Бабалардың ой түбінде жатқан шерін тірілтті
Мемлекет басшысының көңіл айтуынан бастап, туысқан түркі жұрты, күллі қазақ халқы ұлы жазушы Мұхтар Мағауинмен қош айтысты.
Бабаларымыздың ой түбінде шер толқытқан дәуір тарихын тұтас қамтып кеткен біртуар. Менің түсінігімдегі шын суреткер алған атағы не тіршіліктегі даңқымен ғана емес, өз заманының көкейкесті күрделі тарихи оқиғаларына үн қата алады. Өзінің ғана емес, ұлтының қасіретін-шерін бірге жұтып, сол шерді шығарып, көркем дүниеге айналдырып, ұлтының қажетіне жарататын тұлға. Біз Мағауин келбетінен, қаламгер тұлғасынан осыны аңғардық. Ол бабалардың ой түбінде жатқан шерін қайта тірілтіп, тасқа басып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Ұлттың ұмыт бола бастаған мұрасын өзіне қайтарды, соны жазып үлгерді. Мұхтар Мағауин Алаш алыптарымен рухтас еді, бойында Алаш арыстарына тән бауырмалдық, ұлтшылдық бар еді. Алаш арыстары маңына жастарды қалай топтастырса, бұл кісі де дәл солай елінің қамын ойлаған, елінің тағдырына жанкештілікпен еңбек еткен тұлғаларды жанына топтастыра алды. Солармен сырлас, мұраттас, серіктес болды. Мұратына сай қазақ жастарының жолын ашып, оларға қамқор болуды парыз деп білген. Кеңестік дәуірде жастарға «Жұлдыз» журналына не «Қазақ әдебиеті» газетіне шығуға жол табыла бермейтін. Сол кезде «Жұлдыздың» бесінші санын жас жазушыларға, жас ақындарға, әдебиетке енді қадам басқан әдебиет сыншылары мен ғалымдарға арнады. Журналдың бүкіл бір санын жастарға арнау сол кездің өзінде үлкен ерлік еді. Себебі әр қадамы үшін жауап беретін. Бірақ жазушының көрегендігі әрі қамқорлығының арқасында оқырманымен қауышқан жас жазушылар бүгінгі әдебиетте өз биігінде келе жатыр. «Замандастарымнан екі адамды ғана АҒА деп айттым! Бірі – Әкім аға, екіншісі – Сайын аға» депті соңғы бір естелігінде.
Бет қаратпайтын өжет, тұла бойындағы білімі, сана тәуелсіздігі оны қашанда өзгелерден ерекшелендіріп тұрды. Ұлтының мұрасын қайта тірілтіп, еліне табыстап үлгерген майталман. Бос сөзге бас ауыртқан емес. Ұлтын осынша сүйетін адам болды. Оның, тіпті, ең соңғы сәттегі жазып қалдырған сөзінің өзі адамды қалай рухтандырады десеңізші! Мұхтар Мағауиннің соңғы демімен шыққан «Алапат бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, мәңгілік аруаққа айналам» деуінің өзінде қаһарман, қайсар, қабырғасы сөгілмейтін, алапат суреткерліктің негізі жатыр. Мағауин қазақ жұрағатының, қазақ қана қимайтын тұлға емес, жалпы түркі жұрағатының қимас ірі тұлғасы деп бағалаймын. Ол шын мәнінде ұлтқа қызмет ете білген, ұлтын сүйген қазақтың арда ұлы.
Роза Мұқанова
жазушы