Байбекті бірдеңе қылу керек
Соңғы ауыс-түйістердің ішіндегі ең маңыздысы, Нұрлан Нығматулин мен Бауыржан Байбектің кеткені.
Ел билігінде «үшінші адам» боп отырған Мәжіліс төрағасы өз еркімен кетті, оның орнына Ерлан Қошанов сайланды.
Бауыржан Байбек, алдымен, «Нұр Отан» партиясының саяси бюросы құрамынан шет қалды, сосын, оған көпжылдық жұмысы үшін президент Тоқаев ауызша алғыс айтты. Байбекпен солай қоштасты.
– Нығматулин мен Байбек қызметтерінен кетсе де, олар елдегі айтарлықтай, ықпалды адамдар болып қала береді. Өздерінің үлкен командалары, мол ақшасы мен ресурстары бар, белгілі бір топтар тарапынан қолдауға ие. Өздері де саяси амбициялары зор адамдар. Оларды осы күйі еркіндікке босата салсақ, ертең ресурстарын пайдаланып, билікке таласуы мүмкін.
Ендеше, қазіргі билікке бұларды бірдеңе қылып, саяси өлтіріп тастау керек. Оның екі әдісі бар. Біріншісі – көп ұзамай, үстерінен қылмыстық іс ашып, (оған себеп табылады) соттауға болады. Не сотталасың деп қорқытып, саясаттан біржола ығыстыру керек. Екіншісі – оларды командада қалдырып, алыстау деген бір елдерге елші қылып аттандыру керек. Қысқасы, оларды қазір бірдеңе қылу керек. Олардың жаңа оппозиция құруын күтіп отыра бермейтін шығар, – дейді сарапшы Қазбек Бейсебаев.