Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 18 Наурыз 2025

Баку мен Ереванның бейбіт келісімі. Қазақстанның ұстанымы қандай?

Баку мен Ереванның бейбіт келісімі
Фото: Ара ақпарат агенттігі

Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты аумақтық дау бар екені белгілі. Бұл талас-тартыс сонау 1980 жылдардың аяғынан бері жалғасып келе жатыр.

 Тіпті екі ел арасында қарулы қақтығыстар да болды. Бұл қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған.

Дәл осы мәселе ұзақ уақытқа созылып, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа кері әсер етті. Даудың мәні мынада, Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта негізінен армяндар қоныстанған, соғыс кезінде бұл аймақ Әзербайжаннан тәуелсіздігін жариялап, «Таулы Қарабақ республикасын» құрып алды. Екі мемлекет осы аумаққа таласып, 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығысқан.

Ақыры 2020 жылы күзде үлкен әскери қақтығыс бұрқ ете қалды. Бұған дейін ырықсыз орында жүрген Әзербайжан одақтас елдерінен алған заманауи қаруларының арқасында Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алды. Ал араға екі жыл салып, 2023 жылы аймақты толық қайтарып алып, 2024 жылдың 1 қаңтарында сепаратистік «Таулы Қарабақ республикасын» жойды.

2023 жылы 5 қазанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян декларацияға қол қойып, Таулы Қарабақты Әзербайжан елінің бір бөлігі деп таныды. Осыдан кейін Әзербайжан мен Армения арасында қарулы қақтығыстар тоқтап, тараптар мәселені үстел басында шешуге кіріскен. Бірақ бейбіт келіссөз барысында белгілі қайшылықтар туындап, екі жақ келісімшарттағы кейбір тармаққа келісе алмай жүрген.

Атап айтқанда, Армения мен Әзербайжан 17 баптан тұратын бейбіт келісімнің 15-ін мақұлдап, екі тармақ қана келісілмей тұрған. Оның біріншісі – халықаралық соттарға өзара талаптардан бас тарту, ал екіншісі – шекарада үшінші күштердің орналастырылмауы жөніндегі талап болатын.

Екі ел арасындағы келіссөз екі жылға жуық жалғасып, жақында нүктесі қойылды. Жақында Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөз аяқталып, қос тарап бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар туралы келісімшарттың мәтініне келісті. Яғни Баку мен Ереван бейбіт келісімнің бұған дейін келісілмей қалған екі тармағы бойынша ұсыныстарын толық қабылдады.

Бұл туралы Армения сыртқы істер министрлігі «екі ел бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы келісімге» қол қоюға дайын деп хабарлады. Ал 13 наурыз күні Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов «Армениямен бейбіт келісім мәтіні бойынша келіссөздер процесі аяқталды» деп мәлімдеді.

Осылайша, Армения мен Әзербайжан арасындағы 40 жылға жуық жалғасқан қақтығысқа нүкте қойылатын уақыт жетті. Екі одақтас елдің арасындағы келіссөздің сәтті аяқталуына байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.

«Қазақстан Республикасы Әзербайжан Республикасы сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы сыртқы істер министрлігінің Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөнінде мәлімдемелерін құптайды» деп жазды СІМ ресми сайты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ел арасында бейбітшілік пен тыныштық орнағанын қуаттап, бейбіт келіссөзге әр кез қолдау көрсеткенін атап өтті.

«Қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз», – деп жазды ҚР сыртқы істер министрлігі.

Қазақстан екі арасындағы келіссөзді қолдап-қуттадық дегенді бекер айтып отырған жоқ. Астана Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысқа бейтарап позиция ұстанып, қос тарапты татулыққа шақырып жүрді. Әрі біздің дипломаттар Баку мен Ереванға ел аумағында бейбіт келіссөз алаңын ұсынған.

Естеріңізде болса, 2024 жылы 10-11 мамырда Алматыда Әзербайжан Республикасының сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Армения Республикасы сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян арасында келіссөз өткен. Сол кездесуде Баку мен Ереван арасындағы жанжалды жөнге салуға маңызды қадам жасалған болатын.

Әзербайжан мен Армения арасының тыныш болғаны Қазақстанға да керек. Өйткені аталған екі елмен де қарым-қатынасымыз өте қою. Ең алдымен ТМД-ға мүше болып отырмыз. Демек үш Астананың Баку және Ереванмен ортақ мүддесі бар. Оның үстіне Армения біздің Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақ және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы одақтасымыз саналады. Әзербайжанмен де қарым-қатынасымыз жақсы. Түркі мемлекеттер ұйымына кіретін туысқан мемлекетпіз.

Сондықтан Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісім жасалып, тыныштық орнаса, біздің елге де пайдалы болмақ. Өйткені аймақтың тыныш қауіпсіз болғаны экономика мен геосаяси жағдайға әсер етері анық. Қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі қақтығыс оты тұтанып, әлемдік қауіпсіздікке зор нұқсан келтіріп отыр. Осындай сәтте бір аймақта болса да, бейбітшілік орнағаны қуануға тұралық жағдай деп есептейміз.

Еламан Өмірхан