Бакуде президентті сынға алған саясаттанушы "мемлекетке опасыздық жасады" деп 15 жылға сотталды

Әзербайжанның астанасы Баку қаласында ел президенті Ильхам Әлиевті ашық сынға алып, Армениямен бейбітшілікті жақтаған саясаттанушы Бахруз Самадов 15 жылға қатаң режимдегі түрмеге қамалды.
23 маусым күні The Insider порталы жазғандай, Баку қалалық соты саясаттанушы әрі соғысқа қарсы белсенді Бахруз Самадовты Әзербайжан Қылмыстық кодексінің "мемлекетке опасыздық жасау" бабымен кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот үкіміне сілтеме жасаған Әзербайжандық Haqqin.az сайтының мәліметіне қарағанда, Самадов Чехияда тұрақты тұрып, Прагадағы Карл университетінде докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген. Ол әлеуметтік желілерде және түрлі халықаралық басылымдарда Әзербайжан билігін, әсіресе Ильхам Әлиев режимін ашық сынап, Армениямен бейбіт диалогты қолдаған санаулы белсенділердің бірі болған.
Қамауға алу және тағылған айыптар
2024 жылғы тамыз айында Бахруз Самадов жазғы демалыс үшін Баку қаласына келген сәтінде тұтқындалған. Кейінірек Әзербайжан билігі оны Арменияның арнайы қызметтерімен байланыста болды деп айыптаған. Прокуратура Самадовты 16 жылға соттауды сұраған, алайда сот 15 жылға қатаң режимдегі түрме жазасын бекітті.
Самадовтың әжесі Зибейда Османованың айтуынша, осындай ауыр айыптаулар мен қысымнан кейін немересі өз-өзіне қол салуға әрекеттенген, бірақ оны камераласы аман алып қалған.
Халықаралық ұйымдар реакциясы
2024 жылдың қыркүйегінде Халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Бахруз Самадовтың қудалануы туралы мәлімдеме жариялады. Ұйым Самадовты тәуелсіз журналист ретінде Грузияның OC Media басылымымен және АҚШ-тағы Eurasianet жобасымен жұмыс істеген, Әзербайжан билігін жүйелі түрде сынаған зерттеуші ретінде сипаттады.
CPJ мәлімдемесінде Самадовтың досы Рустам Исмаилбейлидің пікірі келтірілген. Оның айтуынша, Бахруз – бейбітшілікті жақтайтын, милитаризм мен авторитаризмге қарсы пікірлерімен танылған тұлға, және дәл осы ұстанымы оны қудалауға ұшыратқан.