Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:25

“Бала уланады”: Маңғыстаудағы мектеп асханалары балалар үшін қауіпті болып шықты

Маңғыстай
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына жүргізілген ауқымды тексерістің нәтижесі ата-аналар мен қоғамды елең еткізді. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 66 мектеп асханасының 65-інде санитарлық талаптар өрескел бұзылған.

Тексеру барысында анықталған басты заңбұзушылықтар:

  • мерзімі өтіп кеткен өнімдерді қолдану;
  • персоналдың медициналық тексеруден өтпеуі;
  • жалған медициналық кітапшалар;
  • тағам дайындалатын ыдыс-аяқтарда ішек инфекциясын тудыратын бактериялардың болуы.

«Тексеру қорытындысы бойынша 57 әкімшілік айыппұл салынып, жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асты. 60 ұйғарым беріліп, 62 қызметкер жұмысынан шеттетілді. Бір материал сотқа жолданды», - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

Бұл тексеру 2024 жылы Бесшоқы ауылында 450-ден астам оқушы жаппай уланғаннан кейін басталған. Алайда арада біраз уақыт өтсе де, мәселелер шешілмеген күйі қалып отыр.

Комитет төрағасының орынбасары Роза Қожапова жағдайға алаңдаушылық білдіріп, мектептер мен білім басқармалары тарапынан бақылаудың әлсіздігін атап өтті:

«Тексеру нәтижелері білім беру мекемелеріндегі тамақтану сапасы мен бақылау жүйесінің өте төмен деңгейде екенін көрсетті. Бұл — балалар денсаулығына тікелей қауіп».

Сондай-ақ бракераждық комиссиялар жұмысының да ақсап жатқаны белгілі болды. Асханалардағы тағам сапасын бақылауға тиіс мамандардың кәсіби даярлығы төмен, ал кейбіреулері мүлде медициналық тексерістен өтпеген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бір мұғалім мектептегі асханаларда балаларды қалдық тамақпен тамақтандырып жатқанын айтқаны үшін сотталған болатын. Қоғамда резонанс тудырған бұл іске байланысты адвокаттар алқасы сот шешімін қайта қарауға күш салатынын мәлімдеді.

Тегтер: