Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Балабақша «майданында» өзгеріс жоқ

балабақша
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда балабақша дефициті әлі де сезіліп отыр. Тіпті кей өңірлердегі кезек еселеп артып жатыр.

 Оқу-ағарту министрлігі берген соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазір кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 93 пайызы орынмен қамтылған. Қалған 7 пайызымыз шамамен 70-80 мың бала. Олардың бәрі бөбекжай табалдырығын аттайтын күнді телміре күтіп отыр. 

Ал өңірлер мен қала деңгейінде қарасақ, қажеттілік бұдан әлдеқайда көп. Себебі кезекке тұру балалар туа салысымен жүреді. Мәселен, Астана қаласының білім басқармасы күніне 70 бала кезекке қосылатынын айтқан. Ал Алматы қалалық білім басқармасы жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатқан бірнеше ауданда жағдай күрделі дейді. Еліміз бойынша Шымкентте және Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарында орын тапшылығы аса байқалмайды, жағдай тұрақты. Қалған өңірлердегі жағдай мәз емес. Әсіресе Астана мен Алматыдағы кезек те, баға да ушығып тұр. Бұл мегаполисте тұратындар балаларын кезекке қойған күннен мектепке барғанша орын ала алмай жүргендерін айтады.

Бұл тараптағы жағдай толыққанды ашыла түсу үшін алдымен астаналық ата-аналардың бірнеше пікірін назарларыңызға ұсынайық:

Э.Салауат, Астана тұрғыны: «Ата-аналардың көпшілігі әйтеуір амалдап жүр. Босаған балабақшаға барады, алыс та болса, сапасыз болса да тасиды. Өйткені жақын жердегі мемлекеттік мекемелерде орын жоқ. Ал жекеменшіктері қымбат. Яғни келген орынды қандай да болса қуанып қабылдауға мәжбүрсің».

А.Шыңғыс, Астана тұрғыны: «Индиго» платформасы түсінікті, ашықтықты қамтамасыз етеді дегенге келіспеймін. Ата-аналар түсінбейді. Қалай кезекке қойып, қалай бақылауды да білмейді. Сол аралықта кезегіңді тартып алды ма, негізсіз басқаларға беріп жіберді ме, оны анықтай да алмайсың. Кезекке тұрасың, ол келіп болмайды. Балам үшінші жыл тізімде тұр. Ендігі мектепке апармасақ, балабақша табалдырығын аттау бұйырмай тұрған секілді».

К.Ғалымжанова, Астана тұрғыны: «Астанада, Алматыда кезекке тұру да, орын алу да мұң. Әсерінен, балабақшаға кіргізіп беремін, тездетіп орын тауып беремін деп жарнама жасайтындардың саудасы жүріп тұр. Бірде осылай уәде еткен алаяқтарға алданған адамды да білемін. 40 мың теңгесі желге ұшты. Орын жеткілікті, балабақша кезегі аз болса, осындай нарық пайда болар ма еді?!».

Е. Жылысбаев, Астана тұрғыны: «Балам беске келіп қалды. Бір орын таппай-ақ қойдық. Ваучердегі кезегіміз 3 258 деп тұр. Не екенін түсінбедім. Не де болса осы бетпен мектепке кете береміз».

Жағдай осындай. Мұны сандар мен статистика да дәлелдеп отыр. Қажеттілік көп, орын аз. Ал дефициттің қашан жойылатыны белгісіз. Қолжетімді және сапалы мектепке дейінгі білім беру Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму мақсаттарының қатарында. Оған қатысты біз де бірнеше жоба, жол картасын, бағдарлама жасағанбыз. Бірі 2021-2025 аралығында, басқасы 2027-ге дейін, енді бірі 2030-ды межелеген. Жауапты ведомство тарапынан жетіспеушілік 2028 жылға дейін толық жойылады деген де уәде болған. Бұл мақсатта не істеліп жатыр, қандай шаралар атқарылуда? Ол туралы оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдаған едік. Мынадай жауап келді:

«Қазір елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 1 млн-ға жуық бала тәрбиеленуде. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалардың саны шамамен 10 пайызға өсіп жатыр. Сәйкесінше, алдағы 5 жылда мектепке дейінгі ұйымдарға баратын бала саны 2 млн 200 мыңнан асады деп болжанған. Демек, сұраныс артады. Өткен жылы өңірлерде 64 мың орынға арналған 561 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Жалпы, барлық балалар үшін тең мүмкіндік қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көлемін ұлғайту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосудың қадамдық жоспары әзірленді. Ал мемлекеттік тапсырыс көлемін бекіту мен балаларды орналастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде».

Ведомство бұдан өзге біз жоғарыда келтірген қай өңірлердегі жағдай тұрақты екенін атап көрсеткенімен, антистатистика көшбасшылары туралы ештеңе демеді. Бұл тізімді елорда мен Алматы қаласы бастап тұрғанын жоғарыда айттық. Мұндағы кезек екі қаланы қоса алғанда 80 мыңға жуық. Нақты көрсеткіштер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алматы және Астана қалалық білім басқармаларымен сөйлестік.

«Астанада 648 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 546-сы жекеменшік. Тәрбиеленушілердің жалпы саны 72 мыңнан асады. «Индиго» ақпараттық жүйесінде 0-6 жас аралығындағы 40 мыңнан астам бала кезекте тұр. Орын жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында 2023 жылдан бері жекеменшік балабақшаларға жыл сайын 10 мың мемлекеттік тапсырыс орналастырылып келеді», – дейді Астана қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бөлімінің басшысы Лаура Алеуханова.

Ал Алматы қалалық білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бөлімінің бас маманы Эльмира Хасенова:

«Қазіргі таңда Алматы қаласында 1 жастан 6 жасқа дейінгі 83 мың баланы қамтитын 1025 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 829-ы жекеменшік. 743 жекеменшік балабақшада 49 мың мемлекеттік тапсырыс берілген. Кезекке келер болсақ, жолдама алуды 40 мыңнан астам бала күтіп отыр», – дейді.

Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің жартысынан астамына қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлердің жай-күйінің қандай екені жайлы газетіміздің өткен сандарында айттық (№5, 28 қаңтар 2025 жыл). Ал мемлекеттік мекемелердің құрылысы қарқынды емес. Сонда сұраныс пен қажеттілік қазіргідей арта берсе жағдай не болмақ? Бұл туралы демография ғылымдарының докторы, Прагадағы Карлов университетінің түлегі Аида Есімхановадан сұрадық.

«Біздің елде үлкен демографиялық дифференциация байқалады. Мәселен, солтүстік өңірлерде туу көрсеткіші өте төмен. Ал оңтүстікте салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарға деген көзқарастың сақталуына байланысты жоғарырақ. Соған сай әр өңірдегі қажеттілік те әртүрлі. Жалпы ахуалды алсақ, қазіргі кезең туу көрсеткіші жоғары кезеңнің аяғы деп болжауға негіз бар. Карантин кезіндегі «беби бум» өтті. 1980 жылдардың соңында дүниеге келген қыз-келіншектер 4-ші, 5-ші балаларын дүниеге әкелуде. 1990 жылдары дүниеге келген аналар да босанып жатыр. Бірақ ары қарай бала туу көрсеткіші төмендейді деп күтіледі. Себебі ана болатын жасқа 2000 жылдары туылған қыздар келді. Ал олардың дүниеге бала әкелуге қатысты ойлары өзгеше, өмірлік құндылықтары басқаша. Демек, қазір сұраныс шарықтау шегінде. Мұндай жоғары қажеттілік алдағы онжылдықта сақталады. Балабақшадағы кезек артпаса, кемімейді. Одан кейін ғана сұраныс төмендеуі немесе бір қалыпқа түсуі мүмкін.

Негізгі болжам өсімге емес, кемуге жасалып отыр. 2024 жылы туу көрсеткіші 2023-пен салыстырғанда 20 мыңға аз. Биыл да одан асып түседі деп күте алмаймыз. Алайда геодемографиялық ерекшеліктерді есепке алған жөн. Жоғарыда айтқанымдай, кей өңірлерде туу көрсеткіші азайса, басқаларында керісінше арта береді. Сол секілді, миграциялық динамиканы да ұмытпағанымыз дұрыс. Демек, балабақшаға да, басқа әлеуметтік салаларға да сұраныс арта беретін өңірлер болады. Оған қазіргі жағдайда үш ірі мегаполисіміз бен оңтүстіктегі қалаларды жатқыза аламыз. Әлеуметтік салаларды осы геодемографиялық ерекшеліктерге сай дамыту қажет. Осы уақытқа дейін геодемографиялық «подход» болмағандықтан, қазір осындай мәселелерге ұшырасып отырмыз».

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: