Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:46, 06 Қазан 2021

Бала көп пе, әлде мектеп аз ба?

None
None

1984 жылдың жазында аты әлемге әйгілі Ленин орденді «Мақтаарал» совхоз-техникумына республика басшысы Қонаев келе қалды.

«Келе қалды» деп отырған себебіміз: ағаштар әктелмеді, шарбақтар сырланбады, көшеге су себілмеді, жол бойындағы арамшөп шабылмады, каска киіп, қалқан ұстаған полицейлер қаптап кетпеді. Елді дүрліктірмей, ешқандай ескертусіз, елеусіз келген. Бұл – ұлы тұлғаның қанына сіңген қарапайымдылық қасиеті мен өзін халықтан жоғары қоймайтын көрегендігінің бір ғана көрінісі еді.

Сонымен, қонақтар мінген көліктер совхоз басқармасының алдына келіп тоқтады. Қонаевтың төбесі көрінді. Қасында облыс басшылары Асанбай Асқаров пен Жамалбек Шаймерденов бар. Бар-жоғы отыз шақты адам «П» әрпі сияқты тізіліп тұра қалып, қонақтарды қарсы алдық. Мен ол кезде совхоздың жас бас маманы едім. Ширақ қимылдап, Қонаевқа қол созым жерден қарап тұрдым. Мәртебелі қонақ жайдары жүзбен жиналғандардың хал-жағдайын сұрап тұрды да: «Совхоз директоры қайда?» – деді. Совхоз директоры Қосай Ибрагимов аласа бойлы, алпысты алқымдап қалған, аса сабырлы ақсары кісі еді. Ол «менмін» дегендей ишарат білдіріп, жарты қадам алға озды. Қонаев оған жақындап келіп, қанша айтқанмен тау тұлғалы биік адам ғой, басын еңкейтіп, салған жерден: «Мектеп бар ма?» – деп сұрады. Мына сұрақтан менің көңілім құлазып кетті. «Мақтаң қалай? Шаруаң қалай?» деп сұраудың орнына қайдағы бір мектепті сұрап тұрғаны несі деп ойладым. Директор асықпай, салмақты баяу үнмен: «Совхозда сегіз мектеп бар. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. Совхоз тарапынан көмек көрсетіп тұрамыз», – деп қысқа қайырды. Қонаев алған жауабына қанағаттанды ғой деймін, көз жанарынан мейірім шуақтары шашылып, директордың қолтығынан алып, көлігіне отырғызып жүріп кетті.

Республика басшысы совхоздың бір-екі мақта плантацияларын аралап, Шардараға шұғыл аттанып кеткенін кейін білдік. Қайраткер Қонаевтың сондағы «Мектеп бар ма?» деген жалғыз ауыз сұрағы арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де, мені қайран қалдырып келеді. Бұл ұлт болашағын, ұрпақ қамын ойлаған ұлы тұлғаның ұқыптылығы екен ғой. Осыдан кейін Қонаевты кемеңгер демей көріңіз.

 Тәуелсіздікпен бірге ере келген жоқтық пен жаппай жабайы сауда, алдап-арбау, аласапыран білім беру жүйесінің бел омыртқасын үзіп жібере жаздады. Ең көп зардап шегіп, зәбір көрген сол сала әлі күнге жорға жүрісінен жаңылып, төрт аяғын тең баса алмай теңселіп келеді. Әңгімемізді әріректен бастайық.

 Бір әкенің баласы қисық-қыңыр, ожар, басбұзар болып өсіпті. Күйініп, күйзелген әке баласына әсер етер деген оймен әрбір оғаш қылығы мен нашар ісі үшін есік алдындағы ағашқа бір шеге қағып отырыпты. Біраз жылдан соң, ағашқа шеге қағатын орын қалмады. Балаға бұл тәсіл әсер етсе керек, есі кіріп, ақыл қонып, түзеле бастапты. Енді әке баласының әрбір көркем мінезі мен жақсы ісі үшін бір шегені суырып отырған. Ең соңғы шеге суырылатын сәт келгенде бала: «Шеге жұлынып таусылғанымен, орындары үңірейіп тұр ғой» – деп, еңіреп жылап жіберсе керек.

Сол айтпақшы, азды-көпті жетістіктеріміздің барына шүбә келтірмейміз, бірақ озығымызды он орап кететін олқылықтардың орны үңірейіп, келеңсіздік пен кемшіліктеріміз кеңірдектен келеді. Мақтаншақ биліктің арты ашылып, ағынан жарылып, ақтарылып ақиқатты айта бастады. «Ішінде дәнегі жоқ жаңғақ жарылғанда ұятқа қалады» демекші, қанша жерден көз бояп жасырып-жапқанымен, шындық бір күні өтіріктің бетін шиқандай етеді.

   Қараңыз, Қазақстанда 260 мың оқушыға орын тапшылығы бар екен. Мақтанып-мақтанып масқара болыппыз. Мектеп машақаты еш уақытта толықтай көрінбейтін Айсберг сияқты. «Бізде бәрі жақсы» деп көбік сөзге көміліп, көкитін шенеуніктер ұрпақ қамын ойлауды ұмытып, тығырыққа тіреліп, ауыр ахуалға тап келгенін кеш те болса түсініп, жедел жоспар құрып, бағдарлама түзіп, таяу жылдарда 1000 мектеп салуды қолға алмақшы екен. Олар осылай қаражат қарастырып, ырғалып-жырғалып жүргенде оқушыларға орын тапшылығы миллионның үстіне шығып кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. Масқараның көкесі сонда болады. Жыртығымызды жамап, үш ауысымды мектептерден құтыла алмай жүргенде жығылғанға жұдырық жұмсағандай болайын деп тұр.

 Ұлтымыздың болашағына қатысы бар кез келген іске биік патриоттық сезіммен мұқият қарауға мақтаншақ биліктің «балалық аурулары» мүмкіндік бермеді. Мектеп проблемасы – қатардағы қойыртпағы көп мәселелердің бірі емес, ұлт қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар мәселе. Отан мектептен басталады. Мектебі мықтының – Отаны күшті, айбыны асқақ.

 Әлемді аузына қаратуға әуес, қатардан озуға құмар біздің билік триллиондаған теңгенің бет-жүзіне қарамай, салтанатты сарайлар, зәулім үйлер, биік қорғандар, мұнаралы мешіттер т.б. тұрғызып тыраштанып, мемлекеттің алтын діңгегі – саналы адамдарды өсіріп, үздіксіз «өнім» шығарып жататын мектеп-фабрикаларға аса көңіл бөлмеді. Бұғы өсіруші: «Тундраның өндірілген алтынынан жүздеген алтын бұғы құйып шығаруға болады-ау. Алайда осы қыруар байлықты жұмсау арқылы жалғыз ғана тірі бұғыны дүниеге келтіру мүмкін емес», – деп айтқанындай, ешқандай ЭКСПО қалашығы, Ханшатыр, еңсесі биік ордалар мектеп орнын баса алмайды.

 Қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов ұлттың өсіп-өрбуіне екі жағдай қажет деп еді. Онысы азаттық пен білім болатын. Құдайға шүкір, азаттыққа қолымыз жетті. Ал білім саласы еліктеушілік реформалардан көз ашпай, тар жол, тайғақ кешумен келеді. Қайраткер Қонаевтың «Мектеп бар ма?» деген сұрағы біздің билікті ойландырып, ең бірінші кезекте күн тәртібінің төрінде тұруы керек. Мықты мемлекет боламыз десек – мектебімізді түзейік!

Тегтер: