Бала несібесінен тарт қолыңды!
Былтырғы жылдың аяғынан бастап елімізде балалар тегін үйірмелермен қамтамасыз етіле бастады.
Бұл мақсатта мемлекет тарапынан талай миллиард ақша бөлініп отыр. Аrtsport.edu.kz сайтындағы ақпарат бойынша спорт үйірмелеріне Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биылғы жылға 1 306 034 000 теңге, ал 1 700 000 000 Алматы қаласына, 2 323 111 000 Шымкент қаласына, 973 044 000 Ақмола облысына бөлінген. Еліміздің басқа аймақтарына қанша бөлінгенін арнайы суреттен қарай жатарсыздар, бірақ бұл спорт бағытына ғана бөлінгені. Тағы шығармашылық бағыттағы үйірмелерге 2 000 000 000 Нұр-Сұлтан қаласына, 2 541 667 345 Алматы қаласына, 900 798 000 Шымкентке, 1 359 237 000 Ақмола облысына, 2 400 000 000 Алматы облыстарына бөлінген. Ең бастысы еліміздің барлық аймағы бұл қаржыдан қалыс қалмаған.
Қазақ барын баладан аямайды десек те, бұл отыз жылдан бері балаларымызды жарылқауымыз екенін мойындауымыз керек. Өйткені жаппай барлық балаға арналып тегін үйірмелерге мұндай мөлшерде бұрын соңды ақша бөлінбеген болатын. Жағдайы жеткен ата-аналар ғана балаларын ақылы үйірмеге апарса, бір баланы бала санамайтын талай көпбалалы қазақ отбасылары үйірмені түсінде көретін. Сондықтан неше жылдан бері мәнерлеп сырғанау, биатлон секілді қысқы спорт түрлерінде қазақ баласы жоқтың қасы. Әлі күнге спорттық додаларда шетелдік легионерлерге арқа сүйеп келе жатқанымыз да балаларымызды жастайынан спортқа, шығармашылыққа баули алмағанымыздан десек болады.
Балалар жылының екінші айын да аяқтадық. Бірақ жылды «Балалар жылы» деп жариялағанымызбен балалар құқығын, денсаулығын, әлеуметтік жағдайын қолдау мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай шаралар болып жатқан жоқ. Осы орайда, ең болмаса жоғарыдағы бөлінген миллиондар балалардың игілігіне жұмсалса екен деген тілегіміз бар. Көп қаражат бөлінген кез келген бастаманы жемқорлықпен жоқ қылатынымызға етіміз де үйреніп бара жатыр ғой. Бірақ бала несібесінің мүмкіндігінше өзіне жетуіне атсалыссақ екен. Осы орайда ол үйірмелердің жұмысының сапасы қандай?
Мәселен өзім тұрып жатқан Алматы облысында былтыр үш баламды да түрлі үйірмелерге тіркегеніммен, біраз уақытқа дейін үйірмелер түрлі сылтаумен өтпеді. Бірақ ай соңында табельге қол қойғызып алып отырды. Мен балаларды сайтқа өзім тіркегендіктен, олар жеке кабинетімнің логин, порольін білмегендіктен табельге қол қоюды өтініп жекеме шықты. Ал талай баланы өздері тіркеп, өздері табельге қол қойып, қағаз жүзінде қатырып отырғаны анық. Өйткені «сол үшін сізді мазаламай-ақ қояйық, логиньді бізге өткізсеңіз» – деп сұраған да болатын. Кейін ол үйірменің жұмысына көңілім толмай үй жақтағы басқа үйірмеге ауыстырдым. Барлық құжаттарды қабылдап алғаннан кейін, «балаңызды тіркеуге лимит таусылып қалды. Қаласаңыз, ақылы үйірмеге келе тұрсаңыз болады. Кейін лимит ашылғанда тіркейміз» – деген жауап алдым. Ал ақылысы айына 5000 теңге екен. Сонда мемлекет тарапынан бөлінген миллиардтар менің балаларыма ғана жетпей қалып тұр ма, әлде ауадан ақша жасағыш қулар мемлекеттен де, ата-аналардан да ақша алып, «екі жеп, биге шыққысы» келіп отыр ма?! Сондықтан тиісті қадағалаушы орындар үйірмелердің жұмыс істеу сапасын тексермесе бөлінген қаржының қызығын балалардан бұрын басқалар көріп жатыр.
Тек Алматы облысында ғана емес, басқа өңірлерде де осыған ұқсас жағдайлар жетерлік. Журналист Ержан Тәліптің әлеуметтік желідегі дабылы соның айғағы. «SOS, SOS, SOS. Соңғы кезде жергілікті үйірмелердің барлығы тегін болып жатыр ғой. Осыдан кейін-ақ үйірмелер қаптап кетті. Тіпті тойханалардың өзінен үйірмелер ашылғанын көз көрді. Осы мүмкіндікті пайдаланайын деп, мен де балаларымды үйірмеге бере қояйын деп барсам, «сіз тіркелгенсіз» деп тұр. Содан салып ұрып, техникалық қызмет көрсету арқылы сұрасақ, олар қалай анықтауға болатынын түсіндірді. Сол түсіндіргені бойынша қарасақ, менің балаларымды менің және зайыбымның ИИН-імен төмендегі пысықайлар өздері тіркеп алыпты. Менің атымнан өтірік пошта ашқан, ал зайыбымның электронды поштасынан өзгелер кіріп, менің қызымды тіркепті. Бұлай болмайды ғой. Әр балаға жан басына қаржыландыру бойынша үкімет ақша бөлетіні айдан анық. Енді сол ақшаны мына пысықайлар ауадан жасап, пайдаланып отыр ғой. Менің балаларым бұл үйірмелерге аттап басқан емес. Қайда орналасқанын білмейді де. Біз де білмей отырмыз. Осыларды қандай құзырлы орган анықтайды?» – деп жазба қалдырыпты.
Расында да басқа-басқа, балаларға бөлінген қаржы талан-таражға түсіп кетпесе екен. «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, талабы мен таланты таудай, бірақ «лимит жетпегендіктен» үйірмеге ілінбей қалған балалардың жолын кеспесек екен. Өйткені мәжіліс депутаты Динара Зәкиеваның депутаттық сауалына сенсек, «елімізде кем дегенде 625 мың бала, яғни әрбір оныншы бала тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатыр. Мәжілісмен «Әлеуметтік жағынан осал отбасыларды қолдау тетіктерінің бірі атаулы әлеуметтік көмек екені белгілі. Бірақ бүгінде оның мөлшері ең қарапайым қажеттіліктердің өзін қанағаттандырмайды. Мысалы, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен, 6 адамнан құралған отбасында атаулы әлеуметтік көмек бәріне 7 мың теңгеден ғана асуы мүмкін. Жалпы елімізде 1 миллион 145 мың отбасы өте қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. 12 мың бала есепте тұрған отбасыларда тәрбиеленуде» – деп депутаттық сауал жолдаған болатын. Сондықтан балалардың отыз жылда қолы әрең жеткен үйірмелері талай мықты азамат тәрбиелеп шығаруына атсалыссақ екен.