Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:28, 27 Наурыз 2024

«Бала ата-анасы бола тұра жетім атанбауы қажет». «Ана үйі» орталығының маманымен сұхбат

ана мен бала
Фото:

Ана мен баланы қорғау қоғам алдындағы басты міндет. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел. Кейінгі уақытта елімізде жетімдер үйі азайып келеді. Кейінгі үш жыл ішінде 14 балалар үйі жабылып, олардағы қызметкерлер саны үш есеге азайған.

  Бүгінде ана мен балаға көмек беретін елімізде бірнеше орталықтар бар. Соның бірі – Алматыдағы 1-"Ана Үйі" ресурстық орталығы. Біз осы орталықтың басшысы Майра Тұрсынбаеваны сөзге тартып, бүгінде ана мен балалардың жағдайы қалай екенін біліп қайттық.

«Ана үйі» жобасы 2013 жылы өз сәбиінен бас тартудың алдын алып, жетімдікті азайту мақсатында құрылған. Мұнда жас аналарға, жалғызбасты қыз-келіншектерге материалдық көмек, психологиялық, құқықтық кеңес беріледі.

Майра Тұрсынбаева
Фото: Ернар Алмабек

«2013 жылы белгілі кәсіпкер, BI-Group холдингінің президенті Айдын Рақымбаев пен жұбайы Анар Амангелдіқызының бастамасымен «Ана үйі» ана мен баланы қорғау орталығы құрылды. Алғашқысы сол жылы мамыр айында Астанада ашылды. 2 аптаның ішінде ол үй ана мен балаға толып кетеді. Екіншісі Алматы қаласында ашылды. 2013 жылдың қараша айында Астанада үшінші үй, содан кейін Қостанай, Шымкент қалаларында ашылды. Ал сол жылы желтоқсан айында «Ана үйі» қоғамдық қоры болып құрылды. Бүгінгі уақытта 18 қалада 21 үй жұмыс істейді», - дейді «Ана үйінің» аймақтық маманы Майра Тұрсынбаева.

Ана үйіне кімдер келе алады?

«Біздің міндет әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Бала биологиялық ата-анасы бола тұра жетім атанбауы керек. Жоқ дегенде анасының қасында болуы керек. Біздің мақсатымыз Қазақстандағы балалардың толық отбасында өсуін, тәрбие алуын қамтамасыз ету. Ана үйне жас аналар, жүкті болып қалып әке-шешесіне, туған-туысына айта алмаған, барар жері, басар тауы жоқ аналар келе алады. Жас аналар қиындыққа кездескен кезінде алдымен баласынан бас тартуды ойлайды. Сондай қиын сәттерде біз аналарға көмек береміз. Баласын құшағына алып, өзінің жалғыз емесін сезінген ана ешқашан баласынан бас тартпайды. Себебі көріп жатырсыздар қаншама ана баласынан бас тартып перзетханаға тағы басқа жерлерге тастап кетіп жатыр. Кейде сатып жіберіп істі болады немесе заңсыз түсік тастатып салдары ауыр болып жатады. Кейбірі бала сүю арманынан айрылады, кейбірі заңсыз түсік салдарынан көз жұмады. Осындай қателік жасамасын деп біз аналарға көмек береміз», - дейді орталық басшысы.

Жас аналардың қиындыққа тап болуына түрлі жағдайлар себеп болады. Көбіне ауылдан келген жас қыздар мұндай мәселелрге тап болып жатады екен.

«Қыздар арман қуып қалаға келеді. Оқуға түсемін, жұмыс істеймін дейді. Жас болғаннан кейін жігітке ғашық болады. Оның салдары кейде жүктілікке алып келеді. Бір сөзбен айтқанда ойнап жүріп от басады. Қыздың жүкті екенін біліп көп ер азаматтар жауапкершіліктен бас тартады. Телефондарын өшіріп тастайды. Кейде қашып кетеді. Мұндай кезде ана құрсағындағы сәбиімен, өз проблемасымен өзі ғана қалады. Туыстарын айта алмайды. Жұмысқа тұру мүмкін емес. Ал әке-шешесі «қызымыз жұмыс істеп жатыр» деп ойлайды. Бұл қыздар әке-шешесіне «жұмыс істеп жатырмын» деп ішін жасыру үшін үйлеріне бармайды. Мұндай кезде «ақшаң қайда, не жұмыс істеп жатырсың?» деп әке-шешесі сұрайды. Содан қыздарымыз амал жоқ несиеге байланады. Бұл ақшаны менің айлығым деп үйіне жібереді не болмаса тұратын пәтеріне жұмсайды. Тұрақты табысы болмағасын несиеден несиеге байлана береді. Қарыз көбейе түседі. Соңында «осы баладан құтылсам проблемам шешілетін шығар» деген ой тұрады», - дейді майра Тұрсынбаева.

Орталыққа келмей тұрып баласынан бас тартуға дайын аналар көп болады екен. Олар «Ана үйіне» келгесін бұл ойын өзгертеді. Оғар осы орталықтың мамандары психологиялық көмек береді.

«Ерте уақытта баласынан бас тартатын аналар өте көп. Бізге келетін аналардың 70 пайызы ерте кезде баласынан бас тартады. Осындай қиын жағдайда перзентханадан, мемлекеттік ұйымдардан, университет жатақханасынан бізге хабарласады. Біз қолдан келген көмекті аямаймыз. Бізге келген аналарды бақылаймыз, дәрігерлік есепке тұрғызамыз. Айы-күні жеткенде босандырып алуға тырысамыз. Содан кейін аналарды баспана, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз. Оларға психологиялық тұрғыдан қолдау да көрсетеміз. Мәселені шешу үшін ананың үйіне хабарласамыз не болмаса жігітін табамыз. Онымен де сөйлесеміз», - дейді Майра Тұрсынбаева.

Бұл орталықта 30 жасқа дейінгі ананы 1,5 жасқа дейінгі баласымен қабылдайды. Болмаса жүктіліктің соңғы айларында аналар келе алады. «Ана үйінде» көбіне тұру мерзімі алты ай. Алты ай ішінде жас аналар аяққа тұрып кетуі үшін орталық мамандары қолдан келгеннің бәрін жасайды.

«Жұмысқа тұрғызамыз, әлеуметтік құжаттарын да түгелдеп береміз. Қазіргі қоғамға керек әлеуметтік мамандықтар, мысалы, шаштараз, аспаз, сұлулық салонына қажетті кәсіптерді ерікті көмекшілер, орталықтар арқылы оқытамыз. Шеберлік сабақтарға қатыстырамыз. Көптеген волонтерлердің арқасында жас аналарымыз жұмысқа кіреді. Міне солай жұмыс істеп 1-2 айлық қаражаты болғанда орталықтан шығарып саламыз. Одан кейінде жас аналырымызды бақылап отырамыз. Қайда кетті, не істеп жатыр, баласы қалай – бәрінен хабар аламыз. Ата-анасымен тұрып жатыр ма немесе жігітіне қосылды ма оны да бақылаймыз», - дейді «Ана үйі» басшысы.

ана үйі

Қазіргі күнде Алматы қаласында үш «Ана үйі» бар. Алматы қаласындағы 1-Қоғамдық Қор "Ана Үйі" ресурстық орталығының аймақтық маманы Майра Тұрсынбаева басқарып отырған орталықта 13 ана, 14 бала тұрып жатыр.

«Бұрын бір баламен қабылдайтын едік. Қазір аналар 2-3 баламен далада қалып, жағдайы мүшкіл болған кезде де көмек береміз. Көп жағдайда ондай отбасының әкелері ішімдікке салынып, нашақор болып немесе құмар ойындарға беріліп кеткен болады. Соның кесірінен ана баласымен үй-күйсіз қалады. Мұндай аналарға біз 2-3 ай орталықта паналатып, көмегімізді береміз. Олардың да әлеуметтік құжаттарын түгендейміз. Жұмысқа тұрғызып, балаларын балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Бір сөзбен айтқанда ана балаларын асырай алатындай дәрежеге жеткізуге тырысамыз. Содан кейін ғана «Ана үйінен» шығарып саламыз».

«Ана үйі» орталығының ашылғанына 13 жылдан аса уақыт өткен. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 21 орталықтан 6500-ден аса ана мен бала көмек алған. Ал Майра Тұрсынбаева басқарып отырған орталық осы уақыт аралығында 350 ана мен балаға қамқор болған.

«2013 жылдан бастап Айдын Рахымбаев пен Анар Амангелдіқызы басқа да орталықтарды қаржыландыру үшін айналасындағы қалталы азаматтарды осы іске тартқан. Барлық орталықтарды еліміздің дәулетті азаматтары қаржыландырып отырады», - дейді Майра Тұрсынбаева.

Бұдан бөлек мемлекеттен де көмек болады. Мысалы, аналардың құжатын реттеуге Медеу ауданының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Аралбаев Сакен көмек береді екен.

Негізі қаланғаннан бері «Ана үйі» орталығы 6695 сәбидің анасына көмек көрсетіп, жетімдіктің алдын алған. 630 баланы жетімдер үйінен туған отбасына қайтаруға септігін тигізген. Орталықтың өз сайты және сенім телефоны жұмыс істейді.

Фото: Ернар Алмабек

Тегтер: