Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 28 Желтоқсан 2022

«Байдың асын» басқарма басшысы қызғанады

None
None

Жыл соңында облыс әкімдігінен бастап барлық мемлекеттік мекемелер бюджетіндегі үнемделген немесе артылған қаржыларын қызметкерлеріне теңдей бөліп беретін үрдіс бар.

Дегенмен бұл «дәстүр» Қызылорда облыстық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметкерлеріне жүрмейді. Өйткені орталықтың үнемделген 35 миллион теңгедей қаражатын Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы бюджетке қайтарып жіберген. Осылайша қосымша табыстан қағылған қызметкерлер өкпелі шағымын Жаңа жылда ел президентіне арыздануға мәжбүрміз дейді.

– 12 желтоқсан күнгі келеңсіз жағдайға байланысты басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев келіп, басшымызды сол күні ауыстырып, жауапты қызметкерлердің бәрін жұмыстан шығарды. Сөйтті де бізге, осы жағдайға байланысты ешқайсына сыйлықақы (премиальный) берілмейтінін айтты, – деді Қызылорда облыстық №2 арнаулы әлеуметтік орталықтың шаштаразы  Света Үдербаева.

Жуырда ғана келеңсіз жағдай орын алған орталықта жағдай шынымен мәз емес еді. Осы орталықта емделіп жүрген науқас түн ортасы шығып кетіп, мәйіті темір жолдың бойынан табылған. Бұл үшін жауаптылардың барлығы да жұмыстарынан босатылып, қылмыстық іс қозғалған. Енді сол оқиғаға кінәлі бірнеше адамның кесірінен бүкіл қызметкерді сыйақыдан айырғанына қарсы шағымданушылар, облыстың шенділері мәселені жоғарыға жеткізбей шешкенін қалайды.

– Өзіне тиесілі жазаларын алып кетті ғой. Енді қалған қара халықтың не кінәлары бар? Жұмысымыз онсызда ауыр, – дейді орталықтың мұғалімі Гүлсім Нұрбайқызы.

Қызылорда облыстық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметкерлері 5 жылдан бері бірде-бір рет сыйақы алып көрмедік деп ренжиді. Биыл мекеме бюджетінен артылған 35 миллион теңге барлық қызметкерге сыйақы ретінде тағайындалу керек болған. Үнемделген ақшасы өзімізге қосымша табыс болатын болды деп үміттенген қызметкерлердің қуанышы осылайша су сепкендей басылыпты.

– Мен де қайтарғанды жөн көрдім. Өйткені жаңағыдай жағдай орын алып жатқанда сыйақы алып, мәз болатын көрсеткіші жоқ, – дейді Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.

Осылайша сыйақысыз жазалауды жөн көрген басқарма басшысы бірнеше жылдан бері төленбей келген сыйақы биыл да берілмейді деп отыр. Ал ақыл-есінде ауытқуы бар азаматтарға қызмет көрсетудің ауыртпашылығын сезініп жүрген мекеме қызметкерлері енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданамыз дейді

Тегтер: