«Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң»
Сонымен, инаугурациядан кейін мемлекет басшысы іске шындап кірісті. Ол ұлықтау салтанатынан соң, бірден үш заңға қол қойды.
Бірінші жарлық.«Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз».
Екінші жарлық. «Бүгін мен «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады».
Үшінші жарлық. «Бұдан бөлек, бүгін мен конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қоямын. Келесі кезең – оны толыққанды трансформациялау. Басқа маңызды әрі өзекті мәселелер бойынша шешімдерді кейінірек жариялаймын. Алда атқаратын шаруа көп. Бұл – жеңіл жұмыс емес, бірақ елге пайдасы тиетін қызмет. Мен бүкіл мемлекеттік аппараттан осы міндетті абыроймен орындауды талап етемін».
Мемлекет басшысы айтқан уәдесінде тұрып, жедел іске кірісті. Бірден үш заңға қол қойды. Бұл ғана емес, кеше түнемелетіп, Тоқаев үкіметке тағы бір тапсырма берді.
Президент премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.
Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді. Сонымен, осы уақытқа дейін жекеменшікке тиесілі болып келген жылу электр стансалары енді мемлекет меншігіне өтеді. Ескерте кетейік, Екібастұздағы жылу электр стансасында апат болып, бүкіл қала тұрғындары жылусыз қалды. Күн өте суық. Қала тұрғындарына қазір көмек көрсетілуде.
Ал Екібастұз жылу электр стансасының қожайыны кім? Жылу беретін еліміздегі ең іргелі станса Қазақстандағы дәулетті 50 байдың тобына кіретін Александр Клебановқа тиесілі екендігі анықталды. Ол – «ЦАТЭК» және «ЦАЭК» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы. 59 жастағы кәсіпкер «ЦАТЭК» АҚ-ның – 50 пайызына, «ЦАЕК» АҚ-ның – 47 пайызына ие. Ал аталған екі акционерлік қоғамның құрамына «Павлодар Водоканал-Северный» ЖШС, «ЦАТЭК-Энергоинвест» ЖШС», «Павлодарэнерго» АҚ және «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамы кіреді. Қазақстанның стратегиялық маңызды нысаны болып саналатын жылу электр стансаларын жекеменшігіне алып, басқарып отырған Клебанов, міне, «қыстың көзі қырауда» бүкіл қаланы жылусыз қалдырды. Демек, мұндай жауапсыз адамдарға стратегиялық нысандарды жекеменшікке берудің мүлде қажеті жоқ. Қазақстанның ен байлығына ие болып, еліміздегі ең бай 50 кәсіпкердің қатарында тұрған Клебановтан бүкіл шығынды өндіріп алу қажет. Осы уақытқа дейін бірнеше мың азаматтар жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарға қаншалықты инвестиция тартты, оның бәрі зерттеліп, зерделенуі тиіс деп ойлаймыз. Отыз жылдың ішінде Назарбаев басқарған жүйе кім көрінгенге кәсіпорындарды осылай басқаруға берді. Сөйтіп, ақыр аяғында, бәрін құрдымға кетірді. Сондықтан инаугурациядан кейін іле-шала Тоқаев қол қойған заңдар алдағы уақытта өзінің жемісін бере бастауы тиіс.
Бұл ғана емес, Александр Клебанов «Қазақтелеком» АҚ-ның – 24,47 пайызына. «Алашмедиа» тобына кіретін Tengrinews порталына, «Алаш Айнасы» сайты мен «Тенгри FM» және «Жұлдыз FM», сонымен қатар, «Рахат ТВ» телеарнасының бірқатар акциясына ие. Жалғанды жалпағынан басып жүрген дәулетті кәсіпкердің ұлы Яков те бай адамдардың бірі. Яков Клебанов – Қазақстандағы теңіз, өзен-көлдердегі қызмет етуді басқаруға алған бірқатар мекемелердің қожайыны. Сондай-ақ, оның атақты Rixos Almaty қонақ үйінде де өз үлесі бар. Яков ресейлік миллиардер Василий Анисимовпен бірге уран мен молибден өндіретін Ақмола облысындағы «Степногорск тау-химия комбинатының» 100 пайыз акциясына ие болып отыр.
– Жемқорлар жазасын таруы тиіс.Клебановтың тасасында кім тұр? Еліміздің энергетикалық активтеріне аудит жүргізіп, осы игіліктерді әділетсіз иеленіп, түскен қаржыны жаңғыртуға салмай, өз қалтасына салған нақты азаматтар заң алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс, -дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Депутат дұрысын айтып отыр.Демек, еліміздің ерен байлығына ие болып отырған осындайлардан стратегиялық нысандар қайтарылып, мемлекеттік меншікке өтуі тиіс. Суды, жылуды, басқа да меншікті өз иелігіне алып отырғандар отыз жылда байыды, білгенін істеді. Мемлекеттік маңызы бар нысандарды ірітіп, шірітіп жіберді. Тоздырды. Президент Тоқаев бұл орайда дұрыс істеді. Бұл «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы нық қадам. Мемлекет басшысы заңсыз шығарылған капиталды қайтару үшін үкіметтен арнайы комиссия құрды. Енді арнайы заң қабылданады. Аталған заң жобасы әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жояды. Бір ғана мысал, бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің пікірінше, президент тапсырмасымен құрылған комиссияның жұмысы қазір қарқынды. Бүгінгі күнге дейін заңсыз әкетілген 600 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына шешілді. Оның ішінде, заңсыз түрде шетелге кеткен 400 миллион долларға жуығы қазынаға қайтарылды. Ал қайтарылған қаражат өндіріс орындарын, балабақша, мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік шараларға жұмсалады.
Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Инаугурацияда айтылған уәде халықты иландыра бастады. Бұған қуануымыз керек. Отыз жыл бойы қазақтың байлығын есепсіз сорғандарға енді есеп беретін кез келді. Өйткені судың да сұрауы бар. Сұраусыз дүние жоқ. Ендеше, Тоқаев айтқандай, «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң»! Бұл уәжді сөз кімге қарата айтылды екен?!
...Ұлықтау шарасына бұрынғы басшы Назарбаев та қатысты. Тоқаевты тыңдады. Көрді. Қайтты. Көкейіне көп нәрсе түйген шығар.