Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:05, 10 Ақпан 2022

Бай-бағландар қақпанға түсті

None
None

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар туыстарына, олардың ішінде – ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаев та бар, мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулинге, «Nur Otan» партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, сондай-ақ қазақстандық элитаның тағы басқа өкілдеріне санкция салу мәселесі Ұлыбританияның парламентінде талқыланды.

«Мен Ұлыбританияны өзім атайтын келесі тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы санкциялар салуға шақырамын, олардың барлығының активтерді жымқыруға және парақорлыққа қатысы болуы мүмкін», – деп мәлімдеді Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Хэдж Қазақстандағы қаңтар оқиғасын талқылаған дебаттар барысында.

Оның айтуынша, ол ұсынған детальдар «уақыттың тығыздығы салдарынан, шектеулі болуы мүмкін, бірақ әрбір оқиға есеңгіретіп тастайды».

«Олар — Тимур Құлыбаев, оның зайыбы Динара Назарбаева және олардың үзеңгілес серіктесі – Арвинд Тику. Қолда бар деректер Құлыбаевтың орасан зор байлыққа кенелу мақсатында өзінің лауазымдық жағдайын қасақана теріс пайдаланғанын дәлелдейді. 2020 жылы «Financial Times» Құлыбаевтың мемлекеттік мұнай құбырларынан түсетін кірісті өзінің меншігіне алу үшін құпия схемаларды пайдаланғанын мәлім еткен-ді. Басқа елдерде ақшаның ізін жасырды және пара алды деген күдікпен оған қатысты тергеу басталған болатын. Forbes-тің деректеріне сәйкес, оның дәулеті – $2,9 млрд-ты құрайды, ал мұнда – Ұлыбританияда, оның меншігінде – 60 млн фунт стерлинг сомасындағы жылжымайтын мүлік бар», – деді британдық халық қалаулысы.

Оның айтуынша, тізімде тағы Дариға Назарбаевамен бірге оның күйеуі дейтін – Қайрат Шәріпбаев та бар. «Forbesтың бағалауынша, Назарбаевтың үлкен қызы – Дариғаның $595 млн-ды құрайтын империясы оффшорлық компаниялар, қорлар мен трастар жүйесінде асқан айлакерлікпен жасырылған. Лондонда оған тиесілі үш нысанға қатысты шығу тегі белгісіз мүлік ретінде шектеу салу ордері берілген болатын-ды. Алайда «Source Material» тергеушілері Назарбаева – Ұлыбританияның Жоғары сотын алдап соқты деп отыр. Айтпақшы, Шәріпбаев «Назарбаевтардың отбасы банкі» деп аталатын «RBK Bank»-тен алаяқтық жолмен – $334 млн несие алған алаяқтардың бірі-мыс», – деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ тізімде, «Дариғаның ұлы және бұрынғы билеушінің немересі Нұрәлі Әлиев те бар». «Әлиев 21 жасында атасының атымен аталған қазақстандық жеке банк – «Нұрбанк» басқармасы төрағасының орынбасары болып тағайындалса, 22 жасында басқарма төрағасы болды. Ұлыбританияның сот құжаттары оның – 2008 жылы компания арқылы $65 млн сомасында несие алғанын айғақтайды, одан кейін компания тағы бір несие алған. Заңгерлердің айтуынша, Нұрәлі бұл ақшаның бір бөлігін Бишопс-авенюдағы құны – 39,5 млн фунт стерлинг тұратын үйді сатып алуға жұмсаған», – деп хабарлады Хэдж.

Депутаттың айтуынша, бұлардан кейін тізімде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және «оның серіктесі Айгүл Нұриева» тұр. «Мәсімов – Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, оған парақорлыққа барды деген айып тағылған, айыптаушылар арасында британдық компаниялар да бар. Сонымен қатар, оған – 45 тікұшақ сатып алғаны үшін Airbus-тан пара алды деген айып тағылған болатын-ды. Нұриева – қазақстандық банкир және Мәсімовтың сенімді өкілі болуы мүмкін. Мәсімов, сонымен бірге, жалпы сомасы – $64 млн пара алуға байланысты шведтік «Teli» телекоммуникациялық компаниясымен болған сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған-ды», – деп нақтылады парламентарий.

Келесі тұлға ретінде ол Владимир Кимді атады. «Ким – Қазақстандағы ең бай адам, оның дәулеті – $4,3 млрд-қа жуық. Ол Лондон қор биржасында өзіндік орны бар алғашқы қазақстандық компания «Kazakhmys» plc-ты басқарды. Global Witness есебінде, шындап келгенде, компанияны Назарбаев бақылап отырды, ал Ким оның сенімді өкілі болды деген дерек бар. 2017 жылы Кимнің 18 жасар қызы Камила Найтсбриджеден – $60 млн-ға үш пәтер сатып алды», – деді Ұлыбритания парламентінің депутаты. Ол Кимнің серіктесі – Эдуард Огай «Қазақмыстың» бірге иеленушісі және «елдің премьер-министріне пара берген адам деген болжам бар» деген мәліметті келтірді.

«Кеңес Рақышев – жұмбақ жолмен байыған қазақстандық бизнесмен, оның дәулеті – $1,6 млрд-ты құрайды, ол АҚШ санкциясы салынған Чечен Республикасы басшысының жақын серіктесі және осы елдің саяси элитасымен тығыз байланыстағы адам», – деп атап өтті баяндамашы.

Одан ары, тізімде олигархтардың үштігі тұр.

«Александр Машкевич, Патох Шодиев және олардың қаза болған серіктесі Лондон қор биржасында өзіндік орны бар «Eurasian Natural Resources Corporation», қазақстандық тау-кен компаниясының  иегерлері, «үштік» ретінде белгілі. 2013 жылы африкандық саяси қайраткерлерге пара берді деген айыптаулардан кейін аса ауыр алаяқтықпен күрес жөніндегі басқарма компанияға қатысты тергеу амалдарын бастаған болатын-ды», – деді саясаткер.

Депутат назарынан тұңғыш президенттің бауыры – Болат Назарбаев та тыс қалмапты. «Болат Назарбаев – Нұрсұлтана Назарбаевтың бауыры, аса дәулетті адам. 2008 жылы ол Манхэттендегі өте айрықша отель Plaza-дан 20 млн фунт стерлингке пәтер сатып алды. Оны қаңтардағы қырғынды ұйымдастырып, Алматыны ойрандаған қарулы топтарға қатысы бар деп айыптауда», – деп нақтылады британ парламентінің депутаты.

Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының экс-басшысы Ахметжан Есімовтың да есімі аталды. «Дербес әл-ауқат қорының төрағасы Есімов өзінің бұрынғы күйеубаласы Ғалымжан Есеновке – Британдық Виргин аралдарындағы бір-бірімен байланысқан тараптардың құпия компаниялары арқылы несие беру үшін өзінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған-мыс– деді саясаткер.

Бұдан бөлек, британдық парламентте бизнесмен Қайрат Боранбаевтың да аты атталды. Ол бір қатар лауазымдарда болды, оның ішінде – Түркіменстан газының әйгілі сыбайлас жемқорлыққа былыққан транзитіне қатысы бар. Оның меншігінде құны – 25,4 млн фунт стерлингті құрайтын Вирджиния-Уотер эксклюзивтік жабық кешеніндегі особняк, One Hyde Park-тегі құны –  60 млн фунт стерлингті құрайтын пәтер және Найтсбриджедегі құны – 15 млн фунт стерлингтен асып түсетін салтанатты үш пәтер бар», – деді депутат.

Хэдждің айтуынша, Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек және бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев «билеуші «Nur Otan» партиясының жоғары лауазымды фигуралары және Назарбаевтың үзеңгілес серіктестері болып табылады.«Ұлыбританияның жоғары соты Назарбаевтың кіші қызы, Әлия Назарбаеваның күрделі оффшор құрылымдары, оның ішінде – Британдық Виргин аралдары арқылы елден –$300 млн-нан астам соманы шығарғанына назар аударды», – дегенді қосты ол.

Ары қарай депутаттың тізімінде бизнесмен Қайрат Сатыбалды мен оның кенже бауыры – ҚҰК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш те бар екені мәлім болды.  «Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш – оффшорлық құрылымдар арқылы елеулі дәулетке ие Назарбаевтың немере інілері. Екеуі де бейбіт өмір мен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін билік үшін ағымдағы күреске тартылған Назарбаевтың жақын айналасындағы негізгі ойыншылар болып табылады», – деді британдық саясаткер. Ол барлық аталған тұлғаларға санкциялар енгізуді ұсынды. Лондонның және біздің қаржылық қызмет көрсету секторының абыройына дақ түсті, өйткені Ұлыбритания ұрланған ақшаның мекені реті қарастырылуда. Егер біз ширақ қимылдауды бастасақ, онда Британияның абыройын қалпына келтіріп, өзіміздің одақтастарымызға клептократтар мен олигархтарға баспана бермейтінімізді көрсететін боламыз. Егер үкімет осы екі майданда тағы да сәтсіздікке ұшырайтын болса, онда бұған тек оңай жолмен үлкен ақша жасауға үйренген Қазақстаннан келген қылмыстық клептократтар сияқты адамдар ғана қуанатын болады», – деді сөзін тәмәмдаған Хэдж.

Тегтер: