Бакыт ОРУНБЕКОВ, саясаткер: Ташиевті президенттікке итермелеген саяси күштер бар
Жапаровтың Ташиевті қызметтен алуы – қалыпты саяси жағдай. Президент өз құқықтарын пайдалана отырып, генерал Ташиевті қызметінен ала алады, басқа қызметке тағайындай алады және жаза қолдана алады деп ойлаймын.
Қоғам Ташиевті қызметтен алғанын қазір оның айналасындағылардың Камчыбек Ташиевті президенттікке ұсынғанымен байланыстырып жатыр. Ташиев осы уақытқа дейін «президент сайлауына қатыспаймын, Жапаровты қолдаймын» деп келді. Алайда кейінгі уақыттағы саяси оқиғалар оның ұстанымын басқаша көрсетті. Оны президент сайлауына қатысуға сендірген, көндірген саяси күштер бар екенін байқатты.
Дегенмен «екі дос» тандемін біржола ыдырады деп айту әлі ерте. Егер екі достың қарым-қатынасы біржола тоқтайтын болса, онда Қырғызстандағы саяси жүйеге қауіп төндіреді. Ташиев емделіп, 13 ақпан күні Германиядан елге келді. Енді екеуінің ортасында келіссөздер жүреді деп ойлаймын. Бір-бірінен кеткен кемшіліктерді мойындап, мүмкін бір-бірінен кешірім сұрасады. Жалпы Қырғызстандағы тұрақтылық пен бейбітшілік үшін екі достың татуласып, оптималды жолды таңдауы дұрыс деп ойлаймын.
Кейінгі айларда билік структурасы арасында, парламент арасында және парламенттен тысқары саяси күштер арасында да Садыр Жапаров пен Ташиевті жақтаған саяси күштердің бөлінуі бар екені байқалады. Біздегі кейінгі оқиғалар, мәліметтер соған алып келді. Президент қоғам екіге бөлінбеуі үшін Ташиевті қызметтен алған да болуы мүмкін.
Елімізде бір топ саясаткер президентке үндеу жолдады. Оның бірінші бөлімінде кейінгі бес жылдағы еліміздегі жетістіктер айтылған. Ал екінші бөлімде сол жетістіктерді одан әрі бекемдеу үшін маңызды әрекеттер жасалу қажеттігі сөз болады. «Соларды іске асыру үшін мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу керек» деген аргумент ұсынады. Бұл «75 саясаткер сөз еркіндігін пайдаланып, осындай ұсыныс тастады» деп баға бергендер бар. Алайда бұл үндеудің құрамында қоғамға жік тастайтын сөздер бар екенін анықтаған құқық қорғау органдары қазір 75 адамның ішінен 5 адамды ұстап, тергеп жатыр. Үндеудің құрамында қаншалықты ел арасын бөлетін сөздер бар екенін уақыт көрсетеді.
Егер елімізде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп жатса, екі сценарий жүреді. Біріншісі, Садыр Жапаров өзі қатысады. Басқа талапкерлер де болуы мүмкін. Екіншісі, Жапаров та, Ташиев те қатысуы мүмкін. Бұл екеуі қарсылас, бәсекелес атануы да мүмкін. Екі дос «халық өзі таңдасын, өзі президентті сайласын, ел тағдырын өздері шешсін» деп қалуы да әбден мүмкін.