Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 02 Тамыз 2024

Бала асыраудың жауапкершілігі. Зорлық пен қамқорлықтың арасы қанша адым?

1
Фото: ашық дереккөз

23 шілдеде Қазақстан Конституциялық соты үйленбеген еркектерге бала асырап алуға тыйым салатын «Неке және отбасы туралы» кодекстің нормасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.

Бұған дейін «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, бойдақ ер адамға бала асырап алуға тыйым салынып келген, бірақ жетімдер үйіндегі тәрбиеленушіні бауырына баспақ болған азаматтардың бірі бұл ережеге қарсылық білдіріп, Конституциялық сотқа жүгініпті. Бұл тұрғындарды жынысына байланысты кемсіту екенін алға тартқан. Себебі басы бос әйелдерге мұндай шектеу қойылмаған. Енді, міне, бала асырап алу бойынша ерлер мен әйелдерге тең құқық беріліп отыр. Конституциялық сот шектеуді алып тастаған. Демек, енді елімізде бойдақ ер-азаматтар да бала асырап алуға құқылы. Алайда 2023 жылға дейін бала асырап алуға ниет білдірген бірде-бір ер адам болмапты. Жаңа нормаға қатысты Қазақстан үкіметі алты айдан кешіктірмей мәжіліске тиісті түзетулермен заң жобасын енгізуі тиіс.

Аталған норма заң жобасына енбей жатып, қоғам пікірін екіге жарды. Бір топ педофилдер аталған заңды жеке мүдделеріне пайдалануы мүмкін десе, енді біреулер гендерлік теңдік мәселесінде ерлер мен әйелдердің құқы тең сақталуы керек деп отыр. Еліміздегі балалар омбудсмені Динара Закиевадан пікір сұрағанымызда ол қарсы топтың қатарында екенін мәлім етті. Омбудсменнің пайымынша, жалғызбасты ғана емес, жалпы елдегі бала асырап алушыларға деген талаптарды қатайту керек.

«Бұл мәселені талқылау кезінде мен және балалардың құқықтарын қорғау комитеті қолданыстағы заңнамада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан балаларды тіркелген некеде тұрмаған ер адамдарға беру мүмкіндігіне тыйым салуды сақтау қажет деген ұстанымды айтып, өз ұсынысымды жолдадым. Алда бала асырап алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды арттыру, сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектебінде оқыту процесін қарастыру қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар бала асырап алушы ата -аналарды балаларды қолдау орталықтарымен одан әрі сүйемелдеуді көздеу қажет», – деді балалар омбудсмені.

Толық отбасыларда да зорлық мәселесі бар

Астанадағы бала асырап алу жөніндегі Ұлттық агенттіктің және «Ана үйі» қоғамдық қорының психологиялық қызметінің басшысы Лаура Ақатаева аталған өзгерістің қабылдануы Қазақстанның жыныстар теңдігі бағытында келе жатқанының көрінісі дейді.

«Егер халықаралық практика туралы айтатын болсақ, гендерлік теңдік бағытындағы қозғалысты байқауға болады. Қазақстан, бүкіл әлем сияқты, осы үрдісті ұстанады. Біздің ұлттық бала асырап алу агенттігі 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз патронаттық тәрбиенің куәгеріміз және бізде түрлі оқиғалар жетерлік. Айта кету керек, зорлық-зомбылық ерлерден де, әйелдерден де болуы мүмкін. Сонымен қатар жалғызбасты ер адамдардың бала тәрбиесінде үлгі боларлық жақсы кейстері де жоқ емес. Мәселен, ажырасқан отбасылар немесе келіншегі қайтыс болған ер адамдар көп жағдайда балаларын өз жауапкершіліктеріне алады. Мұнда мәселе адамның жынысына емес, жеке қасиеттеріне байланысты. Бізде асырап алған анасы балаларынан бас тартқан және олар әкесімен бірге болған жағдайлар жетерлік. Бұл жағдайлар ер адамның баланы сүйіспеншілікпен және қамқорлықпен тәрбиелейтінін және балаларының да әкелерімен тұруын қалайтынын көрсетеді», – дейді Лаура Ақатаева.

Сарапшы балалардың интернаттан гөрі, жалғызбасты болса да қаржылық мүмкіндігі, баспанасы, жауапкершілігі бар адамның қарауында болғаны жақсы деп отыр.

«Әрине, бала үшін толық отбасында өсу маңызды. Ол ата-аналардың бір-бірімен ер мен әйел, ерлі-зайыпты, анасы мен әкесі ретінде қарым-қатынасын бақылайды. Осылайша, баланың әкесімен де, анасымен де тәжірибесі бар. Бұл тамаша модель. Бірақ толық емес отбасы мен интернаттың арасында таңдау болса, дұрысы – толық емес отбасыны таңдау. Толық емес отбасында балаға ата-анасының жоқтығын білдірмейтін ата-әжелері, бауырлары бар. Бала сол жерде отбасылық қарым-қатынасты көре алады. Ал зорлық мәселесі ол толық отбасыларда да орын алып жатыр», – деп атап өтті сарапшы.

Осы тұста айта кететіні, бірнеше ай бұрын асыранды балаларын құлдықта ұстаған шымкенттік емшінің отбасына қатысты хикая бүкіл Қазақстанды дүрліктірді. Балаларды аш-құрсақ ұстап, нәжістерімен қоректенуге мәжбүрлеген отбасы Өскемен, Алматы, Астана қалаларының балалар үйінен 6 бірдей баланы асырап алған. Қазіргі таңда емші психдиспансерде жатыр. Конституция талаптары қатаң дегенімізбен, асыранды балаларға қатысты қатыгездік оқиғалары БАҚ беттерінде жиі жарияланады. Осыған қарап, елдегі бала құқықтары жөніндегі уәкілетті органдардың міндеттерін дұрыс атқаруларына қатысты күмән көп.


Басымдылық отбасылы адамдарға берілуі керек

Ал белгілі құқықтанушы Айгерім Құсайынқызы Конституциялық сот шешімінде үйленбеген ер кісілер бала асырауға құқылы деген бірде-бір сөз жоқ дейді.

«Тек ер және әйел кісілер бала асырауға теңді, бірақ ең алдымен «заңды некеде тұрған және отбасылы кісілер» деп Конституциялық соттың шешімінде тікелей көзделген. Егер Конституциялық соттың шешімін мұқият және басынан аяғына дейін оқитын болсақ, осы шешімде нақты жазылған пікір: ресми некеде тұрған және отбасылы кісілерге бала асырауға бәрінен бұрын приоритет берілу керек, осыған байланысты заңнама тетіктері бағытталуы керек. Осы тезиске сүйеніп, Конституциялық сот Қазақстан Республикасының үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей, Қазақстан Республикасы парламентінің мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, бала асырап алу институтын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін деп нақты ұсыныс берді», – деді Құсайынқызы.

Бала асырап алуға 3 мыңнан астам адам кезекте тұр

Балалар құқықтарын қорғау комитетінің дерегінше, биыл елімізде 22 081 бала ата-анасыз қалды. Республика бойынша ол балаларды қарауына алатын 116 ұйым бар. Сондай-ақ бүгінгі күні жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар бойынша республикалық деректер қорында 3 мыңнан астам кандидат тіркелген. Қазақстандық азамат бала асырап алу үшін ерлі-зайыпты болудан бөлек, тұрғын үйі мен тұрақты табысы болуы міндетті.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің қабылдануымен қазақстандық азаматтардың асырап алу рәсімі жеңілдетілді. Баланы асырап алуға тілек білдірген адам тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға өтініш береді. Онда: жеке басын куәландыратын құжаттарды, отбасы жағдайы туралы, денсаулық жағдайы, сотталмағаны туралы анықтаманы, жақын туыстарының келісімін, тұрғын үйінің болуы және жалақысы туралы анықтаманы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (баланың жақын туыстарын қоспағанда) отбасына тәрбиелеуге, қабылдауға тілек білдірген адамдардың даярлықтан өткені жөніндегі сертификатты ұсынады. Азамат бала асырап алуға үміткер деп танылғаннан кейін, оған баланы таңдап, баламен жақын танысу үшін қарым-қатынас жасауға екі апта уақыт беріледі. Содан кейін ғана құжаттарды сотқа дайындауға міндетті. Бала асырап алу туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деп атап өтті комитет өкілі Бибігүл Асылова.

Кодекстің 91-бабына сәйкес, бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиеленуi мен бiлiм алуы үшiн жағдай болған кезде бала асырап алуға рұқсат етiледi.

Бала асырап алған отбасыға қанша ақша төленеді

Баланы патронат отбасына, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), асырап алушы отбасына орналастыру кезінде оны күтіп-бағуға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы, асырап алу кезінде әрбір балаға 75 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы есептеледі. Патронат тәрбиешілерге мектепке дейінгі жастағы бір бала үшін – 9 АЕК, ал мектеп жасындағы бір бала үшін – 10 АЕК мөлшерінде ай сайын ақшалай қаражат және әрбір қабылдаушы ата-анаға 58 мың теңгеден бастап жалақы төленеді.

Асырап алған баланы мемлекет қалай бақылайды?

Асырап алынған балалар жергілікті қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың тұрақты бақылауында болады. Сондай-ақ кодекске сәйкес, асырап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемі бір рет (бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша) оның тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулығы туралы ақпарат ұсынуға міндетті. Тұрақты түрде республикадан тыс жерде тұратын – бала асырап алушы Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер ҚР балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, бала он сегіз жасқа толғанға дейін алғашқы үш жылда (әрбір алты ай сайын), кейінгі жылдары – жылына кемінде бір рет асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие және денсаулық жағдайы туралы ақпарат ұсынуға міндетті. Асырап алынған баланың өмір сүру, оқу, тәрбие және денсаулық жағдайы туралы есепті ұсыну тәртібі мен мерзімін, нысанын Қазақстан балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Айжан Қалиева

Астана қаласы

Тегтер: