БАҚ: Ресей Иранға кемінде 4,4 млрд доллар көлемінде қолма-қол ақшаны жасырын жеткізген
Ресей Иранға қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін осы елдің билігін қолдау мақсатында қолма-қол доллар тасымалдағаны хабарланды.
The Telegraph басылымының жазуынша, 2018 жылы АҚШ санкциялары енгізілген соң Ресей Иран режимін қолдау үшін 2,5 млрд долларды жасырын түрде жеткізген.
Ал The Insider дерегінше, бұған қоса 2018 жылы «Международный финансовый клуб» банкі арқылы Иранға жалпы сомасы 1,9 млрд долларды құрайтын тағы бірнеше қосымша қолма-қол ақша жөнелтілген. Осылайша, санкциялар енгізілгеннен кейін жеткізілген қаражаттың жалпы көлемі кемінде 4,4 млрд доллар болған.
Британ басылымының мәліметінше, Ресейдің мемлекеттік Промсвязбанкі төрт айдың ішінде кемінде 34 партия ақша тасымалдаған, әрбір партияның көлемі 57 млн доллардан 115 млн долларға дейін жеткен. Шамамен 500 еуролық банкноттардан тұратын бес тоннаға жуық ақша алдымен пойызбен Астрахань қаласына жеткізіліп, кейін Каспий теңізі арқылы кеме көмегімен Иранның Амиробод портына, одан әрі теміржол арқылы Тегеранға — Иранның Орталық банкіне жеткізілген.
The Telegraph атап өткендей, алғашқы жеткізілім 2018 жылғы 13 тамызда, яғни АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы санкциялар туралы жарлыққа қол қойғаннан бір апта өткен соң жүзеге асқан. ImportGenius қызметі ұсынған кедендік жазбаларға сәйкес, қаражат Мәскеудегі Смирновская көшесінде орналасқан «Промсвязбанк» бөлімшесінен тікелей Иран Орталық банкінің Тегерандағы Мирдамад даңғылындағы ғимаратына жөнелтілген. Аталған банк 2017 жылы Кремль тарапынан ұлттықтандырылып, «қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына қызмет көрсететін мамандандырылған банкке» айналған.
The Telegraph тілдескен сарапшылардың пікірінше, мұндай аударымдар қазір де жалғасып жатқан болуы мүмкін. Бұған Ирандағы жаппай наразылық акциялары, сондай-ақ Мәскеу мен Тегеран арасындағы Украинадағы соғыс аясындағы әскери ынтымақтастық — соның ішінде Shahed типіндегі дрондар мен Fath-360 зымырандарын жеткізу — себеп болуы ықтимал.
«Промсвязбанк» Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Ұлыбритания мен АҚШ-тың санкцияларына іліккен. 2024 жылы банк молдова қашқын олигархы Илан Шормен бірлесіп іске қосылған A7A5 криптотокенімен байланысты даудың ортасында қалды. Financial Times мәліметінше, төрт айдың ішінде токенмен байланысты Grinex биржасы арқылы шамамен 9,3 млрд доллар айналымнан өткен.