Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:09, 15 Маусым 2022

Балаға қайыры жоқ балалар жылы...

None
None

Қаптаған шенеуніктен не пайда, әлеуметтік мәселе күрделеніп барады

Кешегі аптада елімізде 17 бала қайтыс болыпты. Бір-ақ аптаның ішінде 7 бала суға кетсе, 4 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал 3 бүлдіршін жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болып, 2 cәби ата-анасының қарауынсыз қалуы салдарынан о дүниелік болыпты. Тағы бір баланы ит талап өлтірген. Қанша жерден биылғы жылды «Балалар жылы» деп ат қойып, айдар тақсақ та балаларға деген қамқорлығымыз ауыз толтырып айтарлықтай болмай тұр.

Билік ауыс-түйістен қолы босамай, бөліп қосып, өз өздерімен әуре болып жүргенде азық-түлік бағасы қымбаттаған үстіне қымбаттап, елдің әлеуметтік жағдайы күрделеніп, ең аяғы балалар мәселесі де ушығып барады. Шын мәнінде еліміздегі мәселелерді азайтуға септігін тигізбесе қаптаған құрылым мен шенеуніктен пайда бар ма?! Басқасы басқа, қоғамымыздың ең кішкентай мүшелерінің мәселесін шеше алмаса биліктегі қызметіне ат ауыстырып, аяқ суытатын, қара басының ғана жағдайын күйттеп қараудың соңы қалай боларын көзіміз көріп отыр.

Осы орайда айта кетер жайт негізі өткен жылы елімізде шенеуніктер санын қысқарту мәселесі көтерілген болатын. Тіпті өткен жылдың желтоқсан айында премьер-министр Асқар Мамин мемлекеттік органдардағы штат санын қысқарту туралы қаулыға қол қойып, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін еліміздегі шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер санын азайтуға пәрмен берген еді. Ықшам әрі тиімді үкімет құру арқылы ел бюджетін де үнемдеу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген болатын. Алайда байқап қарасақ, бір жағынан қысқартамыз деп екінші жағынан облысты да, министрліктерді де бөлшектеп бөлу арқылы мемлекеттік қызметкерлер санын қайта көбейтіп жатқан секілдіміз.

Тіпті мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Қарап отырсақ, Қазақстан экономикасында істейтіндердің 21 пайызы шенеуніктер немесе ұлттық компаниялардың менеджерлері екен. Яғни біздің елімізде шенеуніктер саны басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте көп. Мәселен, Америкада – 14%, Австрияда – 10%, 128 миллион халқы бар Жапонияда небәрі 9 мың ғана шенеунік бар. Ал бізде 18 миллион халыққа 100 мың шенеунік бар. Жапонияда бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке 180 адам. Яғни бізде шенеуніктер саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық? Осыдан кейін Қазақстан мен Жапонияның жағдайын салыстырыңыздар» деген болатын. Расында да мәселеңді жеткізіп, айтайын десең тыңдайтын құлақ, шешетін шенеунік таппайсың. Ал көптігінен көз сүрінетін шенеунікті көбейтуден пайда бар ма?!

Шын мәнінде шенеунік санымен өлшейтін болсақ елімізде күрделенген әлеуметтік мәселелер мұншалықты қордаланбас еді, балаларымыз тумай жатып өмірден безіп суицид жасамайтын еді, тіпті баладан бұрын иттің құқығы қорғалған қоғамда ит баланы талап жатса да не істерімізді білмей отырмас едік. Айтпақшы, бір баланы ит талап өлтіргені аздай, 5 маусым күні Алматы облысында жеті жасар қызды екі алабай қатар талаған оқиға да тіркелді. Жеті жасар қыздың денесінде ит тісі тимеген жері қалмаған, ал бетіне пластикалық операция жасау үшін сол баяғы халық он бес миллион теңге ақша жинап берді. Ал заң арқылы қорғауы тиіс үкімет үнсіз. Иттің иесі бар болғаны қызға емі үшін отыз мың теңге берген. Одан әрі итті де, иесін де жазалауға заңымыз әлсіз болып тұр. Дұрысында, балаларды қорғау туралы заңымыздан былтыр ғана қабылданып, биылғы жылдың наурыз айынан бастап негізгі баптары күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы көшеде иттерді қаптатып, балаларымызды талатуға жол ашып отыр. Осылайша қоғамымызда баладан гөрі иттің құқығы жақсырақ қорғалғанына көзің жете түседі.

Ересектер түгілі балалар мәселесін шеше алмай отырып шенеуніктерді судай сапырылыстырып, депутат болғанына үш ай толмай жатып, орнынан жұлып алып, басқа қызметке ауыстыру, барған жерінен нәтиже шығармай жатып одан әрі жоғарылату жалпы кадр саясатындағы тұрақсыздық қоғам үшін қаншалықты қажет еді?!

Сондықтан қоғам мен халыққа пайдасы жоқ, қайыры қара бастарынан ауыспайтын ауыс-түйіске ауыз ауыртпай-ақ қойсақ та болатын шығар. Сұрайтынымыз «Балалар жылы» балалар мәселесін шешуге мұрындық болса екен. Мәселен, статистика балалар суицидінің жыл өткен сайын артып бара жатқанын көрсетіп отыр. Еліміздегі өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының 60 пайызы жасөспірімдерге тиесілі екенін статистика көрсетіп отыр. Яғни 2021 жылдың соңғы алты айында 15-17 жас аралығындағы 105 кәмелетке толмаған жасөспірімнің өмірі өліммен аяқталған. 200-ге жуық жеткіншек өзін өлтіруге талпынған. Өкініштісі сол Орта Азия мемлекеттері арасында Қазақстан өзін-өзі өлімге қию жағынан үшінші орында тұр екен. Қазақстан халықтың тұрмысына қолайлы ел болса, ересектеріміз шетел асып, балаларымыз о дүниеге қаша ма?! Шенеуніктеріміз әр қызметке жоғары қарай өрлейтін баспалдақ ретінде емес, елге қандай пайдам тиеді деп қараса, еліміздің әлеуметтік мәселелері мұншалықты күрделенбес те еді… Сондықтан бұл ауыс-түйістен де ештеңе күтпеймін…  

Тегтер: