Байлар партия құрып «ойнайды», кедейлер қарнын ойлайды
Күз – қып-қызыл саяси науқанға айналуы мүмкін. Білгіштер мен жазғыштар солай айтады.
Әлгілердің долбарына сенсең, биылғы қаракүздегі саяси науқандардан кейін нағыз Жаңа Қазақстан құрылады-мыс. Мәжіліс пен Сенат тарап, су жаңа партиялар құрылып, билік өз командасын қайта жасақтап, парламентке бұрынғыдай үш емес, бес-алты партия қатар отыруы бек мүмкін. Ал үкімет – ең соңғы қой кезек.
Сонымен, осы аптада «Respublica» деген партия құрылыпты. Жетекшісінің бірі – Бейбіт Әлібеков есімді кәсіпкер жігіт көрінеді. Тұлғасы белгісіз, саяси салмағы да кемшін. Дәруіштердің алғашқы сандырағы келді деген осы. Партияның құрылуы – партия тіркелді дегенді білдірмейді, әрине. Ол өз алдына бөлек тақырып. Су жаңа партияның Әлібековтен басқа жетекшілері, мүшелері кім дейсіз бе? Ана сүті аузынан кетпеген, ыстық-суық көріп, басы піспеген бала-шаға көрінеді. Партия құрамында бірлі-жарым кәсіпкер жігіттердің аты аталады екен. Бар артықшылығы сол ғана.
Дұрыс! Партия құрылсын. Жастар билікке келсін! Бірақ партия құру – еріккеннің ермегі емес. Бұл ең алдымен, жауапкершілік: мемлекет алдындағы, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілік! Алайда сол жауапкершілікті мойнына алып жатқан кім бар қазір? Билікте де жоқ.
Партия тіркеп, оны құру үшін жанталасып жүрген біраз адамның тұлғасына талдау жасап көрдік. Артынан адам ертетіндей, сөзіне ұлыс ұйитындай азаматтар емес. Тіпті, тілі орысша шыққан, ділі дімкәс, қазақтың жанынан гөрі, қара басының нанын артық көретін асфальттің балалары. Қазақ отыз жыл орыстанған ұрпаққа құл болды. Ендігі отыз жылда рухы оянып, тілі тірілмесе, ділі бекіп, кедейліктен құтылмаса, бұл халықтың «мордасы» ғана қалады ертең. Ал жаңадан құрылып жатқан, партия құруды мұрат етіп жүргендер осыны «шақшаларына» салып шайқап көрді ме екен? Әй, қайдам?!
Әлқисса! Партия дегенде, біздің көз алдымызға тіркелгені, тіркелмегені бар – бірнеше саяси партиялар мен олардың лидерлері келе қалады. Олжас Сүлейменовтен бастасақ, бұл тізім Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Алтыншаш Жағановалармен жалғаса беретін бұрын. Ал қазір ше? Қазіргілерінің өзін жастар деуге келмейді, орта жастан асып үлгерген азаматтар. Олардың да арасында сүлейменовтер мен жағановалар жүр. Бір қызығы, осы орта буын алдыңғы буыннан көргенін істейтіндей. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Тың ой, мақсат-мұратында еш жаңашылдық жоқ. Бұрынғы партиялардың басты мақсаты – Қазақстанды кедейліктен құтқару, демократия орнату болды десеңіз, қатты қателесесіз. Барлық партияның мақсаты жалғыз: парламентке бару, нан табу, билікке араласу, ықпалын жүргізу.
Жаңа құрылып жатқан партиялардың да басты мұраты сол. Жетекшілері мен мүшелерінің дені ақшалылар мен кәсіпкерлер. Ақшалы адамда бір ғана мұрат болатыны ақиқат. Саяси салмағын арттыру, қуатты күшке айналу, ықпалын жүргізу. «Қазақты жарылқаймыз! Қазақстанды жемқорлықтан құтқарамыз!» дегенінің бәрі бос әңгіме.
Біреулер «Жастарға мүмкіндік беру керек, жастардан құралған партияларды тіркеу, парламентке өткізу керек», деген ой айтады. Дұрыс! «Жас келсе іске» деген халықпыз. Бірақ жас деп сенген анау бір танымал журналист «Адалдан» бір сәтте «Аманатқа» сатылып кеткен жоқ па? Осыдан кейін Қазақстандағы саяси партиялардың ұстанымына, оны құрған азаматтардың тұлғасына қалай сенесіз? Партия деген бір-бірімен бәсекелес, басы піспейтін дүрдараз ұйым болуы керек. Дамыған дені дұрыс мемлекеттерде солай. Парламентте жаға жыртысып, тұмсықтарын түзеп жатады. Ал біздің партиялардың мүшелері күнбағыс сияқты. Бәрі билікке бағынады. Бірін-бірі жақсы көреді. Бір-біріне қарсы шықпайды. Құдды бір үйдің балаларындай. Қайсыбір жылы Назарбаев президенттікті Тоқаевқа тапсырып бергенде, «Нұр Отанның» қарсыласы деп білетін «Ақжолдың» жетекшісі Азат Перуашев түсініксіз түр жасап, еңкілдеп жылады. Актерлік шеберлігі мықты болса, Перуашев сонда қалпағын аспанға атып қуануы керек еді. Жұрт сеніп қалар, бәлкім?
Қазақстанда шынайы партия құратын тұлғаларға еркіндік берілмейді. Бұрын да, қазір де солай. Мысалы, бүгінгі қазақ саясаткер болмаса да, Тоқтар Әубәкіров сияқты адамның артынан ереді. Дос Көшім сияқты сөзі мен ісі қабысқан тұлғаларға сенеді. Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов сияқты шетелде жүрген білікті саяси қайраткерлердің партия құрғанын, ел ісіне араласқанын қалайды. Арман Шораев, Алмасбек Садырбаев сияқты істің адамдарына мүмкіндік берілгенін құп көреді. Ал қызыл сөзге төселіп алған, саясатты ақша табудың құралына айналдырған, қазақтың мүддесінен саяси ұпай жинайтындардан жиіркенетін уақыт жетті. Ондайлар қазіргі партия құрып жатқан жастардың арасында да көп. Бірақ ешқайсысында саяси салмақ жоқ, азаматтық тұлғасы да пәс. Осыдан кейін кімге сенесің?
Биліктен бес кісілік орын алуға былтырдан бері өлерменденіп жүрген партиялар қатарында «Партия Еl Тiregi», Қазақстанның Жасыл партиясы – «Байтақ», «Namys», «Алға Қазақстан», «Жанашыр», «Қазақстанның Халық Конгресі» мен «Bizdin Tandau» партиялары бар. Аттарынан ат үркеді. Алайда қай елдің тірегі боларын, кімнің намысын жыртып, кімге жанашыр екендерін, кімнің таңдауы болғандарын – уақыт көрсетер...
2000 жылдардың басында құрылған партиялардан халық көп үміт күтті. Жетекшілері мен тең төрағалары да кіл мықтылар тұғын. Бірақ бәйменовтер өзегіне құрт боп түсіп, сүлік боп сорды ғой. Одан кейін бұл қазақтың маңдайына төрт құбыласы түгел партия да, ақылына азаматтығы сай көш бастайтын тұлғалар да бітпеді. Ендігісінің бәрі ойын. Мейлі ол ақылбеков болсын, мейлі мақұлбеков болсын – «Аманатқа» ешкім қиянат жасамайды.