Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:30

БАҚ: АҚШ соққы жасаса, Иран толыққанды қарсы шабуылға көшпек

Иран
Фото: ашық дереккөз

Иран АҚШ тарапынан әскери соққы жасалған жағдайда бұл жолы толыққанды жауап беруді көздеп отыр. Бұл туралы Financial Times (FT) басылымы дереккөзіне сүйене отырып жазды.

Басылым мәліметінше, Тегерандағы режимге жақын хабардар тұлға Иранның АҚШ-қа қатысты әскери жоспарларына өзгеріс енгізілгенін айтқан. Бұрынғыдай тек «символдық жауаппен» шектелудің орнына, енді АҚШ күштері мен активтеріне елеулі зиян келтіруге бағытталған стратегия қарастырылып отыр.

Дереккөздің сөзінше, бұл жолы 2020 және 2025 жылдары АҚШ базаларына жасалған, алдын ала ескертілген «әскери ойындарға» ұқсас шектеулі әрекет болмайды. Иран қаруы жететін аймақтағы барлық нысанаға, соның ішінде АҚШ кемелері мен Ормуз бұғазындағы нысандарға соққы беруі мүмкін.

Сонымен бірге, дереккөз Тегеранның тікелей қақтығысқа ұмтылып отырмағанын айтты. 26 ақпанда Женевада өтуі жоспарланған Иран–АҚШ келіссөздері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге жол ашады деген үміт бар. Егер АҚШ «өте шектеулі соққымен» шектелсе, Иран эскалацияға бармауы мүмкін екені де атап өтілген.

Басылым еске салғандай, бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі АҚШ-тың кез келген шабуылына Тегеран қатаң жауап беретінін мәлімдеген.

26 ақпанда Женевада Иран мен АҚШ өкілдері Иранның атом бағдарламасына қатысты дағдарысты шешу жолдарын талқылау үшін келіссөздер тағы да өткізілуі мүмкін.