Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 26 Сәуір 2023

«Байдың асы» Қазақстан халқына қашан бұйырады?!

None
None

Былтырғы «Қасіретті қаңтардан» кейін «Жаңа Қазақстанға» бет бұрамыз деп бірнеше су жаңа жобаларды қолға алғанымыз белгілі.

Әсіресе осы уақытқа дейін бұқараны қанап келген бай-манаптардың жиғанын ортаға салатын «Қазақстан халқына» қорының құрылуы айрықша жаңалық болды. Осы бір әлеуметтік қоғамдық қор құрылғаннан кейін «отыз жыл бойы елді қанап ішіп-жегендер, енді астына басқанын ортақ қазанға салады» деп үміттендік. Президент Тоқаев аталмыш қордың мақсатын тәптіштегенде біраз ел мамыражай болашағын елестетіп, жақсылықтан дәметті.

 Алайда бір жыл өтер-өтпестен бұл қордың жұмысына күмәнмен қарайтындардың қатары артып барады. «Қазақстан халқына» қорының есебіне жүгінсек, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қорға заңды және жеке тұлғалар жалпы сомасы 131,7 миллиард теңге ақша аударыпты. Былтырғы жыл соңындағы есеп бойынша бұл сомадан халыққа небәрі 15 млрд 406,4 млн теңгеге көмек көрсетілген. Қор өзіне келіп түскен демеушілік қаржылардың бар-жоғы 11,7 пайызын ғана игерген.

Болат мырза «осы болады» дей ме?!

11,7 пайыз (!). Егер қандайда бір министрлік немесе әкімдік бюджет қаражатының осынша көлемін ғана игерген болса, аяусыз сынға ұшырар еді. Тіпті «бөлінген қаражатты игере алмады» деген желеумен мекеме басшысы орынтағымен қоштасып, келесі бір органға қайта басшы болып тағайындала салуы да әбден мүмкін. Бізде мұндай сценарий үнемі қайталанатын, бірақ ешбір оң нәтиже бермейтін құбылыс.

 Ал енді Болат Жәмішев басқарып отырған қорда бәрі тып-тыныш. Бұл қорға қарата үкімет тарапынан «неліктен халыққа мардымсыз қаражат берілді, көмекке мұқтаж адамдар елде осыншалықты аз болмаса «Қазақстан халқына» қоры халыққа қолжетімсіз бе» деген сауалдар тікесінен тіке қойылмайды. Айта кетерлігі қор мемлекеттік болмағандықтан, оны аудиторлар да, аудиторлық палата да тексере алмайды.

 Десек те бұған дейін Қазақстан «Даму» банкін басқарған, өңірлік даму министрі, қаржы министрі болған, бұдан да басқа лауазымды қызметтерді атқарған Болат Жәмішевтің қордағы қаражатты ұтымды ұқсату жолын білмеуі мүмкін емес. Ол қаржы министрі болған тұсынан бастап қаражатты қалай ұқсату және үнемдеу керектігін жақсы біледі. Тіпті қаржы министрі болған тұсында «игерілмей қалған қаржыны өрескел кемшілікке жатқызу­дың қажеті жоқ» деп санайтынын да үкімет қабырғасында жиі айтатын. Енді, міне, халықтың мұқтажын өтеуі тиіс қорды басқарып отырып та нақ осылай ойлауға көшкен тәрізді. Әйтеуір Болат мырза «осы болады» дейді ме екен, атағы дардай қор халыққа там-тұмдап, тәбәрік таратқандай жұмыс істеп отыр.

 «Экономика және құқық» институтының маманы, экономист-ғалым Жасұлан Өтеген: «Қор халықтың үмітін ақтады деп айта алмаймыз» дейді.

– Бұл қор құрылғанда түпкі мақсаты сол байлардың асын бір қазанға салу еді. Олардағы байлықты тұра бас салып кәмпескелейтін большевиктер дәуірі емес. Тартып ала алмаймыз. Оның арты үлкен дүрбелең болады. Мұндайда сол ішіп-жегендер өз еріктерімен аталмыш қорға қомақты сома аударып, демеушілік танытуы керек-тін. Бұл жағынан қор үмітті ақтамады. Байлар жиғанын әлі астына басып отыр. Өкініштісі, біздегі байлар қоралатып мал жиғанмен, халыққа пайдалы істері өте аз, – дейді экономист-ғалым Жасұлан Өтеген.

Байлар демекші, аталмыш қорға кімдер жарна аударған дейсіз ғой, 50 миллионнан 500 миллион теңгеге дейін жарна аударған заңды тұлғалар арасында Тимур, Динара Құлыбаевтардың, Болат Өтемұратовтың және экс-президент Назарбаевтың қоры бар. Ал 50 миллион теңгеге дейін жарна аударған заңды тұлғалардың ішінде Болат Назарбаевтың, Қайрат Сатыбалдының, Қайрат Боранбаевтардың аты-жөнін кезіктіресіз.

Бай барын бермес…

Алайда аты аталғандардың халыққа бұдан да көбірек беруге қарым-қабылеті молынан жететінін алға тартқан сарапшылар «бай барын бермес» деген осы да дейді.

 Жалпы, президент Тоқаев елдегі мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беруден бөлек, қайғылы қаңтарда қаза болғандардың да отбасына көмектесуді «Қазақстан халқына» қорына жүктеді. Бізге мәлімі бір жыл ішінде аталмыш қор қайғылы қаңтар оқиғаларының құрбаны болған 89 адамның ғана отбасына көмек берген. Бас прокуратураның дерегінше, қанды қаңтар барысында жалпы саны 238 азамат көз жұмған. Бұған қатысты заңгер Жандос Өмірғалиев былай дейді:

– Қор арқылы қаралы қаңтарда зардап шеккендер толыққанды көмек алды дей алмаймыз. Екі жүзден астам азамат опат болса, солардың отбасына түгелдей көмек берілуі тиіс емес пе?! Меніңше, қор қаңтар оқиғасында ақталғандардың ғана отбасына көмектесуді жоспарлап отыр. Жалпы, айтар болсақ, бұл қорға бай манаптар әлі де қаражат салуы керек. Байлар табыс декларациясын жасырады. Салықтан да жалтарады. Кірістер комитетінің есебінше, бізде 465 мың жеке тұлғаның 117-сінің әлемдегі ірі-ірі 29 елінде банктік шоты бар. Олар Сингапурда 1 миллиард, ал Ресейде жарты миллиард теңгеге жуық қаражат жинақтаған. Қазақстандық шенеуніктер Мәскеуден бизнес нысандарды, кеңселер мен дүкендерді сатып алса, Алания, Анталия, Бодрумнан жылжымайтын мүліктер сатып алған. Мұның барлығын олар бір ғана жалақымен алған жоқ қой. Ендеше, байлардың қорға қаражат салуын тікелей заңмен міндеттеу керек. Олай етпесек, олар жиған асын бермейді. Қордағы жиналған қаражат халыққа оңай, әрі тиімді жолмен берілгені дұрыс. Қарапайым халық ашық платформада қордың жұмысын түсінікті тілде бақылай алатындай болғаны абзал, – дейді заңгер Жандос Өмірғалиев.

Платформа демекші, жуырда «Coursera» – қазақ тілінде» платформасының жобасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесімен бекітілді. Аталмыш жобаға «Қазақстан халқына» қоры 2 460 472 070 теңге бөледі, оның ішінде 917 225 000 теңге платформаға қолжетімділік алу үшін «Coursera» компаниясына және 1 543 247 070 теңге курстарды аударуға «BMG UpSkill» компаниясына жұмсалады. Осылайша, аталмыш қор енді өңірлік жоғары оқу орындарының студенттеріне «Coursera» білім беру платформасының 654 курсын қазақ тіліне аударуды қаржыландырады.

Науқас бала, алақан жайған ана көп…

Дегенмен «қордың ең әуелі елдегі науқас бала мен оны емдетемін деп аһ ұрған ананың зарына назар аударғаны жөн» деседі мамандар.

Бағамдасақ, елде 100 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бірақ бұған қатысты да қордың шығындары сонша қомақты емес. Ең ірі шығындары жұлын-бұлшықет атрофиясы (SMA) диагнозы бар сирек, орфандық ауыр ауруға душар болған балаларға дәрілік препараттарын салғызумен байланысты болып келеді. Сол дәріні 6 балаға салғызуға қор 5,3 млрд теңге жұмсаған. Бұдан соң Дюшеннің бұлшықет дистрофиясы (ДБД) диагнозы бар сирек, ауыр ауруға шалдыққан 5 баланың дәрілік препараттары үшін 2,7 млрд теңге ақы төлесе, артынша 9 балаға арналған Эврисди/Рисдиплам дәрілік препараттарының жалпы сомасы 1 млрд теңге шығыны өтелген. Қарашада «Farm ZS» ЖШС үшін Карзиба емдік дәрі-дәрмегіне 70 пайыз төлем жасалған. Болғаны – осы...

Атырау облыстық Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, заңгер Салтанат Рахымова «аталмыш қор келешекте аймақтардағы, ауылдық жерлердегі науқас балалардың зарына құлақ асса» дейді. Белсенді тіпті бұған қатысты президент Тоқаевқа хат та жолдапты.

— Біздің облысымызда оттегі баллонын өзімен бірге сүйретіп жүрген оқушы қыз бала бар. Ажалмен күн сайын бетпе-бет кеп, аяусыз күресіп жүрген қыздың жалғыз басты анасы, бір мүгедек інісі бар. Қор сол қыз баланың еміне көмек көрсетуден бас тартқан. Күні кеше әкесі нейрохирург, анасы акушер-гинеколог, екеуі де жас маман дәрігерлердің үш жастағы баласы «острый В клеточный лимфобластный лейкоз» ауруына шалдығып, өмір мен өлімнің арасында жатқасын, Оңтүстік Кореяға апарып емдетуге көмек сұрағанда, Қор шетелдік клиникаларға өз күшімен барғысы келетін науқастарға көмек көрсетпейтінін айтып жауап берген. Ол қор сонда не үшін керек?! Сәбилерді аурудан емдеуге, жанын алып қалуға қаражат бөлмейтін қор қалайша «Қазақстан халқына» деп аталады?! – дейді Салтанат Рахымова.

   Қорды қори аламыз ба?!

Сөйтіп, «Жас Алашқа» пікір білдірген заңгерлер мен сарапшылардың пайымынша, «Қазақстан халқына» қорын таяу болашақта халыққа қолжетімді етудің жаңаша тетіктерін қарастыру керек. Мәселен, қордың қызмет бағыттарында ерекше жағдайларда атаулы көмек көрсету, дәрі-дәрмек, протез алып беру, емдеу ақысын төлеу, оқу гранттарын бөлу сияқты бағыттармен бірге өмірлік маңызы шамалы шараларға ақша бөлу жоспарланған. Сондай-ақ мектептерге, ауруханаларға құрылғылар мен инвентарьлар сатып алып беру, азаматтардың формальды емес білімдерін кеңейтуге, ересектердің өз білімін жетілдіру, кітапханалар, жеке оқытулар, медиа, театр, музей, галереялар, концерттерді тамашалау, өзге де мәдени, өнер және туризм қызметтерін тамашалауға қаражат бөлуге қатысты бағыттар қарастырылған.

Заңгер Салтанат Рахымованың байламынша, болашақта осы бағыттарды алып тастап, қаражаттың көп бөлігін Қазақстанда емделмейтін, немесе емделуі жақсы нәтиже бермейтін ауыр сырқат түрлерін шетелдерде емдетуге бөлу керек.

– Адамның денсаулығы мен өмірін ешқандай галереялар мен концерттерді тамашалаумен салыстыруға мүлдем болмайды. Екіншіден, осы «Қазақстан Халқына» қорының негізі принциптерінің бірі ашықтық деп жарияланғанымен, қор бүгінгі күнге дейін тауарлар мен қызметтерді бір көзден сатып алып келеді. Қордың өзінің сатып алуларды жариялайтын порталы жоқ, мемлекеттік сатып алу порталына субъект болып тіркелмеген. Сондықтан қордың сатып алу процесін жүзеге асыруына қоғамдық бақылау жүргізу мүмкін емес. Бұл өз кезегінде қордың қайырымдылықтан түскен қаражатты талан-таражға салуына әкеліп соғуы мүмкін, – дейді заңгер.

 Жалпы, талан-тараж демекші, Қазақстанның асты-үстіндегі байлықты бұған дейін елдің игілігіне пайдаланғанымызда әлдеқашан қамсыз күн кешетін-ақ едік. Әттеген-айы, осы уақытқа дейін бар байлығымыз таланды, ұрланды. Енді, міне, халықты тағы бір қорға алақан жайғызып, үміттендіріп қойдық. «Шықпаған жанда үміт бар» демекші, әйтеуір анаған бір телміріп, мынаған бір үміттеніп, қараша халықтың шықпаған жаны жүр. Ал «байдың асы» халыққа қашан бұйыратыны белгісіз...

Тегтер: