Бәйдібектік әйел несиесін жабу үшін ұрлық істеген
Түркістан облысында несиесін жабу үшін ұрлық істеген азаматша ұсталды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бәйдібек аудандық Полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның үйіне терезе арқылы кіріп, алтын жүзігі мен алтын білезігін жымқырып кеткен. Келтірілген шығын 500 000 теңге.
Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында бөлім қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауаптар алынып, үйдің айналасы жіті қаралды. Нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай, күдікті келіншек жергілікті тұрғын болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында қараусыз тұрған үйге кіріп, алтын бұйымдарды жымқырған. Сонымен қатар ол үйдің иесі күдіктінің жұмыстағы әріптесі болып шықты. Ол ұрлаған алтындарды ломбардардың біріне өткізіп, алған ақшасына төленбеген несиесін жапқан. Полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде алтын жүзік, білезікті тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.