Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:32, 14 Наурыз 2023

Байділда Бақбергенұлы Жұмабековтің САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

None
None

№7 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Байділда Бақбергенұлы Жұмабековтің САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ:

Бірінші.

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру. «Тілі жойылған ұлттың өзі де жоғалады» демекші, бұл қазіргі кезеңдегі мемлекетіміздің, еліміздің, азаматтарымыздың алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тілге айнала алмауда. Жағдайды дау-дамаймен, жазалаумен түзетуге болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді, оны азаматтарымыздың жаппай меңгеруіне қол жеткізуді балабақша мен мектептерден бастау керек деп есептеймін. Орыс тілді және аралас балабақшаларда, мектептерде қазақ тілі қазіргідей атүсті емес, жоғары деңгейде оқытылуы тиіс.

Екінші. Қалада бұқаралық спорт түрлерін дамыту. Ол не үшін керек? Біріншіден, спортпен, дене шынықтырумен айналысу халықтың денсаулығының жақсаруына игі ықпал етеді. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласына бағытталатын бюджет қаржысы үнемделеді. Ел арасында аурушаңдық азайып, еңбек өнімділігі артады. Ел экономикасы өседі. Екіншіден, жастар мен жасөспірімдер спорт үйірмелеріне жаппай тартылып, қалада қылмыс, әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаяды.

Үшінші. Қала инфрақұрылымын жақсарту. Жасыратыны жоқ, асфальт төселген әп-әдемі көшелердің елдің қуанышы басылмай жатып, ойдым-ойдым болып ойылып кететіні, ауыз су құбырларының жарылып, әбігерге салып жататыны жасырын емес. Оның себебі – жемқорлық, мердігерлердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауы, қабылдап алушылардың нысан сапасына жіті назар аудармауы. Егер сіздер сенім білдіріп, қалалық мәслихатқа депутат етіп сайласаңыздар, осы нысандардың сапалы салынуын жіті назарда ұстауға уәде етемін!

Төртінші. Әлеуметтік қолдау. Меніңше, ол екі бағытта жүргізілуі керек. Біріншісі – мемлекеттік қолдау, екіншісі – кәсіпкерлердің тарапынан жасалатын демеу шаралары. Мемлекет қоғамның осал топтарына жәрдемақылар төлеп отырғанымен, оны баға шарықтап бара жатқандықтан, инфляция жеп қоюда. Депутат бола қалсам, осы жәрдемақыларды көтеру мәселесін көтеретін боламын. Ал кәсіпкерлердің қолдауына келсек, өзімнің спорт мектебімде көпбалалы отбасының балаларына жеңілдіктер қарасырылған, ал жағдайы жоқ балалар тегін қатысады. «Көп түкірсе көл» демекші, қаламыздағы мыңдаған кәсіпкер осындай жеңілдік жасайтын болса, қазіргідей қиын кезде тұрмысы төмен отбасыларға кәдімгідей демеу болар еді.

Бесінші. Баспанамен қамту. Өткен жылдың статистикасы бойынша Алматыда былтыр баспана кезегінде тұрған 40 мыңдай адам болған. Ал тұрғын үймен бар болғаны 8 мыңдай адам ғана қамтамасыз етілген. Пәтер кезегінде тұрғандар саны жыл сайын көбейе беретінін ескерсек, бұл өте аз. Әрі пәтер құны да жыл өткен сайын қымбаттауда. Сондықтан баспанаға мұқтаж жандардың мәселесін жылдам шешудің жолдарын қарастырған жөн.

Алтыншы. Жұмыссыздықпен күрес. Алматы қаласы жұмыссыздық деңгейі жоғары өңірге кіреді. Жұмыссыз жастардың саны жөнінен еліміз бойынша көш бастап тұр. Қалада әлі де жұмыс орындары тапшылығы көп. Жұмыс орны бар жерлерде тәжірибесі жоқтықтан жастарды, егде тартып қалғандықтан жасы келгендерді жұмысқа қабылдауға құлық танытпайды. Сенім білдірсеңіздер, осы мәселе де назарымда болады. 

Жетінші. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Сауда орындары мен базарларда бағаның күн сайын өсіп бара жатқаны жасырын емес. Бағаны тұрақтандыру үшін сауда саласын қатаң қадағалап, араны ашылғандарды қатаң жазалау қажет деп есептеймін. Мемлекет бюджеттен қыруар қаржы бөліп құрған тұрақтандыру қорындағы азық-түлік бағаны тұрақтандыру немесе белгілі бір азық-түлік түрі дүкендерде жоқ болып кеткенде орнын толтыру, яғни дефицитті болдырмау үшін жұмсалып жатыр ма, араны ашылғандардың құлқынына түсіп кеткен жоқ па деген мәселені де қатаң назарда ұстап отыру керек. Сенім білдірсеңіздер мен өз тарапымнан осы өткір мәселелерді назарымда ұстап, Сіздердің мүдделеріңізді қорғайтын боламын.

Құрметті сайлаушылар!

Мен, Байділда Жұмабеков ширек ғасыр уақыт Алматыда тұратындықтан, жұмыс бабында тәрбиеленушілерімнің ата-аналарымен тығыз араласатындықтан, қаланың өзекті проблемаларынан жақсы хабардармын. Егер Сіздер маған сенім білдіріп, Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына сайлайтын болсаңыздар, бар күш-жігерімді, білім-білігімді алматылықтардың игілігіне жұмсайтын боламын!

Ендігі таңдау – өздеріңіздің қолдарыңызда!

P.S. Байділда Жұмабеков – Желтоқсан батыры, осы оқиға бойынша қуғын-сүргін құрбаны болған, 2022 жылы ақталған. Таэквондо шебері, Халықаралық Таэквондо одағының төрағасы, «Қара белбеу» 5 дан иегері, Аңыз адам Мұстафа Өзтүріктің төл шәкірті. Алматы қаласындағы Байділда қажы спорт мектебінің директоры.  

Тегтер: