Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты даудан кейін Алматы облысында екі шенеунік қызметінен кетті

Алматы облысында Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ерік Әбітов қызметтерінен босатылды.
Екеуі де жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш жазған.
Бұл шешім №1 балалар үйіндегі жанжалдан кейін қабылданды. Шенеуніктер аталған мекеменің тәрбиеленушілерін мәжбүрлі түрде Қонаев қаласына көшіруге тырысқан. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды.
Жағдай Тоқаевқа дейін жетіп, президент араласқан соң көшіру туралы шешім тоқтатылды. Балалар өз өтініштерін бейнежолдау арқылы жеткізген еді.
Салтанат Беспаеваға қатысты бұрын-соңды елеулі шағымдар болмаған. Ол өз қызметін тұрақты түрде атқарып келген. Ал Ерік Әбітовтың әрекеті өңір басшылығын қиын жағдайға қалдырды. Ақпараттық саясат дұрыс жүргізілмегендіктен, мәселе Президенттің назарына ілінген.
Айта кету керек, Беспаева мен Әбітов бұл мәселеде үйлесімді жұмыс істей алмаған. Сол себепті жауапкершілікті өз мойындарына алған. Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке қатысты қауесеттерге қарамастан, әзірге ол қызметінде қалды.
Еске салайық, мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Марат Сұлтанғазиевті қызметінен босатуды сұрады. Бұл туралы депутат өз әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Президентке жолданған бұл үндеуді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да қолдады.
Айта кетейік, наурыз айында балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру туралы ақпарат тараған кезде, Базарбек ең алғашқылардың бірі болып жетім балаларды қорғауға кіріскен еді. Сол кезде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев балалар үйінің тәрбиеленушілеріне оларды ешқайда көшірмейтінін ашық уәде еткен. Алайда 9 шілдеде дәл сол әкім Бағанашылдағы балаларды Қонаевқа көшіру туралы қаулыға өзі қол қойған.
Ресми мәліметке сәйкес, балалар бұрынғыдай Алматыдағы өз орталықтарында тұра береді және білім алуды осы қалада жалғастырады. Қазір әкімдіктер нысанды бір басқарудан екіншісіне өткізу жұмыстарымен айналысуда.
Беріліп болғаннан кейін мекемені толық қайта жаңарту жоспарланған. Реконструкция келесі жылы басталады. Оған дейін нысан техникалық сараптамадан өтеді, жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама мен мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіледі.