БАҚ-та Көлік вице-министрі ұсталғаны туралы ақпарат тарап жатыр

Қазақстанның көлік саласындағы жоғары лауазымды шенеунігі – көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі құқық қорғау органдарындағы сенімді дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
«Бұл рас», – деп қысқа ғана жауап берген дереккөз, алайда ұсталу себептері мен тергеу барысы жайлы қосымша мәлімет беруден бас тартқан.
Әлеуметтік желілер мен телеграм-арналарда тараған бейресми мәліметтерге қарағанда, Аблалиевке "78 мың доллар көлемінде пара алды" деген күдік тағылып отыр. «Kozachkov offside» арнасының хабарлауынша, тергеу ісі Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіндегі жұмыстармен байланысты болуы мүмкін.
Алайда бұл ақпаратты әзірге ешбір ресми орган растаған жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі ҚазТАГ сауалына «растай да алмаймыз, жоққа да шығара алмаймыз» деп жауап берген. Бұл – ведомствоның тергеу мәліметтері жария етілмегенін білдіреді.
Министрліктің ресми сайтында Сәтжан Аблалиев әлі де вице-министр ретінде көрсетіліп тұр.
Сәтжан Аблалиев кім?
54 жастағы Сәтжан Аблалиев көлік вице-министрі қызметіне 2023 жылдың қазан айында тағайындалған. Оған дейін ол шамамен екі жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, аймақтық және орталық деңгейде бірнеше басқарушы лауазымда болған.