көшкісі келмегені рас. Сол замандарда елордаға алғашқы қарлығаш боп, ғылымның көшін бастап барып, айналасына мықты әдебиетшілерді топтастырды. Рымғали Нұрғали, Диқан Қамзабекұлы сынды зерттеушілерді шақырып, солардың ұйытқысы болғаны есімізде. Астанаға көшкен ғалымның бәрі дерлік ең әуелі Сейіт ағаның үйіне барып, Тамара апайдың шайын ішетін. Кейін сексен жасында Алматыны сағынып, институтқа қайта келді. Редакцияда дәл қазір атқарып жатқан жұмыстары бар еді. Бүгінде бес томдық жинағы жарық көрді, дегенмен оған да сыймаған, тыс қалған зерттеулері қаншама. Бір таңғалдыратыны, ағамыздың қаламы жүйрік еді, жылдам жазатын. Ғұмырының соңына дейін еңбектеніп, зерттеумен айналысты. Әдебиетке, ғылымға деген адалдық осы болса керек.

Ғылым жолындағы сара жол, сарабдал болмысынан бөлек, Сейіт Қасқабасовтың адамгершілігі бір төбе еді. Жұбайы Тамара жеңгеміз де жаңа жылдың қарсаңында қайтып еді. Енді, міне, соңынан Сейіт ағамыз да мәңгілікке сапар шекті. Екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Тамара апайымыз бен Серік ағамыздың махаббатына, адалдығына сүйсіне қараушы едік! Орындары ойсырап қалды. Талай жыл институт директоры, бөлім меңгерушісі боп жүрген шағында тек басшы емес, адамгершілігімен есте қалар ардақты ағамызға айналып кетті. Жекіріп, ұрысуды білмейтін, ұлт тәрбиесі мен болмысы жайында айтып қана қоймай, ағамыз өзі де соның жарқын үлгісі болды. Кезінде Ақселеу Сейдімбек ағамыз екеуі бөлімде отырған шағында екеуара әңгімесі сондай жарасымды болатын. Екеуінің айтатын әңгімесі не бір кітаптан да құнды қазына еді. Бүгінде ағамыздың тәрбиелеп өсірген төрт ұлы да еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген еңсесі биік, абыройлы азаматтар. Отбасына, балаларына қайғыра көңіл айтамыз!

Сейілбек СӘКЕН