Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:51, 15 Шілде 2022

Байға кедей тәуелді

None
None

Құрметті  Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Шіріген бай мен сіңірі шыққан кедей барда  – тәуелсіздік жоқ.

Жалақы мен табыс көзінің арасында жер мен көктей айырма барда  –  теңдік жоқ, 

шектен шыққан еркіндік бар, шексіз шарасыздық бар.

Қалталы еркінсиді, астамсиды,

Қалтасы тесік еріксіз бас қасиды...

Жаңа Қазақстан осыны болдырмауы керек.

Сонда ғана Екінші Республика емін-еркін орнайды. 

       ***

ЕҢ ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫНЫ ТӨМЕНДЕТУ КЕРЕК!

Ең көп айлықтың мөлшерін азайту қажет.

Жарты жыл бұрын «жалақы көтеріледі» деп жарнамалап алады да билік пен үкімет өзі өз сөзінің соңына жете алмай қалады: айлықтан бұрын алдын ала қымбаттап үлгеретін азық-түліктің бағасы инфляцияның құзар шыңына шығып ап, аспандағы ақ бұлттар арасынан келемеждеп күле, сықылықтап сығалай, «мықты болсаң маған жетіп ал!» деп қол бұлғап тұрады.

Бәлкім «жалақы көтеру» деген әдісті керісінше істеп көру керек шығар. Яғни ең жоғары айлықтарды төмен түсіріп.

Билік төменгі жалақыны  резеңкедей  созып  «көтере беруден» күдерді үзіп,жоғары жалақының көп нөлін қысқартуы керек. Сонда әрі көп алатындар мен аз алатындардың айырмасы азаяды. Әрі бай мен кедей арасындағы алшақтық қысқарады. Әйтпесе, соңына  қоса-қоса, сан таңбалары көбейіп кеткен цифрлардың артына тіркеуге  бір күні нөліміз жетпей қалуы да әжеп емес. 

***

ІСПЕН  ҮЛГІ  КӨРСЕТУ АЗ БОЛЫП ТҰР

Идеология жоқ деп тақылдаймыз. Идеология жоқ деп таңдай тақылдатқанымыздан басқа түкте бітіріп жатқан жоқпыз.

Идеологияның отын жоғарыдағы «Бірінші» адам өзі өз қолымен ұстап тұрып жағып тұтатпайынша, оның қарамағындағылары,  жалаулатуын жалаулатқанымен, алаулатып алып кете алмайды.

Бықсытып, түтіндетіп жүреді.

Біресе өше жаздап, біресе иістеніп кете жаздайтын біздің ұлттық тәрбиеміздің ақсап жатқаны сондықтан.

***

ЖАҢА ЖОЛҒА ТҮСТІК ПЕ?..

Жаңа жол  – оңай жол емес,  күрделі жол. 

Қалыптасқан стандарттан креативті қалыпқа ауыса білу  – екінің бірінің қолынан келе бермес.

Бірақ әр «Бірінші» басшының міндетті түрде қолынан келуі тиіс.

Өйткені ол  – сол үшін де Бірінші басшы!

Бірінші  – әсіресе  «мықты хозяйственник болу керек», әрі «қалталы болуы керек» деген жүрек айнытар дағдыдан да енді арылғанымыз жөн.

Бұл ресми стандартты-галстук, креативті форманы-галстуксіз костюм көріп, алқымды қысқан киімді шешіп, ыңғайлы күйге түсу емес. Керісінше. Жеңілден қиынға қадам басу.

Бұл жаңа Қазақстанға бағыт, Екінші Республиканың жолына түсу.

***

ҚАЙ БЕТТЕН  БАСТАЙСЫЗ?

Қолға ала қалған жағдайда газетті қай бетінен бастап оқисыз?

Осы сауалды біраз адамға қойдым. Бәрі ең соңғы бетінен бастап қарайтынын айтты.

Расында бұл әдет бәрімізде бала кезден бар.

Өйткені газеттің алғашқы беттеріне Бас мақаладан бастап ресми немесе ағымдағы мәселелер жарияланады.

Артқы бетке әдеби шығармалар, мәдени жаңалықтар мен спорт тақырыптары шығады.

Ал көпшілік сол артқы бетке алдымен көз жүгіртеді.

 Бұл жақсы. Өте жақсы дейік.

Бірақ өкіметтің әдебиет пен мәдениетке, өнерге, спортқа ең соңынан көңіл бөлетіні  жаман.

Ұрпақ тәрбиесінің де ақсап жатуына бірден-бір себеп осы.

***

БІРТАНОВТЫҢ  БЕЙНЕҮНДЕУІ

Қайдасыз, құрметті Президент, қымбатты Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! 

Біртановтың өзіңізге бейнеүндеумен  жолдаған  жанайқайы құлағыңызға жетті ме?!.

Бүкіл ел естіп, құлақтанып отырған бұл құқықтық саланың (бір бұл ғана емес!)  сорақылығын сіздің білмеуіңіз және бүгінгі үкіметіңіздің сезбеуі мүмкін емес.

Рас, мемлекеттің басында отырған соң қым-қуыт шаруаларыңыз онсыз да бастан асады. Мойын бұруға мұршаңыз болмай жатқанын түсіністікпен қабылдаймыз. Алайда, адал адамның жүйкесін жұқалатып отырып, бырт-бырт үзуге дейін апаратын Сот ойындарына үзілді-кесілді тыйым салу керек! Тоқтатылсын мұндай масқара!

Конституциялық реформадағы әсіресе Сот жүйесін тәртіпке келтіру туралы өзіңіздің батыл шешімдеріңізді қос қолымызды көтере, қуана қолдағанбыз. Референдумда да халықтың басым көпшілігі осы шикі жүйедегі өзгерістер үшін дауыс берді. Сол өзгерістерді асыға күтудеміз. Және ол жаңалық осы экс-министрдің ісін ақтап шығудан және оның сотталуына аса мүдделі болғандардың су бетіне қалқып шығуынан басталса екен дейміз! Су бетіне қалқып шыққандар жаңарған жүйенің қармағын қауып жатса, тіптен құба-құп!..

***

СОТ ҚАШАНҒА ДЕЙІН  СОЗЫЛМАҚ?  БҰЛ  ЖЫР  ҚАШАН  БІТЕДІ?..

Біртанов ақталса, құқықтық сала басшыларының бірталайының өзі орынтағынан айырылып, қылмыскер де атануы әжеп емес.

Сол үшін де олар  Елжан Біртановтың  сотталуына  мүдделі. Сол үшін де оларды  жақтаушылар Біртановқа «кінә емес кінәні» «мойындай салшы» деп «жалынып, жабылуда».

Адам тағдырын қуыршаққа айналдырып, ойнауды Жаңа Қазақстанның жаңарған Сот жүйесі қоюы тиіс енді! Сағызша соза бермей нүкте қойса!

Біз Конституциялық реформаны Референдумда сол үшін қолдағанбыз!

Осы жерде баяғыдағы тағы бір осындай оқиға еріксіз еске түседі.

Бір кездері «Ойбай, министр пәремен ұсталды!» деп жарқырап шығып келе жатқан Жақсыбек Құлекеевтің есіміне жаманат жапсырып, финпол айды аспаннан бір-ақ шығарған. «Күдіктінің» қанша айлар мен жылдарды ұйқысыз, күлкісіз  өткізгенін бір Құдай ғана білер.Сол ауыр сынақтан мойымай аман шыққан, әрі құлан-таза ақталған Жақсыбек Құлекеевті жақында ғана мемлекет басшысының өзі зор ілтипат білдіріп, үлкен құрметпен қабылдағанына  бүкіл ел өз көзімен куә болды.

Қайта ол кісі аман-есен шықты. Ислам Әбішевтің де атын аттандатқан іс оңды шешілді  әйтеуір. Мұндай мысал көп, шексіз тізе беруге болады. Ал қанша игі жан бостандықтан ғана емес, денсаулықтан да айырылып, өмірден баз кешті... 

Сонда әлгі қаралаушылардікі не тірлік?

Түрмеге жауып жазалаушылардікі не мақсат?

Әлбетте, олардың мұрат-мақсаты белгілі. Өздері ие бола алмайтын абырой мен беделден өзгені де жұрдай қылу.

Және,… босаған креслоға өз адамын қонжиту…  Одан қалса, жылына мұнша парақор анықталды деп есеп беріп, «отчет» толтыру...Жақсы мен жайсаңдарымызды аяқтан шалып, ор қаза берсек, басқа жақсы мен жайсаңды қайдан табамыз, жарандар-ау?!.Неге жеке бас қыжылымыздан мемлекет мүддесі жоғары тұрмайды?Біз қайтіп адам боламыз? Қайтіп адал боламыз?Әншейінде репрессияға ұшырап, зардап шеккен ата-бабаларымызды, Алаш арыстарын сөз етеміз.

Сол арысымыздың бірі емес пе:

–  «Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, 

Маған қиын осылардың бəрінен, 

Өз аулыңның иттері үріп қапқаны...» – деп, өкінішпен аһ ұра арманда кеткен. «Іштен шыққан жау жаман». Бір-бірімізге деген көрсеқызарлықтан, қызғаныштан, дұшпандықтан, жаулықтан арылмасақ, сыртқы елге, сыртқы күштерге  жем болғанымыз жем болған...

Осы ма бізге керегі?

Осы ма сізге керегі?

Оған керегі осы ма?

Сондықтан,

Қастық қылма досыңа,

ел болам десең, Ағайын!..

Тегтер: