Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:07, 17 Тамыз 2022

Балабақшаларды лицензиялау кімдерге ұнамайды?

None
None

Биыл үшінші мегаполис-Шымкентте мектеп табалдырығын 28 мың бала аттайды. Қалалық білім басқармасы басшыларының айтуынша, бұл рекордтық көрсеткіш.

Жалпы, тұрғындарының саны бүгінде миллионнан асқан  Шымкентте оқушы саны соңғы жылдары зор қарқынмен көбейіп келеді. Бұл әрине, өз кезегінде білім ұяларын көптеп салуды, олардың материалдық техникалық базасын жақсартуды қажет етеді.

Шымкент қаласының бес жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін мегаполисте 86 079 орынға арналған 101 мектеп салынуы тиіс. Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілген. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл қалада 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады.

Ал бүгінгі таңда қаладағы балабақша кезегінде тұрған 88 429 баланың  88,6 пайызы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Биыл мегаполисте екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралып отыр, 28 балабақша ашу (2 480 орынға) жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтары және мектепішілік түрлі үйірмелерде жалпы шәкірттердің 76 пайызы қосымша білім алады. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушыларына 100 пайыз ыстық тамақ беріледі. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілді. Тамақ сапасын бақылау мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңестер мен ата-аналар комитеті тарапынан құрылған комиссияларға жүктеліп отыр.

Жаңа оқу жылының басты жаңалығының бірі – мектеп формасының нақтылануы. Яғни бұған дейін мектеп формасының түсін әр білім беру мекемесі өзі таңдауға құқылы болса, биыл әр өңірге біртүсті форма белгіленіп отыр.

– Жыл сайын оқу жылы қарсаңында көп талқыланатын тақырыптың бірі – мектеп формасы. Мектеп формасының түсін биыл әр мектеп емес, өңір таңдайтын болды. Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Бұл мектеп ауыстыратын оқушылар үшін де тиімді. Енді ата-ана баласы мектеп ауыстырғаны үшін жаңа форма алуға мәжбүр болмайды. Мектеп формасына әр мектептің эмблемасын тағуға ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, биыл 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түсті. Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр, – дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.

Ендігі мәселе балабақшаларды лицензиялауға қатысты. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қазір балабақшаларды лицензиялау тетігі қарастырылуда. Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиеваның айтуынша, мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы басталуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді. Бұл балаларды сапалы біліммен және жайлы ортамен қамту үшін жасалған қадам ғана. Яғни жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар толығымен лицензиялаудан өтеді.

Шымкентте бүгінде мектепке дейінгі 577 білім беру ұйымы бар. Барлық талаптар сақталған, ата-ананың сұранысын қанағаттандыра алатын балабақшалар аз емес. Алайда, сапасына сын айтылатындар да жетерлік.

— Сіз жертөлелерде орналасқан, канализациялары жоқ, арнайы білімі бар маманмен қамтылмаған, балалар үшін қауіпсіз орта жасақталмаған балабақшаға балаңызды берер ме едіңіз?  Министрлік тарапынан лицензия беру – мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы болғанымен, жалғыз тетігі емес. Педагогтердің біліктілігін арттыру, жан басына қаржыландыруды дамыту, бағдарламаларды жетілдіру және басқа да жұмыстарды жүргізуде. Өздеріңізге белгілі, елімізде мектеп, колледж, жоғары оқу орындары лицензиямен жұмыс істейді. Соңғы үш жылда жекеменшік мектептердің саны 5-еуден 70-ке өсті. Ол нені білдіреді? Ол лицензиялаудың жекеменшік мектептер ашу үшін ешқандай да кедергі еместігін, қойылған талапты орындауға болатынын білдіреді. Сондықтан дәл осы тәртіп енді балабақшаларға енгізілуде. Барлығы деп айта алмаймын, көптеген балабақшалардың құрылтайшылары мен иелері лицензия беру жүйесін қайта енгізуді қолдап отыр. Ал кейбіріне бұл талаптар ұнамайды. Себебі сапасыз балабақшалар мен балаларды ұрып-соғу фактілерін ешкім жоққа шығара алмайды. Қойылып отырған талаптар бала қауіпсіздігі үшін міндетті екенін түсінуіміз керек, – дейді Жанат Тажиева.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкентте білім ұяларының директорларын ротациялау шаралары да қызу жүріп жатыр.

Тегтер: