21:27, 15 Желтоқсан 2018
Байбек Бутаковканы өзгерту керек

Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бағдарламасын жүзеге асыра ма?
Бутаковка шатқалы Мұзтау болып рухани жаңғырса әкімнің келелі іс бітіргені болмақ. Олай дейтініміз қазір әкім-қаралар балабақшадағы концерттерді Рухани жаңғыру аясында өткізіп президент бағдарламасына пародия жасап жатқандай.Алматы қаласы әкімдігінде ел «Бутаковка» атап кеткен шатқалды «Мұзтау» деп өзгерту туралы мәселе көтерілді. Бұның өзі қоғам тарапынан қолдау тапты. Дегенмен, Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы енгізген бұл ұсынысқа қарсы пікірлер де жоқ емес.Соның негізгісі, осыған дейін де жиі айтылып қалып жүрген анықтама: «Бутаковка» – шатқалдың тарихи атауы. «Бутаковка» сөзінің шығу төркіні «Бұтақты». Яғни, сайдың тарихи атауы Бұтақты, кейін орыстар келгенде өз тілдеріне ыңғайлап Бутаковка атап кеткен-міс.Дегенмен, бұл, көкейге онша қонымсыз пікір. Бұдан гөрі нанымдырақ бір дерек – «Бутаковка» Бутаков деген адамның аты-жөнінен шыққан. Бір деректерде 1860 жылдан бастап орманды қорғау үшін (бәлкім басқа мақсатта) әскери күзет қойылып, осы шатқалда шағын жасақ орналастырылады. Бутаков сол күзет отрядының бастығы болған. Бутаковка деген сөз сол кезде «Бутаковтың посты» деген сөзді алмастыру үшін қолданылған да, кейіннен бүкіл ел осылай атап кетіпті...Ал, осы Бутаков кім?Бұл туралы белгілі журналист Серік ӘБІКЕНҰЛЫ өзінің Facebook парақшасында жариялаған құжаттық материалда Николай Борисовия Бутаков 1860 жылдары Алматы маңында атағы шыққан әскери старшина. Жергілікті жердің көтерілісшілеріне қарсы бірнеше шайқасқа қатысқан және басып-жаншу бойынша операцияларға басшылық еткен. Журналист «қылыш ұстап қазаққа қарсы шапқан, Кене ханның ұрпақтарына оқ атқан казак жүздігі сардарының» атындағы шатқалға қазақша ат беру туралы ұсыныстың бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілгенін айтады.Дерек бойынша, әскер қатарында Николайдың туған бауыры Георгийдің де аты аталады. Ағайынды Бутаковтар, тіпті, бірнеше шайқасқа бірге қатысқан сыңайлы. Ұсынылған құжатта Георгийдің 1860 жылы Ұзынағаш маңындағы шайқаста қаза болғаны айтылады.Айта кетерлігі, Бутаковка шатқалы ғана емес, онда ағып жатқан Кіші Алматы өзенінің оң жақ саласы есептелетін судың аты да Бутаковка. Осы өзенді жағалап өрлей берсеңіз, бір емес екі бірдей сарқырама бар. Жұрт бұл сарқырамаларды да Бутаковка деп атайды. Бұл шатқалдағы осы және өзге де атаулардың тағдыры не болары әзірге белгісіз. Белгілісі – Бутаковка жақында Мұзтау болып өзгертілуі мүмкін. Ал, неге Мұзтау аты таңдалғаны, бұл атаудың тарихи немесе басқа да фактілері бар-жоғы туралы әзірге ақпарат жоқ.Алматы маңындағы ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша тау туризмінің ең белгілі нысандарының бірі саналатын Бутаковкаға Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шет елден туристер көптеп келеді.Фото: sputniknews.kz