Байлық – елдікі, пайдасы кімдікі?
Қойнауы құт Қарағанды өңірінде не жоқ? Арқа атырабында алтынның 9,8%, вольфрамның 84,9 %, марганецтің 80%, көмірдің 32% қоры бөгіп жатыр.
Аймақ минералдық шикізат қоры бойынша республикада көш басында тұр. Табиғи ресурсқа бай өңір жағрафиялық тұрғыдан инвесторларға тиімді. «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал-Теміртау» АҚ секілді алпауыт магнаттардың миллиондаған тонна өнімдері бүгінде Еуропа мен Азия нарығына кідіріссіз ағылып жатыр. Облыстағы инвестициялық жобалардың барлығы қорғау жүйесімен толық қамтылған. Әйткенмен, біздің айтар ойымыз бұл емес. Ендігі жерде, асап қалуға асыққан халықаралық инвесторларды ел мүддесіне қызмет етуге жұмылдыру. Халық әділ талапты талайдан бері күтіп келеді.
«Ештен кеш жақсы»
Апта басында үкімет үйінен жағымды жаңалық естілді. Министрлер кабинеті Қазақстандағы алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл және басқа кен орындары мемлекетке қайтарылып, стратегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылатынын хабарлады. Жаңа мәлімдемеге қазыналы өлкенің тұрғындары елеңдеп отыр. Олар келешекте аймаққа келетін инвесторларға заңға бағынып, жүйелі жұмыс жасауды талап етуді сұрайды.
– Үкімет 2022 жылы қатты пайдалы қазбалар бойынша 115 келісімшарт пен 195 лицензияны, көмірсутегі шикізат бойынша 12 келісім құжатын бұзды. Бұл өте ауқымды жұмыс екенін жоққа шығармаймыз. Осының арқасында, мемлекетке алтын, көмір, темір, мыс кен орындары қайтарылды. Енді сол кеніштерді адал жұмыс істейтін инвесторларға береміз деп жатыр. Жоғарыда айтқан келісімшарттар күні кешеге дейін ықпалды тұлғалардың, жекелеген топтардың пайдасына жұмыс істеп келгені мәлім. Олар ресми лицензиямыз бар деп қаншама елді мекеннің маңайын ойран-топырын шығарып, зым-зия жоғалды. Жерді бүлдіріп, суды ластады, жабусыз карьерлер қалды. Ол жерлерден радиация тарап, адам өміріне қауіп төндіріп жатыр, – деп мәлімдеді қоғам өкілі Ниқан Омарханов.
– Шетелден инвестор тартпас бұрын, әуелі өзіміздің іскер азаматтарға мүмкіндік берген жөн. Сосын, акцияның қанша пайызы үкімет үлесінде болады? Осы жағы ашып көрсетілмеген. Ел ішінде бизнесте шыңдалған танымал кәсіпкерлер бар. Егер ол азаматтардың ахуалы, білімі талапқа сай келіп жатса, аукционға неге түспеске? Бір есептен ел мен жерге пайдасы тиер еді. «Өзі өлтірмес, жат жарылқамас» деген сөз бекер айтылмаған. Естеріңізде болар, кеңес одағы ыдыраған шақта еліміздің әлеуметтік жағдайы күрт төмендеп, экономикалық әлеуеті шатқаяқтап, жұмыссыз жұрт күнкөріс іздеп дүниенің төрт түкпіріне босып кетудің алдына келіп тіреді. Сол тұстағы мемлекет басшыларының таңдауы бір-ақ нәрсеге түсті. Ол – Қазақстанның жер қойнауы байлығын игеру үшін шетелден инвесторлар тарту болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы саясаткерлердің елге инвестор тартудағы талаптары тым жұмсақ болғаны соңғы отыз жыл көрсетіп берді. Соның кесірінен, елімізге келген бизнесмендер тым еркінсіп кетті. Тағы бір қателігіміз, өңірге келген компаниялар мамандарын өздерімен бірге ала келді. Осыдан жергілікті жұмысшылардың наразылығы туындай бастады. Әлеуметтік қайшылық үдеп, еңбекшілерге жан қинайтын жалақы төлеу әдісі пайда болды, – дейді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің пайдалы кен орындарын қазып-өндіру кафедрасының аға оқытушысы Хусан Болатхан.
Үкімет инвесторларды кен техникаларымен жабдықтауды талап етер алдында жергілікті жұмысшылардың кәсіби деңгейін көтеруге мән беріп, алпауыттардың айласын асыруда тоқтау салатын кез келді дейді ғалым.
— Қазір цифрлық технология дамыған заман. Мемлекет инвесторларға кеніштерді соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықтау жөнінде нұсқау беріп отыр. Бірақ көптеген әккі компаниялар техниканың тілін білетін мамандарды іс сапармен шетелден 5-6 айға шақыруды сылтауратуды әдетке айналдырған. Мұның түбінде қаржы қымқырудың қитұрқы амалы бар. Оның орнына, қазақ жастарын жұмысқа тартып, шетелге оқытып, тәжірибе жинауға неге жібермеске? Егер инвестор оған құлықсыз болса, үкімет оларға осыны жүктеу қажет. Көкейде жүрген тағы бір маңызды мәселе, жекеменшік иесі мен жұмысшы арасында алауыздық туындамас үшін келешекте электронды әлеуметтік парақшаны іске қосу керек. Мұны біздің жауапты органдар қадағалаған жөн. Бұл ашық әдіс кәсіпорын ішіндегі ахуалды дер кезінде анықтауға сеп тигізбек. Келесі ұсынысым – үкімет бұдан былай қарай табиғи ресурсты пайдаланушыларға кен орнын 50 жылға емес, келісімшартты әр 5 жыл сайын 3 кезеңге бөліп, 25 жылға беру жөнінде ұйғарым жасау керек. Неге десеңіз, тым ұзақ уақыт билік жүргізетін инвестор халық қазынасына құнығып, жұмысшылардың тағдырын тәлкек ететінін көріп отырмыз, – дейді кен саласының PhD докторы.
Аукцион – ашық әрі тиімді жүйе. Экономист сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда анықталған кен орындары көп. Бірақ бұқара бұдан бейхабар. Өкінішке қарай, жасырын ақпаратты сала министрлігі мен мүдделі топтар ғана біледі.
— Мұндай мәліметтер халыққа ашық жариялану керек. Мәселен, мынадай кен орыны табылды, одан жылына мұншама тонна кен игеріледі. Оны жоғары бағада игеретін инвестор керек деген мәлімдемені көпшілікке кеңінен жеткізген абзал. Жер астындағы байлықтың иесі халық екенін жауапты ведомстводағылар әлі де мойындағысы келмейді. Үкімет стратегиялық инвесторларды ақша әкелуге ғана емес, сол өңірдің экологиялық жағдайын бүлдірмеуге, тұрғылықты халықтың әлеуетін көтеруге міндеттеуі тиіс, – дейді экономика ғылымының профессоры Аяпберген Таубаев.
Шетелдік инвесторға тегеурінді талап қоятын – үкімет. Жоғары билік органының таңдауы қандай үлескерге түсетінін уақыт көрсетеді. Тату елге –тыныштық пен татулық нәсіп.