Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:35, 29 Шілде 2025

Бала – борыш емес, болмыс

балалар
Фото: ашық дереккөз

Бала – болмыстың ең нәзік иірімдерінен жаралған күрделі әлем. Сондықтан да болар, баланың санасы – көзбен көріп, құлақпен естігеннің, мыңдаған түйсік пен сезімнің тоғысынан туған нәзік құрылым.

 Негізі, қоғамға қол ұшын беріп, қоршаған ортаға зиян тигізбей, ата-анасының атына кір келтірмейтін перзенттің өсіп-өнуіне отбасы жан-жақты жұмыс істеуге міндетті. Тәуір бала, тәрбиелі шәкірт, тәжірибелі маман, бәрінің шығу төркіні – отба­сы, ошақ қасындағы өнегеге тікелей байланысты. Осы ретте бүгінгі бала тәрбиесінің бағыты қандай? Басты нелерге назар аударуымыз тиіс деген сұрақтардың өзектілене түсері анық. Бұл сауалдардың жауабын отбасылық психолог Балабек Сақтағановтан сұрап көрдік. 

МАХАББАТ ПЕН ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ДА ШЕГІ

Қоғамда «аналық мейірім» немесе «әкелік жауапкершілік» ұғымдарына қатысты көзқарас көбіне жылы леппен, ізгі ниетпен қабылданады. Алайда осы жақсы ниеттің шегінен шығып кетіп, гиперқамқорлыққа ұласуы баланың психикалық дамуына, тұлғалық қалыптасуына кедергі келтіретінін көбі ескермей жатады. Гиперқамқорлық – ата-ананың балаға шектен тыс бақылау орнатып, оның дербес шешім қабылдауына, өз бетімен әрекет етуіне мүмкіндік бермей, үнемі араласып, барлық процесті өз қадағалауында ұстауға тырысуы. Бұл құбылыс ата-ананың шынайы сүйіспеншілігі мен уайымының нәтижесі секілді көрінгенімен, түбінде бала үшін психологиялық қысымға айналуы мүмкін. Бүгінде гиперқамқорлық урбанизация мен білім беру деңгейінің артуымен қатар, бала санының азаюы нәтижесінде жиілеп бара жатқан үрдіс. Жалғыз немесе көптен күткен балаға ата-ана тарапынан тым көп көңіл бөлініп, оны үнемі қорғау, қауіптен сақтау, «қателік жібермесін» деген тілекпен кез келген мәселесін шешіп беру баланың өмірге бейімделуіне кедергі келтіреді. Америкалық психолог Венди Могель бұл жағдайды «ата-ананың шамадан тыс бақылауы баланың өмірден өз бетінше ләззат алу қабілетін жояды» деп сипаттайды. Мұндай ата-аналар балаға қамқорлық жасаудағы ниетінен гөрі, болашаққа деген үрей мен сенімсіздікпен әрекет етеді.

Психологияда бұл құбылысты «вербальды емес басымдық» деп те сипаттайды. Ата-ана балаға «сен әлсізсің», «сен өзің шеше алмайсың», «менсіз ештеңе істей алмайсың» деген астарлы сигналдар береді. Бұл баланың өзін-өзі бағалауына ауыр соққы болады. 2013 жылы Стэнфорд университетінде жүргізілген зерттеуде гиперқамқор ата-ананың балаларының мазасыздық деңгейі жоғары, күйзеліске бейім, өмірлік жауапкершіліктен қашатын қасиетке ие екендігі анықталған. Көп жағдайда махаббат пен гиперқамқорлықты, мейірім мен өбектеуді шатастырып жатамыз. Алайда нағыз махаббат сеніммен, еркіндікпен қатар жүруі тиіс. Кез келген бала қателесуге, тәуекел етуге, өз әрекетінің нәтижесін көруге құқылы. Қамқорлық дегеніміз – баланы «қапаста ұстау» емес, оны өмірге бейімдеу.

БАЛА ТӘРБИЕСІ ЕКІ ЖАС ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН КЕЗДЕ БАСТАЛУ КЕРЕК

Бала тәрбиесі қай кезеңнен басталуы керек деген сауал жиі қойылады. Бұл жөнінде психология ғылымында түрлі көзқарастар қалыптасқан. Мәселен, трансперсоналды психология өкілдері баланың тәрбиесі жатырдағы кезеңнен, нақтырақ айтқанда, ана құрсағына біткен алғашқы сәттен-ақ басталады деп есептейді. Олардың пікірінше, ана мен әкенің эмоционалдық күйі, болашақ нәрестеге деген қарым-қатынасы, ішкі жан дүниесіндегі үйлесім – бәрі де құрсақтағы балаға әсер етеді. Яғни баланың болмысын қалыптастыруда дүниеге келмей тұрып та жасалатын ықпал орасан. Ал гуманистік психология өкілдері жаңа туған сәбиді таза парақ ретінде қабылдап, оған тек ізгілік, мейірім мен махаббат арқылы ғана әсер етуге болады деп санайды. Бұл бағыт балаға жағымды қарым-қатынас пен жылы ықылас арқылы тұлғалық дамуын қамтамасыз етуді алдыңғы орынға қояды.Дегенмен баланы тәрбиелеу тек дүниеге келген сәттен басталатын үдеріс деп ойламаймын. Бұл әлдеқайда бұрын, ата-ана болуға дайындық кезеңінен, яғни екі жастың шаңырақ көтеріп, өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру сәтінен-ақ басталады. Себебі болашақ баланың мінез-құлқы мен құндылықтар жүйесі сол ата-ананың жеке тұлғалық қасиеттеріне, бір-бірімен қалай сөйлесетініне, бірін-бірі қалай құрметтейтініне, отбасындағы психологиялық климатқа тікелей байланысты. Баланың дүниетанымы, эмоциялық тұрақтылығы, өзін-өзі бағалауы ата-ана моделінен нәр алады. Сондықтан да шынайы тәрбиенің бастауы балалы болу туралы шешім қабылдаған сәт емес, өзара жауапкершілік пен махаббатқа негізделген қарым-қатынас орнатудан басталады.

ҚАТЫП ҚАЛҒАН ҚАҒИДА ЖОҚ

Өмірге сәби әкелу, балалы болу – ересектердің таңдауы. Сондықтан да оны асырап-бағу, өсіріп-жеткізу – сол таңдау жасап, шешім қабылдаған үлкендердің тікелей міндеті. Алайда біздің қоғамда «бала ата-анасының алдындағы қарыздан құтылуға міндетті», «ұл әке өмірінің жалғасы» деген жалаң түсінік әлі де бар. Осындай көзқарас балаға бейсаналы түрде «сен менің қарызымды өтеу үшін өмірге келдің» деген сияқты теріс жүк артады. Бұл өзінің кім екенін енді ғана ұғынып келе жатқан, өмірдің мәнін енді ғана іздей бастаған баланың нәзік психикасына ауыр салмақ түсіреді. Бала ата-анасына борышты емес. Ол осы өмірге рұқсат сұрап келген жоқ. Сондықтан оның өмір сүруге, өзін-өзі табуға, жеке таңдау жасауға, қателесуге де, өзін сүюге толық құқығы бар. Оған біреудің армандарын орындау немесе біреудің жалғыз үміті болу міндеті жүктелмеуі керек. Әсіресе эмоционалдық жағынан жетілмеген, өзін танып-білуі әлі аяқталмаған жастағы балаға «сен менің сенімімсің», «мен сені сеніп тудым», «мен сені өзім қартайғанда бағу үшін өсіріп жатырмын» деген сияқты сөздер айтылса, оның бойында кінә сезімі пайда болады. Ол өз өмірін емес, ата-анасының үмітін ақтауға тырысып, шын мәнінде өзін жоғалтып алуы мүмкін. Баланы белгілі бір қатып қалған принциппен өсіру деген мүмкін емес. Бәрі баланың мінез-құлқы, темпераменті мен типіне байланысты.

Жазып алған

А. Ерболова

Тегтер: