Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:10, 20 Шілде 2021

Балаева бір нәрсені білген соң айтады

None
None

     Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік органдарды қазақ тіліндегі ақпараттарға баса мән беруге шақырды.

      «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңына сәйкес, барлық мемлекеттік органдарда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша анықталған уәкілетті тұлғалар осы мәселелерді бақылауда ұстауы тиіс. Демек, олардың тарапынан тиісті түрде мониторинг, үйлестіру және бақылау жүзеге асырылмайды. Мемлекеттік орган басшыларының назарын осыған аударамын. Қазақ тіліндегі ақпараттарға үлкен назар аудару керек. Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды. Бірақ әлі күнге дейін парақшаларымыздағы қазақ тіліндегі ақпараттарды дұрыстай алмай отырмыз. Осыны ескеріңіздер», – деді министр Аида Балаева кейбір басшыларға.

      Расы керек, осы уақытқа дейін кез келген министрдің тарапынан мұндай шынайы пікір айтылған жоқ. Бұл ақиқат нәрсе. Біз барған сайын қоғамда айқындалып келе жатқан бір нәрсені мойындауымыз керек. Қазір қазақ тіліне деген сұраныс артты. Бұл басымдық қазірдің өзінде көріне бастады. Қазақ аудиториясына деген сұраныс та артты. Алайда мұны мойындамай отырған кімдер? Билік пе, жоқ әлде орыстілді аудитория ма?

       Біріншіден, біздің жалтақ билік осы күнге дейін отандық медианарықта қазақтілділер үлесінің басым екенін білсе де, ресми түрде мойындай алмай отыр. Қазақстанда бар-жоғы  3,5 миллион орыс тұрады, бұл – халықтың жалпы санының 19 пайызы. Демек, барған сайын орыс халқының саны кеміп келеді. Болашақта Қазақстанда қартайған орыс ұлтының өкілдері ғана қалуы мүмкін. Жастарының бәрі тарихи Отаны – Ресейге көшіп жатыр. Биыл күзде Қазақстанда болатын халық санағы көп нәрсені нақты айқындап беруі тиіс. Дәл осы халық санағына байланысты биліктің ұлттық саясатының стратегиясы өзгеруі керек. Бұл 1995 немесе 2005 жылдар емес. Қазір қазақтың үні батыл. Тоқаев талап еткен  «еститін үкімет» пайда бола бастады. «Қазақ әлемінің» мәселелері шешімін табуы тиіс. Соның бірі – министр Балаева атап өткендей, «халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды».

       Ал министр айтып отырған нақты шындықты боямасыз түрде қалай жүзеге  асыруымыз керек? Ол үшін заң қабылдануы тиіс. Бұрынғыдай «Тілдер туралы» заң емес, «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданғаны және оның жүзеге асқаны дұрыс. Егер мемлекеттік тіл туралы заң бұрмаланып жатса, тиісті мекемелерге айыппұл салынуы тиіс. Сонда ғана олар қазақ тілінің құдіретін сезінетін болады. Бұл мәселе жуырда қабылданатын «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңында да айқын көрініс табуы тиіс. Осындай бұлжымайтын қатал заң негізінде ғана қазақ тілінде толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік туады. Әңгіменің бәрі заңға тіреліп тұр. Ал бүгінгі билік қазақ ұлтының мүддесіне басымдық бергісі келмейді. Ақпарат алуда кедергілер көп. Қазақтілді контенттің көкжиегі кеңейе бастады. Пайыздық тұрғыдан алғанда, оқырманда да басымдық бар. Сондықтан басқа этностың көңіліне қарап, өмір сүретін уақыттың өтіп кеткенін біздің жалтақ билік түсінуі тиіс.

       Министр Балаева «халықтың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды» деп бекер айтып отырған жоқ. Министр бір нәрсені білген соң  айтады. Оның позициясы дұрыс. Бізге де керегі – ең алдымен қазақ тіліндегі ақпараттық қолжетімділік. Еліміздегі кез келген жеке және мемлекеттік мекемеден немесе министрліктен ақпарат таза қазақ тілінде алынса, соғұрлым сенім де күшейе түседі. Мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздік те бірінші орынға шығады. Ал бізде бәрі керісінше. Алдымен орысша жазылады. Ол қойыртпақ тілде қазақшаға аударылады. Сондықтан халықтың ең алдымен қазақ тілінде ақпарат алуына мүмкіндік жасайтын кез жетті. Мұны кез келген министрліктің дәлізінде жүрген шенеуніктер жете түсінуі тиіс.

Тегтер: