Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:35, 01 Наурыз 2022

Бәйтеректіктердің мұңы

None
None

2016 жылы шілдеде Қызыл­орда-Жезқазған трассасының бойынан бір күнде 6600 азаматқа жер телімі табысталды.

Сол шағын ауданға «Бәйтерек» деген атау берілді. Бүгінде ол мөлтек ауданда біраз отбасы қоныс­танған. Алайда жұпыны күйінде қалған «Бәйтерек» туралы сын бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Кезінде «Аузыңнан ақ май ағызамын» деп келген басшылар «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп тайып тұрыпты. Ал тап қазіргі халі пұшайман күйдің о жақ, бұ жағында. Барып қарасаңыз, ойлы-қырлы жолдар көрер көзге сүйел. Тұрғындар бұл мәселені жергілікті әкімдікке бірнеше рет айт­қан, алайда жауап бермеген. Асфальттың жоқтығынан барыс-келіс жасау қиындық  туғызып  отырғанын да  жасырмады.

– Осыдан 3 жыл бұрын халыққа берілмеген жерге жарық, су жүргізді, кәріз жүйесін де тыс қалдырмады. Бәрін істеп тап-тұйнақтай қып кетті. Жер берілмеген орынға барлығын істеп, ақшаны керек емес жерге жұмсаған. Әне тұр шаң басып, әбден тозығы жетіп, құлап та жатыр. Ол жаққа үй салынған жоқ, халыққа берілмеді. Енді соның орнына жол салынған болса, осы жаққа автобус қатынар еді, жеңіл көлік те келер еді. Арғы жақтан көпбалалы отбасыларына берілген үйлер бар. Сол жерге 500 метрдей асфальт жүргізген. Болды. Автобус 2 сағатта бір айналып келеді, бар болғаны екі автобус жүреді. Такси бағасы шарықтап тұр. Оларды да түсінуге болады. Кім айдалаға келгісі келеді. Бұл жердің бітпес мәселесін айтсаң, жағаңды ұстайсың, – дейді  тұрғын  Алданияз  Жұқашов.

Расында да, ойлы-қырлы жолмен жетемін дегенше көліктің сау-там­тығы қалмасы анық. Автобустың да қатынау жиілігі ақсап тұр. Оқырман сөзіне көз жеткізу үшін сенбі күні арнайы­лап шыққан едік. Бірақ 4 сағат аялдамада сірескен күйде тұрып, ақыры күткен көліктің сиқын да көре алмадық. Интервалы белгісіз автобусты күтіп, «тірі ескерткіш» бола жаздадық. Жеңіл көліктер «Бәйтерек-1»-ге екі мың теңге, «Бәйтерек-4»-ке бес мың теңгеден жеткізетіндігін айтып, таңдай қақтырды.

2020 жылы 600 орынды мектеп құрылысы басталып, кірпішін қалауға облыс әкімінің өзі қатысты. Бірақ әлі аяқталмады. «НИШ сұрамаған сияқты едік, сонда да сағызша созылып, мектеп мәселесіне қатысты жауаптылар жақ ашпай келеді» дейді тұрғындар. Мектеп 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында іске асады. Білім ошағын салуға 1,2 млрд теңге қаржы бөлініпті. Жаңа мектеп өткен жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бірақ кейінге шеге­ріліп қалыпты. Ал мектеп жасындағы оқушылар саны 1500-ге жуық. 

Мөлтек ауданда бұдан бөлек те толғақты мәселелер бар. Дәріхана, емхана, монша, ірі сауда орындары жоқ. «Жол салу оңай, көпір салу қиын…» демекші көптің тілеуі де көпір болып тұр. Қаңғыбас иттерді көргенде тұрғындар, әсіресе балалар шыбын жанын шүберекке түйіп өтетін болған. Амал нешік? «Ауруын жасыр­ған өледі» деуші еді, айтудан кем емеспіз, сыздаған жерге ем берер басшылар болмай тұр. Ойқы-шойқы жолдардан әбден жүйкесі тозған тұрғындардың мәселені алға тартып бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған.

«Иә, мөлтек ауданда түк те жоқ. Қала орталығына шығып аламыз. Не істейміз? Көрер күніміз осы. Жауаптыларға айтудан жалыққан емеспіз. Қашанға дейін бұлай жалғасады?» деп Алданияз  ақсақал  қынжылады.

– Әй, балам-ай. Көшелердің аты да жоқ қой. Тек санмен айтып жүреміз. Таксистер келгенде үйді таппай қаңғалақтап жүреді. Құдай ауыртпасын! Ауырсақ, жедел жәрдем жолдың нашарлығын айтпаған күннің өзінде үйді дереу тауып келуі қиынға соғады. Өткенде сантехник шақырғанмын, сонда «келіп-кету жолыма 5 мың теңге, жұмысыма бөлек ақша» деп талап етті. Амал жоқ, сұрағанын бердік. Бірнәрсені шұқыды да кетті. Беті аулақ, бір адам құлап қалса, жедел жәрдемнің қашан келетіні белгісіз. Оларға да кінә таға алмаймыз, – деді ашынған ақсақал.

Қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық бюджеттерден, Ұлттық қордан қаражат бөлінген бастама болатын. Қаржының 5,3 миллиард теңгесі «Қызыл­орда-Жезқазған» автожолының бойынан белгіленген 980 гектар аумақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыс­тарын бастауға жұмсалды. Қосымша 4,6 миллиард теңге қаралып, барлығы 10 миллиард теңгедей қаражат бөлінген. Бұл қызыл лента кесілген кездегі айтылған ақпарат еді. Одан кейін де халық үшін қаражат бөлінген жоқ емес, бөлінді. Мемлекеттің қаражаты тиімсіз жұмсалып, кімнің қалтасына кеткені  жұмбақ  болып қалары даусыз.

Жұпыны күйінде тұрса да жаппай күйе жағу – біздің болмысымызға жат дүние. Халықтың жағдайына көңіл бөлген басшылар тегін жер беріп, су, жарық, газ, кәріз жүйесін де жүргізген жақсылығын жоққа шығару да дұрыс емес. Тек бұл игі істері бүтіндей болса, тұрғындар жадырап қалар еді. Ал біз бен сізге жемқорлардың ісін қаралай салу түкте емес қазір. Бірақ одан мәселе шешіле ме? Әрине, жоқ. Тек бүйте берсек, бір-бірін жақтырмайтын, көз сұғын қадайтын, бетке күліп, сыртынан ғайбаттайтын өсекші қоғамды тәрбиелейміз. Сол себепті «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды.

Тегтер: