Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Bala PARK орталығындағы өрт: қашан сабақ аламыз?

Бала парк
Фото: 018.kz

Облыс орталығы Семей қаласындағы бірден-бір беткеұстар, жаңадан бой көтерген «Қарағайлы» ықшам ауданында орналасқан Bala PARK ойын-сауық орталығы тұтқиылдан отқа оранды.

Наурыздың 3-і күні кешкісін, ел орынға отырар шақта, еш алаңсыз балаларын аты айтып тұрған ойын-сауық орталығына әкеліп, мәз-мейрам болып жүрген ата-аналар тосыннан шыққан өрт салдарынан жантүршігерлік жағдайды бастан кешті. Орталық ішінде бейқам жүрген жерінен жанталаса сыртқа ұмтылып, бейбіт күнде тысқа безген отбасылардың қандай жағдайда қалғаны айтпаса да түсінікті. Мұны, тіпті, айналадағы көпқабатты үйлерден түсірілген бейнекөріністерден де көруге болады. Арасында «Ақбота қайда? Звондаңдаршы» деп қызынан адасқан ананың да жан дауысы естіледі. 

Оқыс оқиға орнына жедел жеткен Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев жалын құшағында қалғандар бірден құтқарылғанын, мерт болғандар жоқ екенін айтып, жұртты сабырға шақырды.

«Bala PARK ойын-сауық орталығында оқыстан шыққан өрт дер кезінде өшірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Денсаулық сақтау мекемесінен алынған мәлімет бойынша, 6 адамға медициналық көмек көрсетіліп, бесеуі үйіне қайтарылды. Бір адам облыстық ауруханаға жатқызылды. Ол кісінің денсаулығына қазір ешқандай қауіп жоқ», – деп мәлімдеген Әділет Нұрсағатұлы ары қарай тілсіз жаудың тұрғындарды тік тұрғызған себептеріне қатысты тексеру жұмыстары жүргізілетінінен хабардар етті.

Абай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының 4 наурыз, таңғы сағат 6-00-де таратқан мәліметіне сүйенсек, дәрігерлер көмегіне 11 адам жүгінген. Оның төртеуі – балалар. 4 баланың үшеуі амбулаториялық емдеуге жатқызылса, біреуі облыстық ауруханада госпитальдық режимде жатыр. Ал 7 ересек адамның «Бүйрек орталығы» мекемесіне жатқызылуына қарағанда, түтіннен уланып қалған сыңайлы.

Тосыннан шыққан мұндай өрт жағдайы құрылғанына үш жылдың жүзі енді болған Абай облысында бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін Бородулиха ауданында және облыс орталығындағы 2 ірі өрт оқиғасы туралы қашан, қалай болғанын тәптіштей айтпасақ та, жұрт жақсы біледі. Бірі – 2023 жылдың маусым айында «Семей орманы» резерватындағы 60 мың гектар жерді шарпып, 14 орманшының (біреуі аяғы ауыр әйел) қазасына себеп болған алапат өрт болса, екіншісі – 2024 жылдың 6 ақпанында Семейдегі «АҚШЫҢ» сауда орталығының таңға жақын жалынға оранып, тәулікке жуық уақытта әрең сөндірілгені. Әйтеуір, бұл кезде ешкім зардап шекпегенімен, сауда орталығындағы кәсіпкерлер орасан зор шығынға батқаны даусыз шындық.

Бұл жолғы өрт те оқыстан шыққанымен, жергілікті атқарушы билік те, кәсіпкерлік нысандар да алдыңғы екі апаттан ешқандай сабақ алмағанын тағы да көрсетіп берді. Бәрінен де Bala PARK орталығының әп-сәтте алапат жалын құшағында қалғаны қаладағы балаларға арналған барлық ойын-сауық орталықтарына, білім мекемелеріне, жалпы әлеуметтік нысандарға кешенді тексеру жүргізу қажеттігінің айқын дәлелі болғаны анық. Семейде жарыса бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер пайдалануға берілгенде де түрлі сауда орталықтарын да сүзгіден өткізу қажеттігі әзірге басы ашық, өзекті мәселе болып тұр.

Қазіргі уақытта балаларға арналған ойын-сауық орталығында шыққан өрттің себептері, ондағы кәсіпкерлік нысандардың қаншалықты шығынға батқаны жайлы қорытынды әлі шыққан жоқ.

Қазақта ауыр да болса айтылатын «Атың шықпаса, жер өрте» деген сөз бар. Абай есімі берілген облыстың осылай «аты шыққаны» ешкімге абырой әпермесі анық.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Абай облысы

Тегтер: