Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:53, 08 Шілде 2025

Балалар әдебиеті түлеп келеді: "Дала қыраны – кие" атты жаңа кітап жарық көрді

1
Фото: АСБК / Ержан Құрманбай

Кейінгі жылдары балалар әдебиеті қазақ баспа кеңістігінде жаңа серпін алып келеді. Ертеректе көркем шығармалар саны көп болғанымен, олардың көбісі әлем әдебиетінен аударылған еді.

Ал қазір отандық қаламгерлер өз кейіпкерлерін, өз табиғатын, өз әлемін жас ұрпаққа таныстыруға кірісті. Осы үдерісте экология, табиғат, жануарлар әлемі тақырыбына арналған еңбектердің орны бөлек. Себебі мұндай дүниелер тек танымдық тұрғыда емес, тәрбиелік жағынан да маңызы зор. Соның айқын дәлелі – 2025 жылғы 8 шілде күні Астанада таныстырылған "Дала қыраны – кие" атты балаларға арналған көркем-танымдық кітап.

Шынайы оқиғалар негізінде жазылған көркем шығарма

Кітаптың авторы – суретші әрі прозашы Дарья Скляренко. Ол бұл туындысын тек әдеби немесе ғылыми емес, эмоциялық және көркем құралдар арқылы жеткізуді жөн көрген. "Кье" деп аталатын басты кейіпкер – дала қыранының өмірі арқылы автор жас оқырманды табиғат әлемінің қиындықтарымен, қауіп-қатерімен, тіпті алғашқы махаббат сезімімен де таныстырады. Бірінші ұшып көтерілу, алғашқы жыртқышпен бетпе-бет келу немесе серігінен айырылу – мұның бәрі табиғи ортадағы тіршіліктің нағыз көріністері.

Кітап ерекше иллюстрациялармен безендірілген. Акварель техникасы арқылы суретшінің қолынан шыққан әр парақ даланың исін, құстың тынысын, табиғаттың үнін жеткізіп тұрғандай. Бұл тәсіл оқырманның жүрегіне де әсер етеді.

Дарья Скляренко
Дарья Скляренко. Фото: Ержан Құрманбай

Кітаптың көркемдік ерекшелігі мен тәрбиелік маңызы

Дарья Скляренко бұл еңбегінде тек қыранды ғана емес, тұтас далалық экожүйені таныстыруға тырысқан. Кітапта түрлі өсімдіктер, ұсақ аңдар, тіпті климат ерекшеліктері де табиғи түрде сипатталады. Автордың айтуынша, балаларға экологияны құрғақ тілмен емес, эмоциямен, бейнелеу арқылы жеткізу маңызды. Сонда ғана оларда табиғатқа жанашырлық, қоршаған ортаға деген ішкі жауапкершілік қалыптасады.

Бұл – кітаптың басты жетістігі. Ол баланы оқытпайды, үйретпейді – сезіндіреді. Әсіресе, қалада өскен балалар үшін дала әлемімен көркем түрде танысу – таптырмас мүмкіндік.

Презентация: ғылым мен өнер тоғысы

Астанада өткен таныстырылымға экобелсенділер, мұғалімдер, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Жиын барысында орнитолог мамандар Руслан Уразалиев пен Алексей Тимошенко дала қыранының табиғи ортасы, оның жойылып кету қаупі және ғылыми зерттеу жұмыстары жайлы баяндама жасады. Кітаптан үзінділер оқылып, автордың қолынан шыққан суреттерден көрме ұйымдастырылды. Балалар өз сұрақтарын қойып, тіпті қыран құстың кейбір дауыстарын да тыңдады.

Білім беру жобалары және қолжетімділік

Кітап жекелеген сату үшін емес, әлеуметтік мақсатта жарық көрді. Жобаны Ұлыбритания үкіметі, The Earthshot Prize халықаралық қоры және TAN Art Residency қолдады. Басылым Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) бастамасымен жүзеге асты. Енді бұл кітапт еліміздің ауыл мектептеріне, кітапханалар мен экология бағытындағы білім мекемелеріне тегін таратылады. Сонымен қатар, оның негізінде ашық сабақтар мен далалық зерттеу сағаттары ұйымдастырылмақ.

Жануарлар туралы жазу – аудармашы үшін үлкен сынақ

Кітапты қазақ тіліне аударған филолог, редактор Назгүл Қожабек бұл жұмысты жай ғана орыс тілінен аудару емес, «қыранның өз тілін» түсініп, соны қазақ оқырманына жеткізу әрекеті деп сипаттайды. Бұдан бөлек «Кье» сөзін қазақша «кие» деп алдық дейді.

Аудармашының айтуынша, жан-жануарларға қатысты мәтінмен жұмыс істеу әрдайым ерекше жауапкершілікті талап етеді. Мұнда сөздің дәлдігі ғана емес, тіршілік иесінің табиғатын терең түсіну қажет. «Кейде өзімді құстың ойын, сезімін жеткізетін аудармашыдай сезіндім. Бұл тіпті әдеби емес, биологиялық-мәдени аударма сияқты», – дейді Назгүл Қожабек.

Ол өз жұмысында бұрыннан қазақ мәдениетінде қолданылып жүрген құсбегілік терминдеріне сүйенген. Мәселен, дала қыранының балапаны – ақүрпек, еркегі – сарша немесе шәулі, ал ұрғашысы – ұябасар деп аталады. Бұл атаулар кітаптың қазақша нұсқасына енгізіліп, оған ұлттық реңк пен шынайылық береді.

Назүл Қожабек
Назүл Қожабек. Фото: АСБК

«Көші-қон» емес – «ауа ұшу»

Аударма барысында Назгүл Қожабек құстардың маусымдық қозғалысын білдіретін қалыптасқан «көші-қон» немесе «қоныс аудару» секілді терминдердің орнына «ауа ұшу» деген жаңа тіркесті қолдануды жөн көрген. Бұл тіркес қазақтың дәстүрлі дүниетанымына да, табиғатты бейнелеу тілінің нәзіктігіне де жақын. Мұндай тілдік жаңалықтар оқырманды ғылыми дерекке емес, тірі бейнеге жақындатады.

Қыранның жасы – оның есімі

Кітаптың қазақша нұсқасы орыс тіліндегі түпнұсқадан тағы бір ерекше тұсымен ерекшеленеді: дала қыранының жасына қарай атаулары арнайы берілген. Мысалы, бір жасқа толмаған қыран – қарақанат, екі жастағысы – тірнек, ал үшке толғаны – тастүлек деп аталады. Мұндай атаулар қазақтың құсбегілік дәстүрінен алынған және олар құстың өмір кезеңін, мінез-құлқын сипаттауға көмектеседі.

Назгүл Қожабек бұл атауларды жинақтау барысында қазақтың аңшылық, құсбегілік дәстүрі туралы жазған Бекен Қайратұлының еңбектеріне сүйенген. «Ақүрпек» атауы көбірек танымал болғанымен, «темірқанат», «қарақанат», «тірнек», «тастүлек» секілді ұғымдарды мұқият іздеп, салыстырып, таңдауға тура келгенін айтады.

Басты айырмашылық – адам емес, аң-құс жайлы

Аудармашының айтуынша, мұндай еңбекті аударудың ең басты қиындығы – оның адам емес, табиғи жаратылыс жайлы екенінде. Адам туралы жазылған мәтінде эмоция мен логиканы түсіну оңай. Ал аң-құс туралы еңбекте табиғатпен үндесу, сезіну және ішкі түйсік арқылы аудару керек. «Сол себепті мен бұл еңбекті қыран тілінен аударылған кітап деп те атаймын», – дейді ол.

1
Фото: АСБК

Дала қыраны – қандай құс?

Aquila nipalensis – дала қыраны – Қазақстан аумағында жиі кездесетін, бірақ жойылып кету қаупі бар жыртқыш құс. Ол Қызыл кітапқа енгізілген. Біздің еліміз – осы құстың әлемдік популяциясының 70 пайызы шоғырланған басты орталық. Бұл Қазақстанға үлкен экологиялық жауапкершілік жүктейді.

Дала қыраны – өте зерек, сақ және батыл құс. Ол ұя салуға қолайлы орынды мұқият іздейді, балапанын ерекше қамқорлықпен қорғайды. Ауада қалықтап, кеңістікті шолып ұшуы – еркіндіктің символындай. Қазақ халқы оны ежелден киелі санаған. Қыранның бейнесі еліміздің көк байрағында да бедерленген. Ол тәуелсіздік пен рух биіктігін білдіреді.

Алайда соңғы жылдары браконьерлік, электр бағандарына соғылу, экожүйе өзгерістері мен қоныс аудару жолдарының бұзылуы секілді факторлар дала қыранының санын күрт азайтып жіберді. Осы себепті оның сақталуы үшін ғылыми да, мәдени де, тәрбиелік те жұмыс қатар жүруі тиіс.

Болашақ – табиғатты танудан басталады

Кітап тек құс туралы емес. Ол – болашақ туралы. Балаларға табиғатты танытудың, табиғатты сүюге үйретудің ең тиімді жолы – көркем әдебиет. "Дала қыраны – кие" осы миссияны мінсіз атқарада деп ойлаймыз. Ол балаға дала өмірін тануға мүмкіндік береді, қоршаған ортаны таныстырады. Табиғатқа бей жай қарамауға үйретеді.

"Табиғатты сақтау – бұл тек мемлекет немесе ғалымдардың міндеті емес. Бұл – әрбір адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі. Ал ол бала күнінен қалыптасуы керек", – дейді кітапты қолдаушылардың бірі, Ұлыбритания елшілігінің өкілі Кэти Котрелл.

"Дала қыраны – кие" – бүгінгі балалар әдебиетінде сирек кездесетін үйлесім үлгісі. Ғылыми дерек пен көркем тіл, сурет пен сезім, экология мен әдебиет – осының бәрі бір арнада тоғысқан.

Кітап несімен құнды?

Кейде адамзаттың қарқынды дамуы бізді тым алыстатып жібергендей – өзіміздің табиғи түп-тамырымыздан. Бетон мен әйнекке байланған қалаларда жүріп, аспандағы қыранның қалықтағанын ұмытып барамыз. Осындайда бала қолына "Дала қыраны – кие" секілді кітап тисе, ол тек құсты емес, өзінің жаратылыспен байланысын қайта таниды. Қиялмен көкке самғайды. Даланы көреді. Еркіндікті сезінеді. Бұл кітап – дала шежіресін қыран қанаты арқылы шертетін үнсіз ұстаз секілді.

Қазақтың көк байрағында самғаған қыран бейнесі бекер тұрған жоқ. Ол – биіктікке, өрлікке, еркіндікке деген ұмтылыстың символы. Ал бұл кітап – сол рухты ұрпақтың жүрегіне сіңірудің көркем жолы.

Тегтер: