Бадам суалып, ауыл қуарып барады... Сыздықбековке ауыл ақсақалының үні жете ме?
Шырайлы Шымкенттің іргесіне орналасқан Жаңа талап елді мекені көз алдымызда тозып бара жатқанын көріп, көңілің құлазиды...
Кешегі Кеңес дәуірінде «Шымкент» жеміс-жидек совхозы атанып, тек қана оңтүстік өңірін ғана емес, солтүстік аймақты да сапалы өніммен қамтамасыз еткен табысы мол іргелі шаруашылық болатын. Болашағы бар мекемеде неміс, украин, беларусь, өзбек, әзербайжан, түрік, татар, ұйғыр, кәріс, т.б. барлық ұлт өкілдері өмір сүріп, алаңсыз еңбек етті. Қазір сол ағайындар тарихи Отанына оралып, ауылда 96% қазақтар қалдық. Татулық пен ынтымақтың ауылы алыстап, ағайын арасында ауызбірлік жоғалып, алауыздық белең алды..... «Аңқау елге арамза молда» дегендей, елге көк тиын да пайдасы жоқ Құрал Байменов, Жамбыл Әлімқұлов, Әлібай Шегірбайұлы деген «болашақты көзін жұмып тұрып айтатын» билер пайда болды. Алақандай ауылда «көктен түскен» билер қаптап кетті.
1997 жылы шаруашылық қарызға белшеден батып, нарықтың дағдарысына төтеп бере алмай, банкротқа ұшырап, шаруашылықтың мал-мүлкі, техникасы, құрал-сайманы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Бүгінгі таңда әркім өзінің жер үлесін алып, тіршілік қамына кіріскен. Бірақ техникасы жоқтар әркімге бір жетім баладай жалтақтап, өлместің күйін кешіп жүр. Тұрғындардың бір бөлігі «тұрымтай тұсымен, балапан басымен» болып, Солтүстік пен Батыс Қазақстанды жағалап кетті. Жанымызға аяздай бататыны – ауылдың пайдакүнем «пысықайлары» жер қазатын алып техникалары мен жүк тасымалдайтын 40 тонналық ауыр техникаларды сатып алып, Бадам өзенін бойлай тас, құмды әкесінен қалған байлықтай күні-түні тасып, пайдаға белшеден батып жүр. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, білгенін істеп, тайраңдап жүр. Тегін табысқа ұрты майланып, көкірегіне нан пісердей айналасына маңғаздана қарап, кісі танымайтын халге жеткен. Өзен арнасында жайқалып өсіп тұрған жиде, жыңғыл, қарағаш, бақа терек, тобылғы, келіншек талдарды қоғадай жапырып, қопарып жатыр. Табиғаттың су флорасы мен өсімдік флорасын талқандап, өзенді тас шығаратын карьерге айналдырған. Өзенді жағалап жүрген құндыз, ондатр, су тышқандары мен балықтар ізім-ғайым жоғалса, өзеннің сәнін келтіріп жұптасып жүретін көкқұтандар мен топталып ұшатын шағалалар ат ізін салмағалы қашан?
Тас ала берген соң өзендегі су деңгейі төмен түсіп, әр үйдің ауласында тұрған піспек құдықтан су шықпай қалды. Қайта қаздыруға адамдарда қаражат жоқ. Қара нан мен қара шайға жарымай отырған көпбалалы отбасылар қаншама. Су деңгейі төмен болғандықтан ауылдың ортасынан өтетін арықта да су жоқ. Қаңырап тұр. Есік алдындағы жеміс ағаш пен көкөністердің жапырақтары сарғайып, қурап жатыр. «Ашыққаннан құныққан жаман» дегендей, әлгі «ашкөздер» жайылымдық жерге берілген сай-сала мен қыраттарды ауыр шетелдік техникамен қазып, топырағын сатып жатыр. Бұлай жалғаса берсе көп ұзамай экологиялық апатқа ұшырап, шөл мен шөлейтті аймаққа айналамыз. Бұл жөнінде қалалық экология департаменті мен табиғат қорғау прокуратурасына да бірнеше рет айтылған. Бірақ олар білмеген, естімеген сыңай танытып отыр. Ауылдың іші көкала шаң. Дем алу мүмкін емес. Ауыл тұрғындары арасында бронхит, астма, демікпе кеселдері көбейген. Халықтың жанайқайын көретін, еститін құлақ табылмай тұр.
Кеңес заманында 1980 жылы мемлекеттік стандартқа сай етіп мықты да сапалы салынған үлкен көпір де құлап тынды, осылардың кесірінен. Күні-түні көпірдің айналасын қаза берген соң, құламай қайтсін. Бұл Шымкент қаласы мен 3000 тұрғыны бар Жаңа талап ауылын байланыстырып тұрған жалғыз көпір болатын. Көпірді жөндеу жұмыстары басталғанымен, ол қашан бітеді, көпір салумен қандай мекеме айналысып жатыр, оған үкіметтен қанша қаражат бөлінді деген сұрақтарға жауап жоқ. Ол жағы қарапайым халыққа белгісіз. Тіпті құрылыс мекемесінің паспорты да арнайы тақтайшаға жазылып, ілінбеген.
Жаңа талап ауылының байырғы тұрғыны, Қазақстанға белгілі шабандоз, ат спортының білгір бапкері, Орталық Азия бойынша ұлттық ат спортының чемпионы Төлеш Шырынқұлов ақсақалдың үйіне арнайы барып, ауыл тіршілігі жөнінде ой-пікірін сұрадық.
Бізді көңілсіздеу қарсы алған қарттың жанарында шешілмеген мұң барын сездік. Сәл үнсіздіктен кейін: «Заман өзгерген жоқ, адам өзгерді. Қазір ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндер, өсек-өтірік айтатындар, өтірікті суша сапырып, біреудің мал-мүлкін иемденетіндер көбейген уақыт. Құдайды ұмытқандар көп. Бізде де белгілі бір топ Бадам өзенін жағалай құм-тасты қопарып, сатып жүр. Ақшаның буына масайраған олар қарапайым ауыл тұрғындарына құлақ аспайды. Кербез келіншектің көйлегіндей адамдардың пейілдері күнде өзгерген заман. Балуан Шолақ атамыз: «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей, менің жасым 73-те. Жүріп-тұруға аяғым жарамайды, үйден ұзап шыға алмаймын. Денсаулығыма ренішім жоқ. Күш-қуатым бойымда. Кез келген адаммен күресуге дайынмын. Әлгі «өзі тойса да, көзі тоймайтындар» енді табиғат қойнауын тонай бастағанына бірнеше жыл болды. Құдықтан су тартылып кеткен. Жұртты ақымақ санап, заңды «айналып өтуге» әрекет жасаған кез келген жылпостың мойнын жұлып алуға шамам жетеді», – деді ызаланып.
Бұл – көпті көрген, көкірек сарайы ояу, аузы дуалы ақсақалдың ақиқаты.
«Жалғыздың үні шықпас» дегендей, қайтсем осы елдің көсегесін көгертемін деп, жоғарыда айтылған заңсыздықтар мен елдегі болып жатқан өрескел іс-әрекеттермен алысып жүрген қоғам белсендісі Сәкен Бөріқұлов, жеке бас пайдасы үшін Жер Ана қойнауын тонағандармен алысып, ауыл сенімін арқалаған табиғат жанашыры, Жаңа талап ауылының биі Дәулет Пәзілов, Нұрғиса Қарабаев, Жаңа талап ауылы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқтасар Қойлыбайұлы бұл мәселені көтеріп, талай жерге бармақ. Бірақ халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын, қол ұшын созып көмектесетін құзырлы орган өкілдері табылмай тұр. Ашынған жұрт Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мырзадан көмек болмаса, Астанаға, ҚР президенті Қ.К.Тоқаевқа шағым жазамыз деп тас-түйін бекініп отыр.
Мұхит Жұманов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі